Халықаралық Театр күні мерекесі көктеммен, жақсылықтың жаршысы, жаңа жылдың бастауы Наурызбен бірге келіп жетеді. Асыра айтқандық емес, елдегі ең ескі театрлардың бірі, алдағы жылы торқалы тоқсан жасын қарсы алғалы отырған Алматы Мемлекеттік Қуыршақ театры балаларға арналған барлық өнер мекемелерінің ішіндегі маңдайалдысы. Театрдың киім ілгіштен басталатынын бәрі біледі, бірақ шымылдық сыртындағы сахна өмірі екінің біріне құпиясын аша бермейді. Кішкентай көрерменнің көз алдында әлемді сиқырға айналдырып жіберетін сирек мамандық иелері кәсіби мерекесіне орай кішкентай көрермендері мен баспасөз өкілдерін шақырып, арнайы таныстыру турын жасады. Тілшілерді шақырып, таныстыру мақсаты – жұмбақ әрі тылсымға толы Қуыршақ театры жұмысының көп қырлы екенін көрсету.
Баланың қанша жаста екеніне қарамастан оған естен кетпес әсер сыйлайтын пьесалардың ең алдымен әдеби негізі қызықты болуы керек. Қойылым мақсаты – баланы ойландыру, ненің дұрыс, ненің бұрыс екеніне көзін жеткізіп, мөлдір мінезді бойына сіңіріп, тәрбиелеу. Балаларға арналған спектакльдің орташа ұзақтығы 40-50 минут деп есептесек, әртіске сағатқа жуық бүкшеңдеп ауыр қуыршақтарды жетелеп жүріп кейіпкер образын ойнап шығу оңай емес. Оның сыртында көрермен біле бермейтін қуыршақ жасау, оларға киім тігу, қимыл-әрекетін келтіру, дауысын салу, бір сөзбен айтқанда, бағалы тасты күні-түні қырнап-жонып жарқыраған әшекейге айналдыратын зергер сияқты, шығармашылық және техникалық құрамның бірлікте жүріп толассыз атқаратын толып жатқан сахна жұмысы бар.
Алматы Қуыршақ театры тәрбиелік-танымдық маңызы зор «Есте сақта, балақай!» атты жаңа қойылымының премьерасы алдында қуыршақ жүргізу өнерінің қыр-сырымен таныстырып, көпшілік үшін шеберлік сабақтарын өткізді. Қуыршақтар әртүрлі: таяқ қуыршақ, бойлы қуыршақ, планшет қуыршақ, бессаусақты қолғап қуыршақ, марионетка, тағы басқа түрлері бар. Тоқсан жылға жуық тарихында театрдың мұрағатында жинақталған қуыршақ қоры аса мол.
– Алуан түрлі қуыршақтардың жасалу техникасы күрделі әрі қызық. Жарты сағаттың айналасында жасала салатын қуыршақтар да болады немесе бір қуыршақты жасау үшін айлар бойы жұмыс істеуге тура келеді. Оның себебі де әртүрлі, соған қарамастан біз үшін қолдан келмейтін мүмкін емес нәрсе жоқ. Алдымен кейіпкердің суретін салып, эскизін әзірлейміз, соңыра ағаштан, темірден, резеңкеден қалыбын жасаймыз. Тігіншілер костюм әзірлейді,– дейді он жыл бойы қуыршақ жасаумен айналысып келе жатқан суретші-шебер Болат Аманқұл.
