Республика тарихындағы тұңғыш қуыршақ театры – Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры қазан айында мерейлі 85-маусымын ашуға бүгінде қызу дайындық үстінде.
Сахна өнеріне жүктелер қоғамдық салмақты тең тұрғыда көтеріп келе жатқан, жаңашылдыққа жаны құмар өнер ордасы қоғамдағы маңызын әлдеқашан дәлелдеген. 1935 жылы ашылған театр ордасы 84 жылдың ішінде таяқ қуыршақтан бастап бүгінгі заман ағымына сай күрделі марионеткалармен, соңғы үлгідегі теxникалық-лазерлі көркемдеулермен жабдықталған. Бүгінде ұлттың руxани қажеттілігін өтеп отырған өнер ұжымының алға қойған бағыты мен бағдары да айқын. Ол – қазақтың қуыршақ театры өнерін өркендету, кешегі мен бүгінгі өмір арасын өнердің биік шыңы арқылы шынайы көрсете білу.
Соңғы жылдары театр балдырғандарға арналған қойылымдардан тыс жасөспірімдер мен ересектерге арналған туындыларды қуыршақ бейнесінде сахналап, театр сыншылары мен қоғам зиялыларының, көрерменнің ыстық ықыласына бөленуде. Бүгінде патша көңілді көрермен әлемдік классикалық шығармалардағы Медея, Ромео мен Джульетта, Толғанай («Ана-Жер Ана»), ақиқық ақынымыз Мұқағали бейнесін көру үшін қуыршақ театрына асығады. Осыған орай елімізде және шетелдерде өткен республикалық, халықаралық театр фестивальдерінде топ жарып жүрген өнер ошағының репертуарлық саясатының ауқымы кең. Соның жалғасы ретінде ұжым қойылымдарының қатарына алғаш рет қуыршақ бейнесінде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев туралы сыр шертетін «Абай» спектаклін қоспақ.
Аталған қойылым Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өту аясында һәм «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша сахналанбақ. Қойылым режиссері – Антон Зайцев.
Абай ұлылығы мен дүниетанымы бір ғана халықтың шеңберіне сыймайды, данышпан ақынның дана ой-тұжырымдары мен шығармалары бүкіләлемдік мәдениетке қосылған алтын қор екенін назарға алсақ, Мемлекеттік қуыршақ театры ұжымының көрермен назарына ұсынғалы отырған «Абай» қойылымының негізгі мақсат-міндеті – Абай әлемінің бар құдіретін, болмыс-құпиясын төрткүл дүниеге сахна өнері арқылы барынша жан-жақты танытып, сол арқылы халқымыздың мәдени даму айшықтарын, ұлттық ерекшеліктері мен рухани жетістіктерін әлемге әйгілеу.
Спектакль ақынның қарасөздеріне негізделеді. Абай қарасөзінде өмір шындығын қозғаған реалист жазушы, халықтың мұң-мұқтажын көксеген демократ, қоғам қайраткері, ірі талант иесі, ағартушы, терең ойдың иесі болып көрінеді. Ол өзінің қарасөздері арқылы қазақ арасындағы озбырлыққа, қанауға, қара күшке негізделген ел билеу тәртібіне, зұлымдыққа, надандыққа, еңбексіз азған өмірге, бұзылған мінез-құлыққа, адамгершілікке, жүгенсіз тәлім-тәрбиеге, кертартпа әдет-ғұрыпқа, елдің санасындағы зиянды ұғым, теріс түсінікке қарсы шыққан заманының мейірімсіз сыншысы болды.
Сондай-ақ қарасөздер ақынның терең ойы мен ұлы арманын айқын көрсетті. Ғылыми, философиялық, моральдық діни мәселелер өлеңдерінен гөрі қарасөздерінде айқынырақ көрініс тапқандықтан, театрдың шығармашылық құрамы ойшылды жаңа бейнеде сахналап, көрерменімен қауыштыруға асық.
Мемлекеттік қуыршақ театрының ұжымы Алматы қаласының тұрғындары мен қала қонақтарын ғажайыпқа толы қуыршақтар әлеміне бірге саяхат жасап, өнер сүйер жандардың жанына рухани азық сыйлап, көңіл пердесін әсем күйге бөлеу үшін аталмыш спектакльді бірге тамашалауға шақырады.
"EGEMEN QAZAQSTAN" республикалық газеті