Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Қуыршақ театрында мереке

26 Қазан 2023

Алматыда қалалық Мәдениет басқармасының қолдауымен Республика күні аясында I Халықаралық «Almaty Puppet Festival» қуыршақ театрлар фестивалі өтті. Қуыршақ театры өнерінің көркемдік-эстетикалық ізденісі арқылы театр жанрының көкжиегін кеңейте отырып, халықаралық шығармашылық қатынасты нығайту, көрерменді қуыршақ театры әлемінің заманауи шығармашылығымен таныстыру мақсатында ұйымдастырылған фестиваль бірнеше күнге созылды.

Фестивальде Польша, Грузия, Болгария, Түркия, Өзбекстан, Қазақстаннан 14 үздік театр ұжымы мен 150-ге жуық қуыршақ шеберлері өнер көрсетті. 
– Фестивальдің репертуары өте қы­зықты. Бұл жерде үлкен адамдарға ар­нал­ған 18+ қойылымдармен қатар кішкентай көрермендерімізге арналған 1 жастан асқан балалардан бастап, 3 жас, 5 жас, 12 жас деп әртүрлі жастарға бөлінеді. Мұның өзі қуыршақ театрының еліміздің әр қырынан дамып отырғандығын көрсетіп береді, – деді қазылар алқасының төрағасы Меруерт Жақсылықова. 
Өнер мерекесі аясында қойылымдар көрсетілімінен тыс фестиваль қатысушы­ларының арасында аталған саладағы мамандардың кәсіби деңгейін арттыру мақсатында үздік қуыршақ шеберлерінің жетекшілігімен «Қуыршақ театры суретші көзімен», «Грим және театр», «Қуыршақ театрындағы режиссёрлік ізденістер», «Пантомима және қуыршақ: органикалық байланыс» тақырыбында шеберлік сағаттар мен дәрістер ұйымдастырылды. 
– Сіздердің мемлекеттік қуыршақ ­театрын осыдан бір жыл бұрын Варна қала­сында өткен «Алтын дельфин» атты халық­аралық фестивалінен бері білемін. Сол кезде Шекспирдің Ромео мен Джульетта спектаклін алып келген болатын. Сондай-ақ Болгарияның Бургас қаласында 2 ай бұ­рын өткен фестивальде Алматы қуыршақ театры бас жүлдені жеңіп алған еді, – деді қа­зылар алқасының мүшесі Сава Дрогунчев. 
Айта кетейік, Алматы қаласының Мем­­лекеттік қуыршақ театры – тарихы 1935 жылдан бастау алатын республика тарихындағы тұңғыш қуыршақ театры. Бүгінде өнер ордасы таяқ қуыршақтан бастап, заман ағымына сай күрделі марионеткалар, соңғы үлгідегі техникалық-лазерлі көркемдеулермен жабдықталған. 88 жылдық тарихы бар өнер ордасы әр жыл сайын көрермен талғамы мен қызығу­шылығына сай қазіргі таңдағы өзекті де белді оқиғаларды кішкентай бүлдір­шіндер мен ересектердің сұранысына сай қойы­лымдар арқылы арнасын толықтырып, жаңаша тың жобаларды іске асыруды басты мақсат санайды.  
Фестивальден әлемдік және отандық қуыршақ театрының даму тенденциялары, жаңашыл бағыттары мен заманауи ерекшеліктерін айқындайтын қойылымдар ұсыну арқылы қала тұрғындары мен қо­нақтарының рухани құндылықтарын арттыру, Алматы қаласының халықаралық деңгейде имиджінің қалыптасуына үлес қосу сынды нәтижелер күтіліп отыр. 

Ақбота Мұсабек

"Ана тілі" газеті

Сілтеме: https://anatili.kazgazeta.kz/news/62409