Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Арай САҚТАҒАНОВА, актриса: «Әр қуыршақпен іштей интуициялық түрде тілдесіп, дос болуға тырысамыз»

8 Шілде 2022

Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам қуыршақ театрына асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді. Балалар әлемі – ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар… Осы тұста, Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театрының актрисасы, «Сахнагер-2018» Ұлттық театр сыйлығының «Үміт» номинациясының иегері Арай Сақтағановамен сұхбаттасудың реті келді.

– Қайырлы күн, Арай ханым. Қуыршақ театрында қуыршаққа жан бітіру өте күрделі жұмыстардың бірі екенін жақсы білеміз. Осы тұста қуыршақтарды сөйлету мен дубляж жұмысында ұқсастық бар ма?

– Қайырлы күн, Наурызбай. Мені сұхбатқа шақырғаныңызға үлкен алғысымды білдіремін. Ширма артындағы қуыршақтар мен экрандағы кейіпкерлермен ешқандай айырмашылығы жоқ. Өзгешелігі біреуін экраннан көрсек, екіншісін театрдан көреміз.

– Актрисаның ерлігі дейтіндей өнер ордаңызда сүйікті қызметіңіз үшін қандай тәуекелге бара-алдыңыз?

– Осы жасқа дейін әлі тәуекелге барып көрмеппін (күлімсіреп).

– Қуыршақтардардың біз біліп, сезіне алмайтын өзіндік тілі бар ма?

– Әрине, бар. Егер ол жоқ болатын болса, тірі адам сияқты сөйлеп, тірі адам сияқты қозғала алмайтын еді. Әр қуыршақпен іштей интуициялық түрде тілдесуге, дос болуға тырысамыз.

– Бір күнде бес-алты спектакль сахналайсыздар. Бір қуыршақтың бейнесін ашу үшін үлкен еңбек қажет. Қуыршаққа жан бітіру үшін қанша уақыт жұмсайсыз?

– Әр қуыршақ әртүрлі болады. Мысалы, «Айко мен қарақшы» спектакліндегі қуыршақтарға жан бітіру үшін бізге екі апта уақыт қажет болды. Оның жүріс-тұрысын, қимыл-қозғалысын салу көбірек уақытты талап етті. Ал кейбір қуыршақтар бар, оларға жан бітіру үшін ешқандай уақыттың қажеттілігі жоқ. «Макбет. Иллюзия» қойылымындағы жындардың бастарын алатын болсақ, ол маған ешқандай ауырлық тудырған жоқ. Жалпы, қуыршаққа жан бітіру оның механикасына байланысты.

– Әр өсемін деген жанның өз мотивациясы бар. Сіздің актриса болып қалыптасуыңызда қандай мотивация болды?

– Практикада жүрдік, Қуыршақ театрында үшінші курстан жұмыс жасадым. Сол кезде жүргенде үлкен ардагер актрисаларымыз Гүлжамиля Ілиясова, Сабила Абуевның еңбектерін көріп, өте қатты қызығатынмын. Театрға берілгендігі сонша, солармен бірдей өмір сүретін. Маған мотивация берген сол кісілер деп ойлаймын.

– Сахна сыртындағы қарбалас көрермендерге білінбейді. Сахна сыртындағы қызықты оқиғаңызды айтып берсеңіз.

– «Аладдиннің сиқырлы шамы» спектаклін ойнап жатырмыз. Үшінші ширманы шығардым, жүгіріп қуыршаққа кетіп, қайтадан келсем, ширмам сахнаның ортасында тұр. Бұл қалай болғаны деп аң-таңмын. Астында бір мата жататын, сөйтсем сол матаны сүйреп алып кете беріппін. Мен оны білмегем… Бір жақсы болғаны, қара матамен жабық тұрған. Жүгіріп барып, ақырын ғана сахнаның сыртына шығарып алдым.

– Бала кездегі арманыңыз қандай еді?

– Мұз айдынында мәнерлеп сырғанау гимнасты болғым келген (күліп). Ол менің әлі де арманым. Арманымды әлі де орындамай қоймайтын сияқтымын.

– Қуыршақ театрының сахнасындағы ересектерге арналған қойылымдардың ерекшелігі неде?

– Ерекшелігі өте көп, ең бірінші тақырыбында. Ол тақырыпты кішкентай балаларға көрсетсең мүлде түсінбеуі мүмкін немесе үлкен адамға кішкентай тақырыпты көрсетсең қызықсыз өтуі мүмкін.

– Қуыршақ театрында бірінші орында артист пе, әлде қуыршақ па?

 Бірінші орында, әрине, артист. Себебі, керемет ғажайып қуыршақтарға жан бітіретін біздер. Оны сахнада тірілтпесең, жансыз күйінде тұра беретіні хақ.

– Сұхбатыңызға көп рахмет, жүздескенше сау болыңыз!

 

Сұхбаттасқан

Наурызбай АСЫЛБЕКОВ

"Жас жанары" порталы

Сілтеме: https://zhas-zhanary.kz/?p=6061