Everyone who loves the world of fairy tales and believes in kindness, in a hurry to get tickets of the Puppet Theater. There are no restrictions on the age of the person. The visitor of the theater in the play finds peace of mind and finds a special mood! Children's world is the most fun, the real! Moreover, our society needs such purity of soul!

Where there is dramaturgy, there is also life

6 November 2023

Осы жылдың 9-15 қазан күндері ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен дәстүрлі Қазақстан драма театрларының ХХІХ республикалық фестивалі өтті. Орысы қара ормандай қайысқан Қызылжар өңірінде өткен өнер додасына еліміздің маңдай алды 10 театр ұжымы қатысты.

 Биылғы фестиваль көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойына арналған. Фестиваль қойылымдары 2022 жылдың қараша айында ғана қолданысқа берілген Солтүстік Қазақстан облыстық Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының сәулеті жарасқан жаңа ғимараты мен 137-маусымын ашқалы отырған еліміздегі ең көне өнер ұжымдардың бірі Николай Погодин атындағы орыс драма театрының күрделі жөндеуден өткен сахнасында кезектесе көрсетілді.
Фестивальдің ашылуына Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез
Нұрмұхамбетов арнайы қатысып, өнер сүйер қауымды құттықтады. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтауын Мәдениет комитетінің төрайымы Күміс Сейітова жеткізді. Қазақстанның Еңбек ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі, КСРО және ҚР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреа­ты, профессор Асанәлі Әшімов бастаған көрнекті театр және кино актерлері, Қазақстанның Халық артистері – Гүлжан Әспетова, Тілектес Мейрамов, «Құрмет» орденінің иегері, Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қордың төрағасы – Сәби Аңсат, жүргеновтанушылар: Бейбіт Қойшыбаев пен Бауыржан Иманғалиев құрметті қонақ ретінде қатысты.
Өнер мерекесінің ашылу салтанатында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен Темкеңе арналған кескіндеме және кітап көрмесін өткізді. Т.Жүргеновтің өмірі мен қайраткерлігі жайында мол мағлұматтар берген бұл көрме фестивальдің мазмұнын аша түсті. Қойылымдарды белгілі театр сыншыларынан құралған қазылар алқасы бағалап, әр спектакльден соң өз пікірлерін ортаға салып отырды. Фестиваль бағдарламасында пьесалар негізінде қойылған бес спектакль, сахнаға лайықталған әдеби шығармалар бойынша қойылған бес спектакль болды. Олардың жетеуі – драма, біреуі – трагикомедия, екеуі – әфсана жанрында шешілген. Мұнда тарихи тақырып, замандастар тақырыбы, рухани еркіндік, әлеуметтік тақырыптар, табиғат пен адамның үндестігі тақырыбы, жалпыадамзаттық құндылықтар мәселесі мен ұлттық рух, ар-ұждан тақырыптары қамтылып, театр ұжымдарының жан-жақты ізденістерін байқатты.
Түркістан музыкалық драма театры көрсеткен «Мағжан» тарихи драмасы заманауи сценографиялық шешімге негізделіп, театрдың мультимедиалық технологияны қолданудағы батылдығын дәлелдеді. Еуропада опералық спектакль­дерді сахналаумен танылған режиссер D.Livermore «Мағжанды» да сол ізденістерінің сарынында қойыпты. Спектакль­мен танысу барысында біз D.Livermore-нің режиссер ретінде Алаш қозғалысының қайраткері, лирик ақын, ұлы суреткер Мағжанды өз бетінше зерттеп-зерделегеннен гөрі, жалпы ХХ ғасыр басындағы аласапыранға толы алмағайып заманның бейнесін ғана жеткізуге талпынғанын бірден байқадық. Себебі қойылымда
Мағжан бейнесі шықпаған. Бұл, біріншіден, пьесаның әлсіздігінен туындаған. Енді ғана драматургияға қадам басқан Алмас Нүсіптің «Мағжанында» сахналық шығармаға қойылатын талаптардың бірі де сақталмапты. Әрекет бірлігінің түзілмеуі, негізгі тартыстық желінің қисынды дамымауы, кейіпкер бейнелерінің толыққанды ашылмауы, оқиға орындарының жиі ауысуы, т.б. себептен пьеса идеясы шашыраңқылыққа ұрынған. Мағжанның бейнесі – ашаршылық тақырыбының құрбаны болып кетіпті. Спектакльден жалындаған ақынға қарағанда өмірден жалыққан, күрескерден гөрі сынып кетуге жақын жүрген Мағжанның боркемік қалпын көреміз. Драматургияда кеткен кемшіліктердің орнын жұлдызды актерлік құрам да толтыра алмағандықтан спектакльдің бірегей атмосферасы да, ортақ ансамбль де түзілмеген. Костюмдердің әсемдігі, визуалдық шешімдердің көркемдігі көз қуантады. Бірақ тарихи-тұрмыстық драматургия режиссер ұсынған биік көркем пішінді қабылдай алмай, тайталасқа түсіп тұрды.
