«Le Soleil des Abysses» театрының «Рамаяна» спектаклі
Жанры: Эпикалық ертегі, қуыршақ спектаклі
Жас ерекшелігі: 10+
Ұзақтығы: 75 минут
Тілі: Француз тілінде
Өтетін орны: Үлкен зал
Өтетін күні мен уақыты: 24-қазан, 10:00
Спектакльдің шығармашылық құрамы:
- Сахналық нұсқасының авторы әрі режиссері – Лоран Дюбост
- Қуыршақ суретшісі – Ма Фулян
- Костюм суретшісі – Джулия Лермонт
- Костюмдердің бастапқы көркемдік тұжырымдамасының авторы – Лоранс Данфлу
- Сценографтары – Ма Фулян, Магали Сатже
- Композиторы – Ян Ржевски
Спектакль туралы:
Спектакльде басты рөлді Рашель Ориоль сомдайды.
Ежелгі Үндістан. Жасы ұлғайған Дашаратха патша билікті ел құрметіне бөленген тұңғыш ұлы Рамаға тапсыруды ұйғарады. Алайда патшаның үшінші әйелі Кайкейи таққа өз ұлы Бхаратаның отырғанын қалайды. Осылайша сарай ішінде билік үшін тартыс басталып, адамдық борыш пен жеке мүдде, адалдық пен билікқұмарлық арасындағы күрделі қайшылықтар өрбиді.
Үнді халқының ұлы эпосы «Рамаянаның» алғашқы бөлімі негізінде сахналанған спектакль биліктің мәні мен адамгершілік жауапкершілік туралы ой қозғайды. Бір актриса-баяндаушы мен он қуыршақ арқылы өрбитін қойылым үнді халқының ауызша әңгімелеу дәстүрін жаңғыртып, көрерменді поэзия мен терең сезімге толы тылсым әлемге жетелейді. Шығарманың негізгі желісі сақталғанымен, Кайкейидің жан дүниесі мен оның тағдырлы шешімдеріне ерекше назар аударылады.
Театр туралы:
Францияның Париж қаласында орналасқан «Le Soleil des Abysses» театры – әлем халықтарының бай мәдени мұрасын сахна өнері арқылы танытуды мақсат еткен шығармашылық ұжым. 1999 жылы құрылған бірлестіктің басты бағыты – мифтерді, аңыз-ертегілер мен әлем әдебиетінің көрнекті шығармаларын қуыршақ театры, актерлік ойын және дәстүрлі әңгімелеу өнері арқылы сахналау. Театр көрерменге түсінікті әрі көркемдік деңгейі жоғары қойылымдар жасауға ұмтылады. Репертуарында үнді, жапон және араб мәдениеттерінің әдеби мұрасына негізделген спектакльдер бар. «Рамаяна», «Шахерезада және түн құпиялары», «Тырна, Мандзю және самурай» сынды қойылымдары арқылы ұжым түрлі халықтардың рухани құндылықтарын дәріптеп, балалар мен ересектерді әлемдік мәдениеттің сан қырлы қазынасымен таныстырып келеді.