Бұл ауқымды жұмыстың бастапқы кезеңі ғана, қуыршақ әзірленіп болған соң жұмысқа актер кіріседі. Әртіс пен қуыршақ табысатын кезең нағыз шығармашылық ізденіске жол ашады. Сахнадағы шығармаға байланысты әрқайсысына пішін, мінез беру қуыршақ жасайтындардан да, әртістен де ыждағатты жауапкершілікті талап етеді. Актер қуыршаққа жалғанып, бес саусағына байланған жіптен яки сымтемірінен тартқанда, жансыз қуыршақтардың бәрі қозғалысқа келіп, тірі ағзаға айналып сала береді. Әдетте балалар бір естіген ертегісін тағы да жүз рет тыңдағысы келетіні бар. Қайталаған сайын қиялы да самғай түседі. Сол естіген ертегісін қуыршақтар орындап бергенде, өз қиялының шындыққа айналатыны сондай, образдар мәңгілік ұмытылмастай жүрегіне ұя салады. Қуыршақ театрының әртісі жады мен жүректе өшпестей сақталатын осы жалқы сәт үшін тынымсыз еңбектенеді. Бала болмысының қастерлі мекені қуыршақ өнері ордасына өмірін арнап келе жатқан талантты әртіс Бақытжан Қаюов сәби жүрегіне жылылық ұялатудың әдіс-тәсілімен бөліскенде, ықыласты пейілмен әңгімелей жөнелгені осыны аңғартады.
1983 жылы Өнер институтының драма өнері факультетін бітіре сала, Мемлекеттік Қуыршақ театрымен өмірін байланыстырып, қырық жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Еркеш Жүнісова: «Біздің театрымызда қуыршақ өнерінің барлық жүйесі жұмыс істейді. Әлемдік сахнада нендей жетістік бар, соның барлығы ұлттық сахнамыздың ажарын ашып жүр. Марионетка, шағын кейіпкерді бейнелейтін планшетті, адам бойымен бірдей таяқ қуыршақтар, бес саусақты қолғап қуыршақтар, қай-қайсысын болса да, театр әртістері кәсіби түрде шебер меңгерген. Балаға қуаныш сыйлағаннан асқан бақыт бола ма, кішкентай көрермендеріміздің күлгені, шаттанғаны бізге шабыт сыйлайды», дейді.
«Қуыршақ театры – балалар үшін» деген түсінік бұл күнде түп тамырымен ескірген. Қуыршақ театрының есігін бір мәрте ашып көрмегендердің арасында оны балаларға ғана қызмет көрсететін және естияр адамдардың бала секілді еркелеп, өтірік дауыспен сөйлеп, өнер көрсететін орны деп ойлайтындары да бар. Мүлде олай емес екеніне бүгінгі Қуыршақ театры әртістерінің өнері дәлел, олар кейіпкерінің көлеңкесінде жүретін ескі тәсілден әлдеқашан қол үзген. Кез келген дипломды актер драма театрының әртісі болып ойнай алуы мүмкін, алайда академиялық, мемлекеттік театрлардың сол әртістері Қуыршақ театрының сахнасында ойнау қажеттілігі туа қалса, жақсылап тұрып ойланып алар еді. Себебі қуыршақ театрының әртісі болуға кез келген актердің жүрегі дауалай бермейді.
Бүгінгі күні театр балаларға ғана емес, ересектерге арналған спектакльдер де ұсынып, әлемдік классиканың жауһарына айналған «Медея», «Макбет», «Ана – Жер Ана», «Мен деп ойла...» секілді спектакльдерді өз көрермендеріне тарту етті. Ұлттық қуыршақ өнеріне енгізілген бұл әлемдік тәжірибе өміршеңдігін танытып, аталған қойылымдардың барлығы да халықаралық бәйгелерде топ жарып, жүлделер еншілеп жүр.
– Біз репертуарымыздың түрлі тақырыптан түзілгенін, алуан түрлі идеяны қозғағанын қалаймыз. Сол себепті алдағы премьерамыз 2000 жылғы Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов туралы болмақ. Ұлтымыздың үлгі тұтар ұлдарын, кешегі, бүгінгі деп бөліп-жармастан ерлікті, елдікті дәріптейтін жақсы дүниемізді бала танымына лайықтап дәріптей бергеніміз маңызды, – дейді Алматы Мемлекеттік Қуыршақ театрының директоры Алмат Әбдірахманов.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ
"Egemen Qazaqstan" газеті порталы
Сілтеме: https://egemen.kz/article/338844-quyrshaq-teatrynynh-qupiyasy