Еліміздегі сахна ұжымдары қатарына қосылғанына көп болмағанына қарамастан, өз ізденістерімен көзге түсіп үлгерген «Шам» театры әзербайжандық жас драматург И.Иманның «№37» психологиялық драмасымен өнер додасының көрігін қыздырды. Біріншіден, замандастардың бейнесін, мінездерін, ішкі тартысын, нәзік психологиясын жеткізетін спектакльдің драматургиялық негізі мықты. Драматургия бар жерде – тартыс бар, тартыс бар жерде – өмір бар. Сондықтан шынайы өмірмен бетпе-бет келген көрермен спектакльді кірпік қақпай тамашалады. Режиссер Ф.Молдағали оқиға орны мен кейіпкерлердің аттарын қазақшаландырыпты. Бұдан туынды ұтылмаған. Ф.Молдағали қойылымға қатысушы актерлердің шығармашылық әлеуетін ашып көрсетуге барлық режиссерлік мүмкіндіктерді пайдаланыпты. Қойылымдағы ағайынды жігіттер Расул (Е.Дайыров) мен Ануар (А.Мәжит) және жас келіншек Зейнеп (З.Кармен) арасындағы махаббат үштігі оқиғасы өте нанымды шыққан. Ешкімді ешкім тыңдамайтын жат туыстарға айналған отбасы драмасын «Шам» театрының ұжымы жоғары көркемдік деңгейде жеткізген.
Республикамыздағы театрлық үдерістің көш басында жүрген бірқатар өнер ұжымдары бар. Солардың бірі – Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры. ХХІХ театр фестиваліне олар испан ақыны, драматург Гарсиа Лорканың «Бернарда Альбаның үйі» драмасымен қатысты. Заманауи театрдың барлық талаптарына жауап беретін аталмыш туынды ерек пішім-болмысымен, терең мазмұнымен оқшауланып тұрды. Актерлердің сахнада шынайы тіршілік етуі, сараң жасақталса да, қат-қабат ойды жеткізетін сценография, жан-дүниені баурап алар әсем музыка, адамның нәзік психологиялық иірімдерін, сырлы-асыл сезімдерін білдіретін хореография Лорка драматургиясының өзегінен туындап, Д.Жұмабаеваның режиссурасымен көркемдік тұтастыққа жеткен. Актерлік құрамдағы сахнагерлер: Бернарда – Г.Қазақбаева, Бернарданың анасы – К.Бельжанова, Понсия – Т.Сұлтанбердиева, Ангустиас – А.Рахат, Магдалена – А.Әділова, Амелия – Д.Шымырбаева, Мартирио – Д.Нұрболат, Адела – Ұ.Оразаеваның шеберлік даралықтары мақтауға лайықты. Бұл қойылым еуропалық үлгідегі спектакльдерден ешбір кем емес. Кез келген фестивальдің ажарын ашатын өнер туындысы дегіміз келеді.
Республикамыздағы мемлекеттік емес өнер ұжымдарының бірі – «А.И.» театры орыс жазушы-драматургы А.П.Чеховтың «Шие бағы» пьесасының желісімен қойылған «Бақ» трагикомедиясымен фестивальге қатысып, өнер көрсетті. Кез келген көлденең аттының тісі бата бермейтін күрделі драматургия болады, солардың қатарына Антон
Павловичтің «Шие бағын» жатқызарымыз хақ. Классикалық шығарманы актуалдандыру оңай емес, көп ізденісті, ерекше режиссерлік оқылымды талап етеді. «А.И.» театрының «Бақ» спектаклі сол іргелі ізденісті көрсете алмады. Режиссер Ұ.Қарыпбаев чеховтік туындының көркемдік кілтін таба алмағаны өкінішті. Режиссерлік тәсілдердің эклектикаға құрылып, жаттанды болған бейнелеу әдістеріне ұрыну себебінен актерлер өз бейнелерін толыққанды аша алмаған. Сондықтан жаңа заманға икемделе алмаған «раневскийлердің» сахналық тағдыры көмескіленіп, «бағы» ашылмағанын байқадық.
