Алматыда қалалық Мәдениет басқармасының қолдауымен Республика күні аясында I Халықаралық «Almaty Puppet Festival» қуыршақ театрлар фестивалі өтті. Қуыршақ театры өнерінің көркемдік-эстетикалық ізденісі арқылы театр жанрының көкжиегін кеңейте отырып, халықаралық шығармашылық қатынасты нығайту, көрерменді қуыршақ театры әлемінің заманауи шығармашылығымен таныстыру мақсатында ұйымдастырылған фестиваль бірнеше күнге созылды.
Фестивальде Польша, Грузия, Болгария, Түркия, Өзбекстан, Қазақстаннан 14 үздік театр ұжымы мен 150-ге жуық қуыршақ шеберлері өнер көрсетті.
– Фестивальдің репертуары өте қызықты. Бұл жерде үлкен адамдарға арналған 18+ қойылымдармен қатар кішкентай көрермендерімізге арналған 1 жастан асқан балалардан бастап, 3 жас, 5 жас, 12 жас деп әртүрлі жастарға бөлінеді. Мұның өзі қуыршақ театрының еліміздің әр қырынан дамып отырғандығын көрсетіп береді, – деді қазылар алқасының төрағасы Меруерт Жақсылықова.
Өнер мерекесі аясында қойылымдар көрсетілімінен тыс фестиваль қатысушыларының арасында аталған саладағы мамандардың кәсіби деңгейін арттыру мақсатында үздік қуыршақ шеберлерінің жетекшілігімен «Қуыршақ театры суретші көзімен», «Грим және театр», «Қуыршақ театрындағы режиссёрлік ізденістер», «Пантомима және қуыршақ: органикалық байланыс» тақырыбында шеберлік сағаттар мен дәрістер ұйымдастырылды.
– Сіздердің мемлекеттік қуыршақ театрын осыдан бір жыл бұрын Варна қаласында өткен «Алтын дельфин» атты халықаралық фестивалінен бері білемін. Сол кезде Шекспирдің Ромео мен Джульетта спектаклін алып келген болатын. Сондай-ақ Болгарияның Бургас қаласында 2 ай бұрын өткен фестивальде Алматы қуыршақ театры бас жүлдені жеңіп алған еді, – деді қазылар алқасының мүшесі Сава Дрогунчев.
Айта кетейік, Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры – тарихы 1935 жылдан бастау алатын республика тарихындағы тұңғыш қуыршақ театры. Бүгінде өнер ордасы таяқ қуыршақтан бастап, заман ағымына сай күрделі марионеткалар, соңғы үлгідегі техникалық-лазерлі көркемдеулермен жабдықталған. 88 жылдық тарихы бар өнер ордасы әр жыл сайын көрермен талғамы мен қызығушылығына сай қазіргі таңдағы өзекті де белді оқиғаларды кішкентай бүлдіршіндер мен ересектердің сұранысына сай қойылымдар арқылы арнасын толықтырып, жаңаша тың жобаларды іске асыруды басты мақсат санайды.
Фестивальден әлемдік және отандық қуыршақ театрының даму тенденциялары, жаңашыл бағыттары мен заманауи ерекшеліктерін айқындайтын қойылымдар ұсыну арқылы қала тұрғындары мен қонақтарының рухани құндылықтарын арттыру, Алматы қаласының халықаралық деңгейде имиджінің қалыптасуына үлес қосу сынды нәтижелер күтіліп отыр.
Ақбота Мұсабек
"Ана тілі" газеті