Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Театр тарихы

       Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры – республика тарихындағы тұңғыш қуыршақ театры. 1935 жылы ашылған театр ордасы таяқ қуыршақтан бастап, бүгінгі заман ағымына сай күрделі марионеткалар, соңғы үлгідегі техникалық-лазерлі көркемдеулермен жабдықталған. «Алдар көсе» және «Өтеген батыр» қойылымын дайындаған қазақ драма театрының артистері Қ.Бадыров, С.Телғараев театрдың тұңғыш режиссерлеры атанды. Сондай-ақ, «Қуыршақ театрының режиссері» курстарын бітірген А.Федорченко, А.Анчаров және арнайы шақыртылған қуаршақ жүргізу шеберлері Д.Липман мен О.Тарасовалар да режиссерлік етті. Л.Хамиди мен Б.Ерзакович сынды көрнекті композиторлар алғашқы қойылымдарды музыкалық жағынан көркемдеді. Театрдың қалыптасуы мен өркендеуі жолында талантты өнертанушылар мен режиссерлер тынбай еңбек етіп, театрдың дамуына өз үлестерін қосты.

85 жылдық терең тарихы бар театр әр елдің шығармаларын ұлттық тілде сахналаумен бірге талантты артистердің, қуыршақ шеберлерінің, режиссерлердің, суретшілердің бірнеше ұрпағын тәрбиелеп шығарды. Елімізде және шет елде өткен халықаралық, республикалық театр фестивалдерінде биік белестерді бағындырған ұжымның алға қойған бағыты мен бағдары да айқын. Ол – қазақтың қуыршақ театры өнерін өркендету, кешегі мен бүгінгі өмір арасын өнердің биік шыңы арқылы шынайы көрсете білу. Бүгінде ұлттың рухани қажеттілігін өтеп отырған театрдың репертуарлық саясатының ауқымы да кең. Репертуардағы отыздан астам қойылымдар орыс және қазақ тілдерінде көрермен назарына ұсынылып отыр.

Өз көрерменін тапқан театрдың бүгінгі тыныс-тіршілігіне көңіл толады. Театр әр жылдары көптеген фестивальдерге қатысып, жүлделі орындарға ие болып, қазақ қуыршақ өнерінің дамуына үздіксіз үлес қосуда:

1964 жылы Ташкент қаласында Халықаралық қуыршақ театрының фестиваліне «Алдар көсе» қойылымымен қатысып, дипломмен марапатталды;

– 1966 жылы Фрунзе қаласында І Халықаралық қуыршақ театрларының фестиваліне А.Исмаиловтың «Алдар көсе» және С.Образцовтың «Большой Иван» спектакльдерімен қатысып, «Үздік спектакль» дипломымен марапатталды;

1969 жылы Ташкент қаласында Халықаралық қуыршақ театрының фестиваліне «Алдар көсе», «Чемпион Қожанасыр» қойылымдарымен қатысып, дипломмен марапатталды;

– 1970 жылы Фрунзе қаласында өткен ІІ Халықаралық қуыршақ театры фестивалінде Ж.Карбоздың «Кербақпай» спектаклі сахналанды;

– 1970 жылы Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтың драматургия және театр өнерінің фестивалінде А.Сулкауридың «Приключение Саламуры» спектаклімен өнер көрсетті;

– 1974 жылы Ташкент қаласында өткен ІІІ Халықаралық қуыршақ театрларының фестивалінде О.Әубәкіровтың «Спорт және Қожа» спектаклімен қатысып, «Ең маңызды тақырыптағы спектакль» дипломымен марапатталды;

– 1975 жылы Фрунзе қаласында өткен (қазіргі Бішкек қ.) қуыршақ театрлары фестивалінде Ж.Қарбозиннің «Кербақпай» спектаклімен қатысып, Құрмет дипломымен марапатталды;

– 1975 жылы Бүкілодақтық көрінісінде «Солдатский котелек» -спектаклі сахналанды;

– 1979 жылы Ташкент қаласында өткен Халықаралық қуыршақ театр фестивалінде О.Әубәкіровтың «Қожа мен спорт» спектаклі үшін «Ең үздік спектакль» дипломымен марапатталды;

– 1980 жылы Мәскеу қаласында өткен КСРО халықтарының Бүкілодақтық драматургия және театр өнері фестивалінде А.Сулкауридің «Приключения Саламуры» спектаклі үшін «Үздік спектакль» дипломымен марапатталды; 

– 1981 жылы Вьетнамда (Кампучия) өткен фестивалінде «Аққұс туралы аңыз» спектаклімен өнер көрсетті;

