Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек

Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек 1951 жылы 5 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысының Шаян ауылында дүниеге келген.

1971-1975 жж. аралығында Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясының «Театр» факультетіндегі «Театр және кино актері» мамандығы бойынша білім алған. Алғашқы еңбек жолын Талдықорған қаласындағы Талдықорған облыстық қазақ драма театрында актер қызметінен бастады. Аталмыш өнер ордасында бірнеше жыл елеулі еңбек еткен Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек театрдың негізін салушылардың бірі атанды.

1979 жылы Мәскеу Мемлекеттік театр өнері институтының «Театр» факультетіндегі «Театр режиссері» мамандығына оқуыға түсіп, 1983 жылы тәмамдаған. Оқуын аяқтағасын 1983 жылдан Талдықорған облыстық қазақ драма театрының қоюшы-режиссері қызметін атқарған.  

1989 жылы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында деректі фильм режиссері қызметіне қабылданды.

1993 жылы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында «Балалар киносы» орталығының директоры болып тағайындалды.

1999 жылдан бастап С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ музыкалық-драма театрының көркемдік жетекшісі, директоры қызметіне жалғастырды.

2005 жылы Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры қызметіне ауысты.

2012-2016 жж. аралығында Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театрының директоры қызметіне тағайындалған.

2016 жылдан бері бүгінгі күнге дейін аталмыш өнер ордасында көркемдік жетекші қызметін атқаруда.

Театр өнерінің мәселелері бойынша жазылған көптеген мақалалардың авторы. ҚР Президентінің атынан «Құрмет» грамотасымен марапатталған.

Қазақстан Республикасы президентінің 2021 жылғы 2 желтоқсандағы Жарлығы бойынша "Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл" мерекелік медалінің иегері.