Алғыс айту күні – қиын қыстау кезеңдерде бірлік сақтап, Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай еңбектенген азаматтарымызға, бейбіт күн мен мүмкіндіктер сыйлаған Жаратушыға, жақындарымыз бен достарымызға, жарқын болашаққа жеткісі келетін жастарымызға алғыс білдіруге бағытталған ерекше мереке. Осы бір күні Мемлекеттік қуыршақ театры кішкентай көрермендерімізге «Қуыршақ думан» қойылымын ұсынып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
«Қуыршақ думан» – концерттік бағдарламадан тұратын, әсем ән мен биге толы, атмосфералы мерекелік спектакль. Онда ТМД халықтарының биші өкілдері, әлемдік және отандық жұлдыздар қуыршақтар образына өнер көрсетіп, жиналған жұртқа таңғаларлық көңіл күй мен шаттық сыйлайды. Аталмыш қойылым қуыршақ театрының сахнасында 38 жылдан астам уақыт бойы сахналанып келеді. Өмірін сүруін кеңес дәуірі тұсында бастаса да, қазіргі таңда да заманауи әрі қызықты болып табылады.
Наурыздың 1-ші жұлдызы күні театр артистері қайырымдылық мақсатында және «Балалар жылы» аясында Алматы қаласының Медеу, Алмалы, Алатау, Түрксіб аудандарына қарасты көпбалалы және мүмкіндіктері шектеулі отбасылардың бүлдіршіндеріне арнап қойып берді. Бала-бақша және бастауыш мектеп жасындағы сүйкімді балаларға «Қуыршақ думан» ерекше көңіл-күй сыйлайды.
Әлемдегі болып жатқан қаралы ауыр жағдайлар мен қиындықтар балалар психологиясына қиянат келтірмеуі тиіс. Сондықтан да бүлдіршіндер үшін сыйқырлы әрі қуанышты сәттерді сыйлау қажет. Аталмыш мақсаттың орындалуы жолында әр апта сайын балаларға және ересектерге қуыршақ театры қызықты әрі тәрбиелік функциясы жоғары спектакльдерді ұсынып келеді.