– 1987 жылы Қостанай қаласында өткен І Республикалық қуыршақ театры фестиваліне «Айболит», «Звездочка» қойылымдарымен қатысты;

– 1990 жылы Петропавл қаласында өткен қуыршақ театрлары фестивалінде «Қаңбақ шал» қойылымы «Көрермендер көзайымы» номинациясын иеленді;

 1990 жылы Архангельск қаласында (Ресей) өткен Халықаралық қуыршақ театры фестивалінде «Қаңбақ шал» қойылымы үшін «Құрмет» дипломымен марапатталды;

 1994 жылы Иран Ислам Республикасы Тегеран қаласында өткен Халықаралық қуыршақ фестивалінде «Қаңбақ шал» қойылымымен қатысып, марапатталды;

 1995 жылы Ташкент қаласында өткен Халықаралық фестивальде «Мелодия друзей» спектаклімен қатысып, марапатталды;

 1997 жылы Жезқазған қаласында өткен фестивальде «Али Баба және қырық қарақшы» қойылымымен қатысып, «Үздік спектакль» номинациясына ие болды;

 1998 жылы Павлодар қаласында өткен фестивальде «Құрманғазы» спектаклімен қатысып, мараптталды;

 2000 жылы Атырау қаласында өткен фестивальде «Аққу Жібек» қойылымымен қатысып, марапатталды;

 2004 жылы Ақтөбе қаласында өткен Халықаралық «Алақай» фестиваліне «Атамекен» спектаклімен қатысты;

 2004 жылы Қытай Халық Республикасында гастрольдік сапарда болды;

 2005 жылы Ақтау қаласында өткен «Ортеке» Халықаралық фестивалінде «Большие приключение маленького лягушонка» спектаклімен қатысып, «Ең үздік қойылым» номинациясымен марапатталды;

 2008 жылы Ресейдегі «Театр кукол – XXI век» Ассоциациясының шақыртуымен Мемлекеттік қуыршақ театры Мәскеу қаласы Орталық шығармашылық қызметкерлер үйінде және «Огниво» қуыршақ театрында (Мәскеу облысы) өнер көрсетті;

 2009 жылы ҚХР Гуанчжоу қаласына гастрольдік сапар, сондай-ақ Түркия Республикасы Бурса қаласында өткен «Қарагёз» фестиваліне «Қуыршақ думан» қойылымымен қатысып, марапатқа ие болды;

 Театрдың шығармашылық ұжымы 2009 жылы қуыршақ жанры саласында қытай және қазақстандық мамандар арасында тәжірибе алмасу және ортақ жобаларды ұйымдастыру мақсатында Гуанчжоу қаласында (ҚХР) гастрольдік сапарда болды;

 2010 жылы Чехия Республикасы Прага қаласында өткен Халықаралық қуыршақ фестивалінде «Қаңбақ шал» қойылымымен қатысып, марапатталды; 

 2011 жылы Жапония Мемлекетінің Иида қаласында Халықаралық қуыршақ театрларының фестивалінде «Қаңбақ шал» қойылымымен қатысып, марапатталды;

 2011 жылы Болгария Республикасы Бургас қаласында өткен фольклорлық фестиваліне «Дала керуені» қойылымымен қатысты;

 2011 жылы Алматы қаласында Дүниежүзілік қуыршақ театрлары карнавалында өнер көрсетті;

 2013 жылы Астана қаласында өткен Ортеке III Халықаралық қуыршақ театрларының фестивалінде «Как лечить львиный страх?» спектаклімен қатысып, «Ең үздік актерлік жұмыс» номинациясымен марапатталды;   

 2014 жылы Қырғызстан Республикасы Бішкек қаласында өткен В.Швембергердің 120 жылдығына арналған фестивальде  «Каштанка» қойылымымен қатысып, «Бас жүлдеге» ие болды;

 2014 жылы Алматы қаласында Дүниежүзілік қуыршақ театрлары карнавалында өнер көрсетті;

 2014 жылы жас режиссерлардың қойылымының арасында «Каштанка» спектаклі «Бас жүлдеге» ие болды;

 2015 жылы өткен ІV Халықаралық қуыршақ фестивалінде Үнді, Грекия, Германия, Түркмения, Грузия т.б. театрларын баса озып, режиссер К.Адыловтың сахналауындағы «Каштанка» қойылымымен (авт.: А.Чехов) «Бас жүлдені» иеленді;

