Қазақша  |  Русский  |  English

Актерлер

Тауекелов Алтай Батырбекұлы

Тауекелов Алтай Батырбекұлы

Артист

Қазақ қуыршақ өнерінің қасиетті қара шаңырағында үздіксіз еңбек етіп, өмірін өнер жолының өркендеуіне арнаған талантты артист Тауекелов Алтай Батырбекұлы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданында 1978 жылы 11 ақпанда дүниеге келген.

Өнерге деген іңкәрлігі 1996 жылы Темірбек Жүргенов атындағы қазақ Ұлттық өнер академиясына жетелеп, 2000 жылы «Сөйлеу жанрының актері» мамандығын тәмамдады. Кәсіби жолы Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрынан бастау алған, Алтай Батырбекұлы қазіргі таңда сахна мәдениетінің қыр-сырын терең меңгерген тәжірибелі маман.

Қуыршақ театры өнеріндегі табанды еңбегі мен шығармашылық ізденісі нәтижесінде 2019 жылы еліміздің мәдениет саласындағы таңдаулы тұлғаларын таныстыру мақсатында жарық көрген «Алтын кітап» республикалық энциклопедиясына есімі енді. Сондай-ақ, мәдениет саласына қосқан сүбелі үлесі үшін Құрмет грамотасымен марапатталып, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері атанды.

Алтай Батырбекұлы сахна төрінде сан қилы бейнелерді сомдап, көрермен көңілінен орын тапты. Оның сомдауындағы кейіпкерлердің әрқайсысы – өзіндік мінезі мен болмысы бар тұтас әлем. Атап айтқанда, «Аққу Жібек», «Үш торай», «Қаңбақ шал», «Ертөстік», «Алтын балапан», «Сұғанақ ешкі», «Каштанка», «Қызыл телпек», «Түйме қыз», «Көңілді қонжықтар», «Ақбайдың таңғажайып оқиғалары», «Аяз», «Макбет.Иллюзия», «Ана – Жер Ана», «Ұр, тоқпақ!» «Қасқыр мен жеті лақ», «Сағыныш шөбі», «Мен деп ойла», «Аладдиннің сиқырлы шамы», «Чемпион», «Анасын іздеген Мамонт», «Мен кіммін...» спектакльдеріндегі бейнелері – артист шеберлігінің айқын көрінісі.

Сонымен қатар, көгілдір экранда да өзіндік өрнегін қалдырып, «Жат туыстар», «Іңкәр жүрек», «Сотқа жеткізбей», «Симптом», «Үміт» сынды туындыларда бой көрсетті.

Алтай Батырбекұлы – сахнаны серік етіп, өнерді өмірінің өзегіне айналдырған, әр рөлін жүрек сүзгісінен өткізіп, көрерменге шынайы жеткізе білетін еңбекқор әрі дарынды тұлға.