Талдықорған қаласынан келген  Б.Римова атындағы драма театры ұжымы Г.Хугаевтың «Қара шекпен» әфсанасын ұсынды. Адам мінезіндегі жағымсыз қылықтарды аң бейнесі арқылы астарлап жеткізетін бұл аллегориялық пьеса адалдық пен махаббат тақырыптарын арқау ете отырып, адамзат болмысындағы жат қылықтарды әшкерелеп, көрерменге ой салады. Сондықтан болар, осетиндік қаламгердің «Қара шекпен» пьесасы қазақ сахнасында кең таралып үлгерген.
Спектакльдің режиссері Е.Кәрібаев өзіне дейін қойылған спектакльдердің сахналық қалпын қайталамас үшін жаңа ізденістерге барған екен. Сахна алаңы – бос. Декорацияның орнына жарық берудің жаңа үлгісі қолданылды. Жарық спектакльде сәтті шыққан. Дегенмен қойылымның пішіні мен мазмұнының арасында бітеқайнасқан тұтастықты байқай алмадық. Әсіресе актерлер ойынында бірсыдырғылық басым, сөз астарын ашу, сөз саптау мәселелері де қылаң беріп отырды. Бейнелермен жұмыс жасауды әлі де күшейтіп, режиссерлік ойды анықтай түссе, спектакльдің өміршеңдігі артары сөзсіз.
Фестивальде сахнаға лайықталған қойылымдардың көп болғанын тілге тиек еткенбіз. Олардың көркемдік деңгейі мен көтерген тақырыптары да әр түрлі. Жетімдік, зорлық-зомбылық, қорғансыздық сияқты әлеуметтік ауыр мәселелерді арқау еткен Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының «Қорғансыздың күні» драмасы классик жазушымыз М.Әуезовтің «Қыр суреттері» жинағындағы «Қорғансыздың күні», «Жетім», «Кім кінәлі?» әңгімелерінің желісімен қойылған. Жетімдік, қорғансыздық, рухтың жетімдігі тақырыбын көтерген спектакль ауыр ойға, санаңды сансырататын сезімдерге жетелейді.
Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры көрсеткен «Шал мен теңіз» драмасы есімі жер жаһанға мәшһүр америкалық жазушы Э.Хемингуэйдің осы аттас повесі бойынша қойылған. Адамдық мәселесін көтеретін бұл Нобель сыйлығын иеленген шығарманы сахнаға лайықтаған әрі режиссерлік еткен – Дина Жұмабаева. Қарапайым сахналық әдіс-тәсілдермен қойылған аталмыш спектакль қуыршақтар тілінде әдемі үн қатады. Алып балықтармен айқасып, телегей теңіздің таңғажайып сұлулығымен қатар, сұрапыл дауылы мен сұсты мінезін, өмір ішінен өлім, өлім ішінен өмір іздеген кубалық балықшы Сантьягоның тағдырын алғаш рет қуыршақ бейнесінде сөйлеткен. Техникалық орындалуы жағынан машақаты мол қойылым екен. Театрлық шарттылықпен қаруланған режиссер Д.Жұмабаеваның осы уақытқа дейінгі қойылымдарына тән көркемдік тәсілдерді, театрлық метафора мен семиотикаға баса мән беру, қарапайым сценографияға жан бітіріп, көп мағына сыйғызу сынды әдістерді кеңінен қолданғанын байқаймыз. Режиссер актерлермен тығыз қарым-қатынаста еңбектенгендіктен мықты сахналық тандем шыққан. Бас қаһарман Сантьягоны сомдаған актер Бақытжан Қаюовтың қуыршақ жүргізудегі шеберлігі – кемел. Қарияға тән қимыл-қозғалыс, үндік-дыбыстық ерекшеліктерін актер ұтымды тапқан. Сантьяго – Бақытжанның күрсінуі де, ойлануы да, үнсіздіктерді ұстауы да – сенімді. Қария бейнесінің жарқын шығуына Маноло рөліндегі Шохан Құлназаровтың септігі мол. Маноло – Шохан өмірге құштар, албырт жан ретінде көрінген. Спектакль адам рухының биіктігін, табиғат тылсымымен бітеқайнасып, даналыққа жеткен қарияның тіршілігін көрсету арқылы өмірдің мәні мен мағынасын жеткізеді.
