Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬГЕ АТТАНАДЫ

9 Қыркүйек 2019

Ағымдағы жылдың 24-30 қыркүйек күндері аралығында Ресей Федерациясы, Омск қаласында өтетін «В ГОСТЯХ У «АРЛЕКИНА» атты VI Халықаралық театр фестиваліне театр «АНА ЖҮРЕГІ» қойылымымен қатысады. Халықаралық фестивальге Бразилия, Испания, Франция, Сербия, Финляндия, Жапония елдерінен театр ұжымдары қатысады. Республикамыздың атынан баратын Мемлекеттік қуыршақ театры ұжымы сахналайтын спектакль режиссері А.Зайцев бүгін фестиваль алдындағы БАСПАСӨЗ МӘСЛИХАТЫНА қашықтықтан қатысып, фестиваль қатысушылары мен сарапшылары арасында ой бөлісті. Аталмыш өнер додасына қатысу театрға қандай мүмкіндіктер сыйлайды және ұжым сахналайтын қойылымның ерекшеліктері секілді сауалдарға жауап беріп, әлемнің бірнеш елдерінен келетін әріптестерімен пікір алмасты.

Ана тақырыбы қай кезеңде де қасиетті. Ол ұлтқа, уақытқа бөлінбейді. Ана болмысын, кеше мен бүгіннің өзара үндестігін, анаға көрсетілер құрмет пен шексіз махаббаттың үлгісін көрсеткісі келетін қойылымға сәттілік тілейміз! Қуыршақ театры сахнасына шыққан ана бейнесі, жас режиссердің өзіндік көзқарасы мен психологиялық-пластикалық шешімге құрылған спектаклі шетелдік сарапшылар мен көремендерден өз бағасын алатынына сеніміміз мол.