Бүгінгі таңда 80 жылдан астам тарихы бар өнердің қара шаңырағы Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры 2017 жылдың 5 қазан күні сағат 16.30-да салтанатты түрде кезекті 83-ші маусымын ашады. Аталмыш мереке театр артистерінің қатысуымен театр фасадындағы ақын, драматург Иран-Ғайыптың «Бөшке» драмасының негізінде режиссер Р.Жаныаманов сахналаған көрініспен бастау алады.
Сондай-ақ, сағат 17.00-де Евгений Ионовтың «Ана жүрегі» спектаклінің премьерасы көрермен назарына ұсынылады. Қоюшы режиссері – Антон Зайцев. Қоюшы суретшісі – Сергей Мельцев. Сахналық биін қойған – Гүлжан Дәулетқұлова. Аталмыш қойылым арқылы режиссер А.Зайцев қуыршақ театры сахнасына жаңа леп әкелді. Пьесаның мазмұны ауыр болғанымен, беретін тәрбиесі мол. Кез келген жастағы көрерменнің көңілін оятып, жүрегіне иман ұялатпақ. Анадан туған жалғыз ұл жоқшылықты місе тұтпай, ар көріп, анасына қарсы шығады. Тас қаланың тас жүрек жастарына қосылған жетесіз ұл, ұлым деп еңіреген ананың көзжасы қойылымның басты идеясын ашып көрсетпек. Баласының туған күніне қолында қалған жалғыз жанып тұрған балауыз шырақты сыйға тартпақ болған ана жүрегі сол шырақпен бірге сөнеді. Режиссер Антон Зайцев осы бір шынайы өмірді қуыршақ сахнасында қуыршақ тілінде сөйлетпек.
Ана бейнесінде – актриса Толқын Тлеулиева, қуыршақ бала – актер Рүслан Абу және көпшілік сахнада театр артистері өнер көрсетеді