 2017 жылы 25-29 мамыр аралығында театр ұжымы Бішкек қаласында (Қырғызстан  Республикасы) М.Жанғазиев атындағы Мемлекеттік қуыршақ театрының ұйымдастыруымен өткен драматург, режиссер, қуыршақ театрларының негізін салушы Виктор Александрович Швембергердің 125-жылдығына орай ІІ Халықаралық «Так-теке» қуыршақ театры фестиваліне қатысып, А.Чеховтың «Каштанка» ертегісі үшін «Классикалық шығарманы қуыршақ жанрында көрсеткені үшін» номинациясымен, қоюшы режиссері Қ.Адилов «Ең үздік режиссер» номинациясымен, сондай-ақ Қырғыз театр қайраткерлері одағының арнайы дипломымен марапаттады;

 2017 жылдың 28 мамырында Кишинев қаласында (Молдавия Республикасы) өткен «Под шапкой Гугуцэ» атты Халықаралық қуыршақ театрлары фестиваліне театр ордасы халық ертегісі «Қаңбақ шалды» жиырма бес мемлекеттен келген өнер өкілдерінің назарына ұсынып, «Ұлттық дәстүрді насихаттағаны үшін» және театр директоры Т.Есеналиев «Үздік менеджер» дипломымен марапатталды;

 2017 жылдың 5-9 маусым аралығында Татарстан Республикасында өткен ХІІІ Халықаралық «Наурыз» фестиваліне драматург Ә.Файзуллаұлының «Алтын адам» эпикалық спектаклімен қатысты (реж.: Ю.Уткин);

 Анкара муниципалитетінің ұйымдастыруымен Түркия Республикасында 2017 жылдың 1-9 тамызында өткен Халықаралық VII театрлар фестивалінде театр ұжымы «Қуыршақ думан» (авт. және реж.: С.Шүкіров, Қ.Ешмұратова) қойылымымен қатысып, арнайы дипломмен марапаталды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Түркия мемлекетіндегі елшісі Абзал Сапарбекұлының арнайы алғыс хатына ие болды;

 2017 жылдың 2-8 қыркүйек аралығында Астана қаласында өткен Қайрат Сүгірбеков атындағы І Республикалық драма театрларының жас режиссерлерінің арасында өткен форум-фестиваліне режиссер Р.Жаныаманов сахналаған Ж.Омаровтың «Құлыншақ пен бөлтірік» ертегісімен қатысып, арнайы дипломмен марапатталды;

 2017 жылдың қазан айының 19-27 аралығында Түркия Республикасында өткен III Халықаралық Анкара фестивалінде «Қуыршақ думан» (авт. және реж.: Қ.Ешмұратова, С.Шүкіров) және «Арыстанның үрейін қалай емдейміз?» (авт.: М.Дългечева, реж.: Э.Тотева-Андотова) қойылымдарын ұсынды. Фестиваль барысында қойылымдардан тыс театр артистеріне арнайы дәрістер, семинарлар оқылып, қуыршақ театр өнеріне байланысты көрмелер ұйымдастырылды;

 2018 жылдың ақпан айының 1-15 күндері аралығында Франция, Ұлыбритания, Ресей, Германия, Өзбекстан және Қазақстанның үздік өнер ұжымдары қатысып, бақ сынап, өзара тәжірибе алмасқан «Откровение» V Халықаралық орындаушылық өнер фестиваліне театр ұжымы «Ана жүрегі» (авт.: Е.Ионов, реж.: А.Зайцев) спектаклімен қатысып, кәсіби сарапшылардың жоғары бағасына ие болды;

 2018 жылдың сәуір айының 20-22 күндері аралығында Ақтөбе қаласында өткен Т.Ахтановтың 95 жылдығына арналған III Халықаралық «Balausa» фестиваліне өнер ордасы «Ана-Жер Ана» (авт.: Ш.Айтматов, реж.: Д.Жұмабаева) спектаклімен қатысып, алғыс хатқа ие болып, актриса Д.Иса «Әлиман» ролі үшін «Ең үздік дебют» номинациясын иеленді;

 2018 жылдың қыркүйек айының 22-27 күндері аралығында Ақтөбе қаласында өткен «Ассалаумағалейкум – V» Халықаралық қуыршақ театрларының фестиваліне театр ұжымы «Ана жүрегі» (авт.: А.Ионов, реж.: А.Зайцев) қойылымымен қатысып, бас жүлде мен «Ең үздік қойылым» номинациясын иеленді;

 2018 жылдың 22-29 қазан аралығында театр ұжымы Душанбе қаласында Тәжікстан Республикасы өткен «Чодари хаёл» VI Халықаралық қуыршақ театрларының фестиваліне «Ана жүрегі» (авт.: А.Ионов, реж.: А.Зайцев) қойылымымен қатысты;

