Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Қуыршақ Театры Құшағын Жайды

11 Қазан 2017

logo

 

Алматы мемлекеттік қуыршақ театры кезекті 83-маусымын ашты. Бұл мереке театр артистерінің қатысуымен, театр фасадында ақын, драматург Иран-Ғайыптың «Бөшке» драмасының негізінде режиссер Рүстем Жаныаманов сахналаған көріністен бастау алды.

 

Жаңа маусым жаңалықтарға толы болмақ. Театр ұжымы Рақымжан Отар­баевтың «Сағыныш шөбі», Еркін Жуасбектің «Тоба» қойылымдарын, Б.Жораевтың «Батыр мен Алабай», «Қожа мен спорт», Исрайыл Сапарбай­дың «Сыған серенадасы», Эрнст Теодор Амадей Гофманның «Щелкунчик» атты туындыларын кішкентай көрермендерге сахналап, тарту ететін болады. Сонымен бірге, қазан айының 20-24 аралығында Түркияда өтетін ІІІ халықаралық театр фестиваліне «Арыстанның үрейін қалай емдеу керек?» және «Қуыршақ думан» қойылымдарымен қатысуды жоспарлап отыр.

 

Сондай-ақ Евгений Ионовтың «Ана жүрегі» спектаклінің премьерасы көрер­мен назарына ұсынылды. Қоюшы режиссері – Антон Зайцев. Қоюшы суретшісі – Сергей Мельцер. Сахналық биін қойған – Гүлжан Дәулетқұлова. Аталмыш қойылым арқылы режиссер А.Зайцев қуыршақ театры сахнасына жаңа леп әкелді. Пьесаның мазмұны ауыр болғанымен, беретін тәрбиесі мол. Кез келген жастағы көрерменнің көңілін оятып, жүрегіне иман ұялатпақ. Анадан туған жалғыз ұл жоқшылықты місе тұтпай, ар көріп, анасына қарсы шығады. Тас қаланың тас жүрек жастарына қо­сылған жетесіз ұл, «балам» деп еңіре­ген ананың көз жасы қойылымның басты идеясын ашып көрсетпек. Баласының туған күніне қолында қалған жалғыз жанып тұрған балауыз шырақты сыйға тартпақ болған ана жүрегі сол шырақпен бірге сөнеді. Режиссер Антон Зайцев осы бір шынайы өмірді қуыршақ сахнасында қуыршақ тілінде сөйлетуді мақсат еткен. Ана бейнесінде – актриса Толқын Тлеулиева, қуыршақ бала – актер Руслан Абу және көпшілік сахнада театр артистері өнер көрсетті.

 

Жадыра Аққайыр

https://aikyn.kz/2017/10/11/29632.html