Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Қуыршақ театрының құпиясы

30 Наурыз 2023

Халықаралық Театр күні мерекесі көктеммен, жақсылықтың жаршысы, жаңа жылдың бастауы Наурызбен бірге келіп жетеді. Асыра айтқандық емес, елдегі ең ескі театрлардың бірі, алдағы жылы торқалы тоқсан жасын қарсы алғалы отырған Алматы Мемлекеттік Қуыршақ театры балаларға арналған барлық өнер мекемелерінің ішіндегі маңдайалдысы. Театрдың киім ілгіштен басталатынын бәрі біледі, бірақ шымылдық сыртындағы сахна өмірі екінің біріне құпиясын аша бермейді. Кішкентай көрерменнің көз алдында әлемді сиқырға айналдырып жіберетін сирек мамандық иелері кәсіби мерекесіне орай кішкентай көрермендері мен баспасөз өкілдерін шақырып, арнайы таныстыру турын жасады. Тілшілерді шақырып, таныстыру мақсаты – жұмбақ әрі тылсымға толы Қуыршақ театры жұмысының көп қырлы екенін көрсету.

Баланың қанша жаста екеніне қарамастан оған естен кетпес әсер сыйлайтын пьесалардың ең алдымен әдеби негізі қызықты болуы керек. Қойылым мақсаты – баланы ойландыру, ненің дұрыс, ненің бұрыс екеніне көзін жеткізіп, мөлдір мінезді бойына сіңіріп, тәрбиелеу. Балаларға арналған спектакльдің орташа ұзақтығы 40-50 минут деп есептесек, әртіске сағатқа жуық бүкшеңдеп ауыр қуыршақтарды жетелеп жүріп кейіпкер образын ойнап шығу оңай емес. Оның сыртында көрермен біле бермейтін қуыршақ жасау, оларға киім тігу, қимыл-әрекетін келтіру, дауысын салу, бір сөзбен айтқанда, бағалы тасты күні-түні қырнап-жонып жарқыраған әшекейге айналдыратын зергер сияқты, шығармашылық және техникалық құрамның бірлікте жүріп толассыз атқаратын толып жатқан сахна жұмысы бар.

Алматы Қуыршақ театры тәр­бие­лік-таным­дық маңызы зор­ «Ес­те­ сақта, бала­қай!»­ атты жаңа ­қо­йы­­лымының премьерасы­ алдын­да қуыр­шақ жүргізу өнері­нің қыр-сы­­рымен таныстырып, көп­ші­­лік­ үшін шеберлік сабақтарын өт­кізді. Қуыр­шақтар әртүрлі: таяқ қуыр­­шақ, бой­лы қуыршақ, планшет қуыршақ, бес­сау­сақты қолғап қуыршақ, марионетка, тағы­ басқа түр­лері бар. Тоқсан жылға жуық­ тари­хында театрдың мұрағатында жинақ­талған қуыршақ қоры аса мол.

– Алуан түрлі қуыршақтардың жа­са­лу техникасы күрделі әрі қы­зық.­ Жарты сағат­тың айналасында жа­сала салатын­ қуыршақтар да бола­ды немесе бір қуыр­шақ­ты жа­сау­ үшін айлар бойы жұмыс істеу­­г­е­ тура келеді. Оның себебі де әр­түр­лі, соған қарамастан біз үшін қол­дан кел­мейтін мүмкін емес нәр­се жоқ. Алды­мен кейіпкердің суретін салып, эски­зін әзірлейміз, соңыра ағаштан, темір­ден,­ резеңкеден  қалыбын  жасаймыз. Тігін­­ші­лер костюм әзірлейді,– дейді­ он жыл бойы қуыршақ жасаумен айналысып келе жат­қан суретші-шебер Болат Аманқұл.