Еліміздің кіндігі – Ұлытау өңірінен келген С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған театры фестивальде көрнекті жазушымыз М.Мағауиннің «Шақан-шері» романы негізінде қойылған осы аттас спектакльді көрермен назарына ұсынды. Түз тағысы – жолбарысты түп-тұқиянымен жоймақ болған Шақанның тағдырын көрсете отырып, адамның өз-өзімен арпалысын, рухани тартысын жеткізеді. Режиссер М.Хабибуллин нарратив әдісі арқылы бас кейіпкер Шақанның (актер А.Жарқынбеков) ішкі шерін, наласы мен зарын, қоғаммен байланысқа түсе алмаған пенденің аянышты психологиялық торығу халін, оның ішкі комплекстерін ашып көрсетеді. Камералық театр әдісі көрерменнің оқиғаға батыл араласуына, түсініп-қабылдауына ықпалдасқан. Актерлік құрам режиссер мен автордың идеясын жарқырай түсуіне мейлінше қызмет еткен.
Жас режиссерлердің арасында Оралхан Бөкеев әлемін жаңаша қырынан қарастыруды ұйғарған Айдын Салбановтың «Атау кере» драмасы ерекшелене алды. Қарағанды облыстық С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театры көрсеткен қойылым жаңа режиссерлік оқылымымен қызықтырды. Шығарманы сахнаға лайықтауды режиссер өз құзыреттілігіне алыпты. Осы уақытқа дейін еліміздің беделді режиссерлері «Атау керені» сахналап, өз қолтаңбаларын қалыптастырып та үлгерген. Әсіресе режиссер Н.Жақыпбай сәтімен қойған «Атау кере» спектаклі көзі қарақты көрерменнің жадында. Сол Н.Жақыпбай қойылымында мұсылмандықты қабылдаған орыс кемпірі Нүркенің қилы тағдырына көп екпін беріліп, оқиға сол кейіпкердің төңірегіне құрылатын еді. Қарағандылықтар нұсқалаған оқиғада Ерік пен Айнаның бақытсыздығы, Тағанның сүреңсіз тағдырының себептері, жалпы кейіпкерлердің тіршілігі психологиялық нәзік штрихтардан, көзге білінер-білінбес сезім шарпылыстарынан, үнсіздіктегі көзқарастардан оқылып тұрды. Қоюшы кейіпкерлер қарым-қатынасын режиссерлік детальдармен толықтырған. Спектакль­де сахналық метафоралар, театрлық белгілер өте ұтымды әрі дұрыс қолданылады. Әсіресе, қойылым сценографиясы кейіпкерлерді танып-білуге жәрдемдесіп, олар өмір сүрген ортаның меңіреулігін нақты жеткізеді. Адам болмысын, жан-дүниесін зерделеуден туған «Атау кере» драмасы – А.Салбановтың өзіндік қолтаңбасын айқындаған қойылым. Алайда театр актерлері сахналық сөзбен жұмыс жасап, мәтіннің мәні мен мағынасын ашуда әлі де еңбектене бергені дұрыс деп білеміз.
Ар-ұждан тақырыбы фестивальде Павлодар облыстық Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалық-драма театры көрсеткен Ш.Құдайбердіұлының «Ұждан» спектаклінде көтерілді. Шығарманы сахнаға лайықтаған – Н.Тұрлыбек, режиссері – А.Нигманов. Философиялық ойларға толы Шәкәрімнің бұл туындысы заманауи постдрамалық театр үлгісінде шыққан. Басқаша айтсақ, Шәкәрім шығармасындағы негізгі ой спектакльге желі болып тартылып, режиссерді мазалаған сая­си-әлеуметтік мәселелерді көрсетуге себеп қана деп тануға болады. Қойылымның басты кейіпкері – тобыр немесе халық деп қарастыруға негіз бар. Мұнда жекелеген актерлік ойындар жоқ. Сонымен қатар бір ізбен дамып отыратын оқиғаны да көре алмайсыз. Көріністер себеп-салдармен емес, режиссер ұсынған ойдың желісімен дамиды. Спектакльде А.Нигманов өзін толғантқан ар-ұждан мәселесін көркемдік өңдеуге түсіріп көрсетіп береді. Бірқатар жылдардан бері фестивальдерде көрінбей кеткен Аймауытов театрының бұл ізденісі өте мазмұнды. Заманауи өзекті өнердің жарқын көрінісі деп қабылдадық.
