Озургети қалалық Александр Цуцунава атындағы кәсіби мемлекеттік драма театрының «Ит» спектаклі

 

Жанр: музыкалық қуыршақ спектаклі

Жас ерекшелігі: 6+

Ұзақтығы: 50 минут

 

Тілі: Грузин тілі

Өтетін орны: Үлкен зал

Өтетін уақыты: 22-қазан, 18:00

 

Спектакльдің шығармашылық құрамы:

- Автор – Нодар Думбадзе

- Режиссер, инсценировка авторы, суретші, музыкамен көркемдеуші – Николоз Сабашвили

- Қуыршақ суретшісі – Вакхо Коридзе

 

Спектакль туралы:

Белгілі грузин жазушысы, гуманист Нодар Думбадзенің «Ит» әңгімесінің желісімен сахналанған спектакль адалдық, мейірімділік, жанашырлық және адамгершілік құндылықтары сынды мәңгілік тақырыптарды қозғайды. Ит пен адамдар арасындағы қарым-қатынас арқылы достықтың, сенім мен шексіз берілгендіктің мәні ашылады.

Қойылымда қуыршақ театры мен драмалық театр өнері тоғысып, актерлер мен қуыршақтар сахнада қатар әрекет ететін өзіндік көркемдік тіл қалыптасады. Актерлік ойын мен қуыршақ өнерінің үйлесімі оқиғаны сахналық қимыл-қозғалыс пен бейнелі көркемдік шешімдер арқылы жеткізуге мүмкіндік береді.

Спектакльге Озургети мемлекеттік драма театрының кәсіби актерлері мен театр студиясының шәкірттері қатысып, түрлі буын өкілдерінің шығармашылық ынтымақтастығын қалыптастырады. Әсерлі оқиғасы, көркемдік бейнелері мен жалпыадамзаттық құндылықтарды арқау еткен мазмұны арқылы «Ит» спектаклі балалар мен ересек көрермендерге бірдей ой салып, ерекше әсер сыйлайды.

 

Театр туралы:

Грузияның Озургети қаласында орналасқан Александр Цуцунава атындағы мемлекеттік кәсіби драма театры – тамыры терең тарихқа ие, өзіндік шығармашылық дәстүрі бар өнер ордасы. Қаладағы театр өнерінің бастауы 1868 жылдан бері жалғасып келеді. Театр грузин кәсіби режиссурасының негізін қалаушылардың бірі, көрнекті режиссер Александр Цуцунаваның есімімен аталады. Оның көне грек сәулет өнері үлгісінде салынған зәулім ғимараты Грузияның маңызды мәдени нысандарының бірі саналады. 2016–2020 жылдары театр ғимараты күрделі жаңғыртудан өтіп, заманауи сахналық жабдықтармен қамтамасыз етілді. 2021 жылы жаңартылған театр шымылдығын қайта түріп, 153-ші шығармашылық маусымын бастады. Бүгінде Гурия өңіріндегі жалғыз кәсіби театр саналатын бұл өнер ордасы грузин сахна өнерінің дәстүрлерін сақтап, классикалық және заманауи драматургияны көрерменге ұсынып келеді.