Бұл ауқымды жұмыстың бас­тапқы кезеңі ғана, қуыршақ әзір­леніп болған соң жұмысқа ак­тер кіріседі. Әртіс пен қуыр­шақ табысатын кезең нағыз шығар­ма­шылық ізденіске жол ашады. Сах­надағы шығармаға байланыс­ты­ әрқайсысына пішін, мінез беру­ қуыршақ жасайтындардан­ да, әртістен де ыждағатты жауап­кершілікті талап етеді. Актер­ қуыршаққа жалғанып, бес­ сау­сағына байланған жіптен яки­ сымтемірінен тартқанда, жан­сыз қуыршақтардың бәрі қоз­ға­лысқа келіп, тірі ағзаға айналып­ сала береді. Әдетте балалар бір есті­ген ертегісін тағы да жүз рет­ тыңдағысы келетіні бар. Қай­та­лаған сайын қиялы да самғай тү­седі. Сол естіген ертегісін қуыр­шақтар орындап бергенде, өз­ қиялының шындыққа айналаты­ны­ сондай, образдар мәңгілік ұмы­тылмастай жүрегіне ұя салады.­ Қуыр­шақ театрының әртісі жады­ мен жүректе өшпестей сақ­талатын осы жалқы сәт үшін ты­нымсыз еңбектенеді. Бала бол­мысының қастерлі мекені қуыр­шақ өнері ордасына өмірін арнап келе жатқан талантты әртіс Бақытжан Қаюов сәби жүрегіне жылылық ұялатудың әдіс-тәсілімен бөліскенде, ықыласты пейілмен  әңгімелей жөнелгені осыны аңғартады.

1983 жылы Өнер инс­ти­ту­ты­­ның дра­ма­ өнері факультетін бі­ті­­ре­ сала, Мем­ле­кет­тік Қуыр­шақ­ театры­мен өмірін бай­ланыс­ты­рып,­ қырық жылдан бері  қыз­мет­­ етіп келе жатқан Еркеш Жүні­сова: «Біз­дің театрымызда қуыр­шақ өнерінің бар­лық жүйесі жұмыс­ істейді. Әлемдік сах­на­да­ нендей жетістік бар, соның бар­­лығы ұлттық сахнамыздың ажа­р­ын­ ашып жүр. Марионетка, ша­ғын кейіпкерді бей­нелейтін план­шетті, адам бойымен бір­дей таяқ қуыршақтар, бес саусақты қол­ғап қуыршақтар, қай-қайсысын болса­ да, театр әртістері кәсіби түрде шебер мең­герген. Балаға қуаныш сыйлағаннан ас­қан бақыт бола ма, кішкентай көрер­мен­деріміздің күлгені, шаттанғаны бізге ша­быт сыйлайды», дейді. 

 «Қуыршақ театры – балалар үшін» де­ген түсінік бұл күнде түп тамырымен ескір­ген. Қуыршақ театрының есігін бір мәр­те ашып көрмегендердің арасында оны­ балаларға ғана қызмет көрсететін және естияр адамдардың бала секілді ерке­леп, өтірік дауыспен сөйлеп, өнер көр­сететін орны деп ойлайтындары да бар.­ Мүлде олай емес екеніне бүгінгі Қуыр­шақ театры әртістерінің өнері дәлел, олар­ кейіпкерінің көлеңкесінде жүретін ескі тәсілден әлдеқашан қол үзген. Кез кел­ген дипломды актер драма театрының әрті­сі болып ойнай алуы мүмкін, алайда ака­демиялық, мемлекеттік театрлардың сол әртістері Қуыршақ театрының сахна­сын­да ойнау қажеттілігі туа қалса, жақ­сы­лап тұрып ойланып алар еді. Себебі қуыр­шақ театрының әртісі болуға кез келген актердің жүрегі дауалай бермейді. 

Бүгінгі күні театр балаларға ғана емес, ересектерге арналған спектакльдер де ұсынып, әлемдік классиканың жауһарына айналған «Медея», «Макбет», «Ана – Жер Ана», «Мен деп ойла...» секілді спек­такльдерді өз көрермендеріне тар­ту етті. Ұлттық қуыршақ өне­р­іне енгізілген бұл әлемдік тәжі­ри­бе­ өміршеңдігін танытып, аталған қо­йылымдардың барлығы да халық­аралық бәйгелерде топ жарып, жүлделер еншілеп жүр.

– Біз репертуарымыздың түр­лі­­ тақырыптан түзілгенін, алуан­ түрлі идеяны қозғағанын қалай­мыз­. Сол себепті алдағы премьера­мыз 2000 жылғы Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов туралы бол­мақ. Ұлтымыздың үлгі тұтар ұл­дарын, кешегі, бүгінгі деп бөліп­-жармастан ерлікті, елдікті дәріп­тейтін жақсы дүниемізді бала­ танымына лайықтап дәріптей бер­геніміз маңызды, – дейді Ал­ма­ты Мемлекеттік Қуыршақ теат­ры­ның директоры Алмат Әбдірахманов.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ

"Egemen Qazaqstan" газеті порталы

Сілтеме: https://egemen.kz/article/338844-quyrshaq-teatrynynh-qupiyasy