Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

I Халықаралық «Almaty Puppet Festival» қуыршақ театрлар фестивалі

15 Қазан 2023

БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ

 

Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры – тамырлы тарихы 1935 жылдан бастау алатын республика тарихындағы тұңғыш қуыршақ театры. Бүгінде өнер ордасы таяқ қуыршақтан бастап, заман ағымына сай күрделі марионеткалар, соңғы үлгідегі техникалық-лазерлі көркемдеулермен жабдықталған. 88 жылдық тарихы бар өнер ордасы әр жыл сайын көрермен талғамы мен қызығушылығына сай қазіргі таңдағы өзекті де белді оқиғаларды кішкентай бүлдіршіндер мен ересектердің сұранысына сай қойылымдар арқылы арнасын толықтырып, жаңаша тың жобаларды іске асыруды басты мақсат санайды.         

2023 жылдың қазан айының 20-24 күндері аралығында өнер ұжымы алғаш рет Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен Республика күні аясында I Халықаралық «Almaty Puppet Festival» қуыршақ театрлар фестивалін ұйымдастырады.

Фестиваль мақсатықуыршақ театры өнерінің көркемдік-эстетикалық ізденісі арқылы театр жанрының көкжиегін кеңейте отырып, халықаралық шығармашылық қатынасты нығайту, көрерменді қуыршақ театры әлемінің заманауи шығармашылығымен таныстыру.

Фестивальде Польша, Грузия, Болгария, Түркия, Өзбекстан, Қазақстан Республикаларының 14 үздік театр ұжымы мен 150-ге жуық қуыршақ шеберлері өнер көрсетеді. «Үздік спектакль», «Үздік режиссер», «Үздік актерлік ансамбль», «Үздік қуыршақ жүргізуші», «Үздік суретші», «Жаңашыл көзқарас» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталып, қаржылай сыйақылар табысталады.

Өнер мерекесі аясында қойылымдар көрсетілімінен тыс фестиваль қатысушыларының арасында аталмыш саладағы мамандардың кәсіби деңгейін арттыру мақсатында үздік қуыршақ шеберлерінің жетекшілігімен «Қуыршақ театры суретші көзімен», «Грим және театр», «Қуыршақ театрларындағы режиссёрлік ізденістер», «Пантомима және қуыршақ: органикалық байланыс», «Ресей қуыршақ театрларындағы өзекті тенденциялар» тақырыбында шеберлік сағаттар мен дәрістер ұйымдастырылады.

Фестивальден әлемдік және отандық қуыршақ театрының даму тенденциялары, жаңашыл бағыттары мен заманауи ерекшеліктерін айқындайтын қойылымдар ұсыну арқылы қала тұрғындары мен қонақтарының рухани құндылықтарын арттыру, Алматы қаласының халықаралық деңгейде иммиджінің қалыптасуына үлес қосу сынды нәтижелер күтілмек.

Театр ұжымы ғажайыпқа толы қуыршақтар әлеміне бірге саяхат жасап, өнер сүйер жандардың көңіл пердесін әсем күйге бөлеу үшін аталмыш мерекені бірге тойлауға шақырады.

 

 

Гүлім Көпбайқызы