 Өнер ордасы 2018 жылдың 10-14 қараша күндері аралығында Өскемен қаласында өткен Рүстем Есдәулетов атындағы II Республикалық театр фестиваліне Еврипдтің «Медея» (реж.: А.Салбан) трагедиясымен қатысып, облыс әкімі атынан Р.Есдәулетов атындағы «Арнайы сыйлық» және «Ең үздік режиссер» номинацияларымен марапатталды;

 2018 жылдың 12-17 қараша күндері аралығында Қырғызстан Республикасы Бішкек қаласында өткен «Айтматов және театр» Халықаралық фестиваліне «Ана–Жер Ана» (авт.: Ш.Айтматов, реж.: Д.Жұмабаева) қойылымымен қатысып, «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» марапатына ие болды;

 2019 жылдың 26 ақпаны мен 6 наурыз аралығында Ресей Федерациясы, Челябинск қаласында өткен «CHELoBEK ТЕАТРА» кіші формада сахналанатын спектакльдердің VII Халықаралық театр фестиваліне «Ана-Жер Ана» (авт.: Ш.Айтматов, реж.: Д.Жұмабаева) қойылымымен қатысты;

 2019 жылдың маусым айының 1-9 күндері аралығында Татарстан Республикасы, Казань қаласында өткен «Науруз» XIV Халықаралық театр фестиваліне «Ромео мен Джульетта» (авт.: У.Шекспир, реж.: Д.Жұмабаева) спектаклімен қатысты;

 Аталмыш жылдың 20-30 маусым күндері аралығында театр ұжымы XIV Халықаралық «КукART» театр фестивалінде абыроймен өнер көрсетті. 24 маусым күні Ресей Федерациясы, Санкт-Петербург қаласының музыкалық «Зазеркалье» театрының сахнасында «Ана жүрегі» (авт.: А.Ионов, реж.: А.Зайцев) қойылымымен бақ сынаған өнер ордамыз «Үздік спектакль» және «Үздік актерлік ансамбль» номинацияларын жеңіп алды;

 2019 жылдың 24-30 қыркүйек күндері аралығында Ресей Федерациясы, Омбы қаласында өткен «В гостях у Арлекина» VI Халықаралық театр фестиваліне өнер ордамыз  «Ана жүрегі» (авт.: А.Ионов, реж.: А.Зайцев) спектаклімен қатысты.

 Сондай-ақ, 2019 жылдың 19-27 қазан аралығында Түркия Республикасы, Анкара қаласында өткен V Халықаралық «Анкара» қуыршақ театрлар фестиваліне  «Ана жүрегі» (авт.: А.Ионов, реж.: А.Зайцев) қойылымымен қатысты.

 2019 жылдың 30 қазан – 4 қараша күндері аралығында Көкшетау қаласында өткен «ТеART-Көкше» I Халықаралық театр фестиваліне «Ана жүрегі» (авт.: А.Ионов, реж.: А.Зайцев) қойылымымен өнер көрсетті;

 2019 жылдың 15-18 желтоқсан күндері аралығында Қарағанды қаласында өткен «Кукляндия» I Халықаралық қуыршақ театрлар фестиваліне «Қуыршақ думан» (авт. және реж.: С.Шүкіров, Қ.Ешмұратова) қойылымымен қатысты.

 Сонымен қатар, 2020 жылдың ақпан айының 13 күні театр ұжымы «Айко және Страшко» (реж.: Д.Бурман) қойылымы үшін Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің «Сыншылар жүлдесімен» марапатталды.

2013 жылы театр ғимараты күрделі қайта жөндеуден өтіп, көрерменге өз есігін ашты. Бүгінгі таңда заманауи шеберханамен жабдықталған екі зал қызмет жасайды. Үлкен зал – 214, кіші зал – 60 орынды құрайды.

Мемлекеттік қуыршақ театрының бүгінгі таңдағы шығармашылық құрамында жас режиссерлар Р.Жаныманов, А.Зайцев, Е.Қабдыл қызмет атқарады. Актерлік құрамында – 31 актер, оның ішінде: 1 – Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі, 3 – ҚР Мәдениет қайраткері, 2 – «Еңлікгүл» кәсіби театр сыйлығының, 1 – «Серпер» Жастар сыйлығының иегерлері, «Сахнагер – 2018» Ұлттық театр сыйлығының «Үздік қуыршақ актері» – 1, «Сахналық ғұмыр» –1, «Үміт» – 1, «Сахнагер – 2019» Ұлттық театр сыйлығының «Үздік менеджер»  – 1, 1 – «Үміт» номинациясының және 7 Мәдениет саласының үздігі иегерлері бар.

Бүгінде театрдың директоры қызметін Қазақстанның мәдениет қайраткері Талғат Есеналиев атқарады. Көркемдік жетекші – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек.