Қазақша  |  Русский  |  English

Актерлер

Тлеулиева Толқын Орынбайқызы

Тлеулиева Толқын Орынбайқызы

Артист

Қазақ қуыршақ өнерінің қыр-сырына қанық, ізденіс пен еңбектің, талант пен табандылықтың үлгісіне айналған актриса Тлеулиева Толқын Орынбайқызы.

Ол сыр сүлейлерінің ізі қалған, Қызылорда облысы, киелі Қармақшы топырағында 1978 жылдың 18 наурызында дүниеге келген. Бала жүрегінде бүр жарған сахнаға деген сүйіспеншілік оны қасиетті өнер ордасына жетелеп, 1997–2001 жылдары Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «қуыршақ театры актеры» мамандығы бойынша білім алды. Өнердің өрелі жолын таңдаған актриса 2005 жылдан бері Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрында табанды еңбек етіп келеді.

Өнер жолындағы еселі еңбегінің нәтижесінде мәдениет саласына қосқан сүбелі үлесі үшін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің шешімімен «Мәдениет саласының үздігі» және Қазақстан Театр Қайраткерлері одағының «Дара» төсбелгілерімен марапатталды.

Толқын Орынбайқызы – сан қырлы бейнелерді жанымен сезініп, жүрекпен жеткізе білетін шебер актриса. Оның сомдаған кейіпкерлері көрермен жадында жатталып, есінде сақталады. «Сотқар бұзау», «Құтан мен Қарақшы», «Үш торай», «Аяз», «Атамекен», «Қызыл телпек», «Аладдиннің сиқырлы шамы»,«Буратиноның шым-шытырық оқиғалары», «Түйме қыз», «Қаңбақ шал», «Анасын іздеген Мамонт», «Орман ғажайыптары» сынды тағы да басқа спектакльдерде сомдаған рөлдері оның әр бейнеге жан бітіріп, қуыршаққа тіл, мінез, тағдыр сыйлайтын сирек талант иесі екенін көрсетеді. Сонымен қатар, Толқын Орынбайқызының қатысуымен сахналанған «Ана жүрегі» және «Ана-Жер Ана» спектакльдері Қазақстан, Түркия, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан елдерінде өткізілген Халықаралық қуыршақ театрлар фестивальдерінде шет елдік көрермендер және театртанушылар тарапынан жоғары бағаға ие болып, үздік танылды. Ол сомдаған ана бейнелері көрермен көзайымына айналып, адам жанының терең иірімдерін тербеген тағылымды да әсерлі туындыға айналды. Сахнадағы әр қимылы мен әрбір үнсіз сәтінің өзі аналық мейірім мен шексіз махаббаттың символына ұласып, көрерменді ойға шомдырды, толғандырды. Бұл спектакльдер тек өнер туындысы ғана емес, адам болмысының, аналық жанның ұлылығы мен қайсарлығының шынайы көрінісі ретінде есте қалды.

Толқын Орынбайқызы – сахнаға шырақ жаққан, әр рөлін жүрек сүзгісінен өткізіп, көрерменіне шынайы сезім сыйлайтын дара тұлға. Оның өнер жолы – жас буынға өнеге, театр әлеміне көрік берер асыл мұра.