Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Қуыршақ театры жаңа маусымын ашады

26 Тамыз 2019

Республика тарихындағы тұңғыш қуыршақ театры – Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры қазан айында мерейлі 85-маусымын ашуға бүгінде қызу дайындық үстінде.

 

Сахна өнеріне жүктелер қо­ғамдық салмақты тең тұр­ғы­да көтеріп келе жатқан, жаңа­шыл­дыққа жаны құмар өнер ор­да­сы қоғамдағы маңызын әл­де­қашан дәлелдеген. 1935 жы­лы ашылған театр ордасы 84 жыл­дың ішінде таяқ қуыршақтан бас­тап бүгінгі заман ағымына сай күрделі марионеткалармен, соңғы үлгідегі теxникалық-ла­зерлі көркемдеулермен жаб­дықталған. Бүгінде ұлттың руxа­ни қажеттілігін өтеп отырған өнер ұжымының алға қойған ба­­ғыты мен бағдары да айқын. Ол – қазақтың қуыршақ театры өнерін өркендету, кешегі мен бү­гінгі өмір арасын өнердің биік шыңы арқылы шынайы көрсете білу.

Соңғы жылдары театр бал­дырғандарға арналған қойылым­дардан тыс жасөспірімдер мен ересектерге арналған туынды­ларды қуыршақ бейнесінде сах­налап, театр сыншылары мен қоғам зиялыларының, көрер­меннің ыстық ықыласына бө­ле­нуде. Бүгінде патша көңілді кө­рермен әлемдік классикалық шығармалардағы Медея, Ромео мен Джульетта, Толғанай («Ана-Жер Ана»), ақиқық ақы­ны­мыз Мұқағали бейнесін кө­ру үшін қуыршақ театрына асы­ғады. Осыған орай еліміз­де және ше­телдерде өткен респуб­лика­лық, халықаралық театр фес­ти­валь­дерінде топ жарып жүрген өнер ошағының репертуарлық сая­сатының ауқымы кең. Со­ның жалғасы ретінде ұжым қо­­йы­лым­дарының қатарына ал­ғаш рет қуыршақ бейнесінде қа­зақтың ұлы ақыны Абай Құ­нанбаев ту­ралы сыр шертетін «Абай» спек­таклін қоспақ.

Аталған қойылым Абай Құ­нан­байұлының 175 жылдық ме­рей­тойын атап өту аясында һәм «Ру­хани жаңғыру» бағдарламасы бойынша сахналанбақ. Қойылым режиссері – Антон Зайцев. 

Абай ұлылығы мен дүние­та­нымы бір ғана халықтың шең­беріне сыймайды, данышпан ақынның дана ой-тұжырымдары мен шығармалары бүкіләлемдік мәдениетке қосылған алтын қор екенін назарға алсақ, Мем­ле­кет­тік қуыршақ театры ұжы­мы­ның көрермен назарына ұсын­ғалы отырған «Абай» қойы­лымы­ның негізгі мақсат-міндеті – Абай әлемінің бар құдіретін, бол­мыс-құпиясын төрткүл дү­ние­ге сахна өнері арқылы барын­ша жан-жақты танытып, сол ар­­қы­лы халқымыздың мәдени да­му айшықтарын, ұлттық ерек­ше­ліктері мен рухани жетіс­тік­терін әлемге әйгілеу.

Спектакль ақынның қара­­­сөз­­деріне негізделеді. Абай қа­ра­­сөзінде өмір шындығын қоз­ғаған реалист жазушы, ха­лықтың мұң-мұқтажын көк­сеген демок­рат, қоғам қай­рат­кері, ірі талант иесі, ағар­ту­шы, терең ой­дың иесі болып кө­рінеді. Ол өзі­нің қа­ра­сөз­дері арқылы қазақ ара­сын­да­ғы озбырлыққа, қанауға, қара күш­ке негізделген ел билеу тәртібіне, зұлымдыққа, надан­дыққа, еңбексіз азған өмірге, бұзылған мінез-құлыққа, адам­гершілікке, жүгенсіз тәлім-тәр­биеге, кертартпа әдет-ғұрыпқа, ел­дің санасындағы зиянды ұғым, теріс түсінікке қарсы шық­­­қан заманының мейірімсіз сын­шысы болды.

Сондай-ақ қарасөздер ақын­­ның терең ойы мен ұлы арма­нын айқын көрсетті. Ғылыми, фило­софиялық, моральдық ді­ни мәсе­лелер өлеңдерінен гөрі қара­сөз­дерінде айқынырақ көрініс тап­қандықтан, театрдың шығар­машылық құрамы ойшылды жаңа бейнеде сахналап, көрерменімен қауыштыруға асық.

Мемлекеттік қуыршақ теат­рының ұжымы Алматы қала­сының тұрғындары мен қала қо­­нақтарын ғажайыпқа толы қуыр­шақтар әлеміне бірге саяхат жа­сап, өнер сүйер жандардың жанына рухани азық сыйлап, көңіл пердесін әсем күйге бөлеу үшін аталмыш спектакльді бірге тамашалауға шақырады.

 

 

"EGEMEN QAZAQSTAN" республикалық газеті