Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Алматыда екінші рет Халықаралық қуыршақ театрлар фестивалі өткізілмек

11 Қазан 2024

Еліміздің мәдени астанасы – Алматы қаласында 21-24 қазан аралығында, Республика күні қарсаңында, ІІ Халықаралық «Almaty puppet festival – 2024» қуыршақ театрлар фестивалі өтеді. Аталмыш ерекше мәдени іс-шараға 11 мемлекеттен, атап қайтқанда, Қытай, Польша, Чехия, Болгария, Грузия, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Ресей, Башқұртстан және Қазақстанның үздік театр ұжымдары қатысып, бақ сынасады. Фестиваль аясында ерекше қуыршақ кейіпкерлері қатысуымен әртүрлі атмосфералық қойылымдар, сонымен қатар танымдық-ақпараттық шығармашылық кездесулер және шеберлік сағаттар назарға ұсынылады.

Осы бір халықаралық деңгейдегі іс-шараны Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр. Фестивальдің мақсаты – көрермендерді заманауи қуыршақ өнерінің үздік қойылымдарымен таныстыру, халықаралық шығармашылық байланыстарды нығайту және театр саласындағы креативті мамандарға шабыт сыйлайтын шығармашылық алаң қалыптастыру.

«Өзіміздің маңызды мерекемізге айналған осы бір фестивалімізді екінші рет өткізіп отырмыз. Өткен жылы бұл ауқымды мерекені алғаш рет жүзеге асырғанымызда оған 6 елдің қуыршақ театрлары қатысқан еді. Алайда, биылғы жылы 11 елдің үздік ұжымдары қатысуда. Бұл біз үшін фестивальдің беделі мен абыройының айқын көрсеткіші», – деп атап өтті театр директоры Алмат Абдрахманов.

ІІ Халықаралық «Almaty puppet festival – 2024» қуыршақ театрлар фестивалі Алматы қаласының мәдени өміріндегі жарқын мерекеге және қуыршақ өнерінің мамандары арасындағы тәжірибе мен идеялар алмасатын маңызды алаңға айналады деп күтілуде. Фестиваль театр мамандарын да, қуыршақ қойылымдарына қызығатын көрермендерді да еліктіріп, оларға жаңа әсер мен шабыт сыйлайды. Фестиваль Қазақстандағы қуыршақ өнерінің дәріптелуі мен дамуына бағытталғанын баса айтып өткен жөн болады.