Алматы мемлекеттік қуыршақ театры кезекті 83-маусымын ашты. Бұл мереке театр артистерінің қатысуымен, театр фасадында ақын, драматург Иран-Ғайыптың «Бөшке» драмасының негізінде режиссер Рүстем Жаныаманов сахналаған көріністен бастау алды.
Жаңа маусым жаңалықтарға толы болмақ. Театр ұжымы Рақымжан Отарбаевтың «Сағыныш шөбі», Еркін Жуасбектің «Тоба» қойылымдарын, Б.Жораевтың «Батыр мен Алабай», «Қожа мен спорт», Исрайыл Сапарбайдың «Сыған серенадасы», Эрнст Теодор Амадей Гофманның «Щелкунчик» атты туындыларын кішкентай көрермендерге сахналап, тарту ететін болады. Сонымен бірге, қазан айының 20-24 аралығында Түркияда өтетін ІІІ халықаралық театр фестиваліне «Арыстанның үрейін қалай емдеу керек?» және «Қуыршақ думан» қойылымдарымен қатысуды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ Евгений Ионовтың «Ана жүрегі» спектаклінің премьерасы көрермен назарына ұсынылды. Қоюшы режиссері – Антон Зайцев. Қоюшы суретшісі – Сергей Мельцер. Сахналық биін қойған – Гүлжан Дәулетқұлова. Аталмыш қойылым арқылы режиссер А.Зайцев қуыршақ театры сахнасына жаңа леп әкелді. Пьесаның мазмұны ауыр болғанымен, беретін тәрбиесі мол. Кез келген жастағы көрерменнің көңілін оятып, жүрегіне иман ұялатпақ. Анадан туған жалғыз ұл жоқшылықты місе тұтпай, ар көріп, анасына қарсы шығады. Тас қаланың тас жүрек жастарына қосылған жетесіз ұл, «балам» деп еңіреген ананың көз жасы қойылымның басты идеясын ашып көрсетпек. Баласының туған күніне қолында қалған жалғыз жанып тұрған балауыз шырақты сыйға тартпақ болған ана жүрегі сол шырақпен бірге сөнеді. Режиссер Антон Зайцев осы бір шынайы өмірді қуыршақ сахнасында қуыршақ тілінде сөйлетуді мақсат еткен. Ана бейнесінде – актриса Толқын Тлеулиева, қуыршақ бала – актер Руслан Абу және көпшілік сахнада театр артистері өнер көрсетті.
Жадыра Аққайыр
https://aikyn.kz/2017/10/11/29632.html