Қазіргі таңда қазақ театрында мықты буын алмасу процесі жүріп жатыр. Бұл тек актерлік-режиссерлік өнерде ғана емес, драматургия мен сценографиялық ізденістерден де анық байқалып отыр. Қазіргі таңда Дина Жұмабаева, Ерлан Кәрібаев, Фархад Молдағали, Айдын Салбанов, Мейрам Хабибуллин сынды жас режиссерлердің жаңа буыны қалыптасып, ұлттық, саяси-әлеуметтік мәселелерді көркем театр тілімен жеткізіп жүргені қуантады.
Сондай-ақ бірқатар мәселе де жоқ емес. Республикамызда әртүрлі деңгейде өткізіліп жатқан фестивальдерден Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстық театрларының ұжымын орыс және қазақ труппаларының тізімінен жиі кездестірмейтінімізді айта кеткіміз келеді. Бізге беймәлім ішкі-сыртқы мәселелері бары анық. Дегенмен қазақстандық театр үдерісінде, фестивальдік қозғалыста олардың болмауы алаңдатады.
Қорыта айтқанда, бір аптаға созылған театр фестивалі өз мәресіне жетті.
Фестиваль жеңімпаздары келесі аталымдар бойынша марапатталды:
1. «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі» аталымы бойынша «Мағжан» спектакліндегі Елтай рөлі үшін Жандәулет Батай (Авторы: А.Нүсіп, режиссері: D.Livermore, Ch.Ocello) Түркістан музыкалық драма театры. Жүлде қоры – 500 000 тг.
2. «Екінші пландағы үздік әйел рөлі» аталымы бойынша «Қорғансыздың күні» спектакліндегі Ғазизаның әжесі рөлі үшін Анар Бейсенбина (Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры). Жүлде қоры – 500 000 тг.
3. «Үздік әйел рөлі» аталымы бойынша – «№37» спектакліндегі Зейнеп рөлі үшін – Зарина Кармен (Авторы: И.Иман, режиссері: Ф.Молдағали. Шам театры). Жүлде қоры – 750 000 тг.
4. «Үздік ер адам рөлі» аталымы бо­йынша – «Шал мен теңіз» спектакліндегі Сантьяго рөлі үшін Бақытжан Қаюов. (Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры). Жүлде қоры –750 000 тг.
5. «Үздік режиссерлік шешім» аталымы бойынша «Ұждан» спектаклі. (Авторы: Ш.Құдайбердіұлы, режиссері: А.Нигманов. Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театры). Жүлде қоры – 1 500 000 тг.
6. «Үздік сценографиялық шешім» аталымы бойынша «Атау-Кере»
спектаклі. (Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры). Жүлде қоры – 1 000 000 тг.
7. «Үздік спектакль» аталымы бойынша «Бернарда Альбаның үйі» спектаклі. Авторы: (Ф.Г.Лорка, режиссері: Д.Жұмабай. Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры). Жүлде қоры – 3 000 000 тг.
8. «Темірбек Жүргенов атындағы арнайы сыйлық» – «Қара шекпен» спектаклі (Авторы: Г.Хугаев, режиссері: Е.Кәрібаев. Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры). Жүлде қоры – 1 000 000 тг.
9. Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің арнайы сыйлығы – «Мағжан» спектаклі. (Авторы: А.Нүсіп, режиссері: D.Livermore, Ch.Ocello). Түркістан музыкалық драма театры). Жүлде қоры – 2 000 000 тг.
10. «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» аталымы бойынша Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ драма театрының «Шақан Шері» спектаклі (авторы: М.Мағауин, режиссері: М.Хабибуллин). Жүлде қоры – 500 000 тг.
Фестивальді ұйымдастырған Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық драма театрына және іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігіне, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры мен Н.Погодин атындағы орыс драма театрының ұжымына қазылар алқасы атынан алғыс айта отырып, шығармашылық табыстар тілейміз!

Меруерт ЖАҚСЫЛЫҚОВА,
"Қазақ әдебиеті" газеті порталы
Сілтеме: https://qazaqadebieti.kz/41048/dramaturgiya-bar-zherde-mir-bar