Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Наурыз құпиясы

Жанр: Ертегі
Автор: Жазира Ахметова
Режиссер: Шохан Құлназаров
3+

«Наурыз құпиясы» спектаклі шым-шытырық оқиғалар мен таңғаларлық түрлі кейіпкерлер арқылы ғасырлардан мұра болып сақталған рухани құндылықтар, қазақы таным-түсінік, ұлттық салт-дәстүрлер, наным-сенімдерді дәріптейді. Көктем мерекесінің шырайын келтіріп, маңызын арттыратын мерекеде аңызға айналған кейіркерлер – Қыдыр ата, Күн мен Түн, Тышқаннан бастап Доңызға дейінгі Жыл иелері көрермендерге ұлттық ойындар мен билер ұсынып, наурыз мейрамының мәнін айшықтайды. Жаңа жыл иесі атануға таласқан жануарлар артықшылықтары мен жақсы қасиеттерін алға тартып, өнерлерін ортаға салады. Әділ шешім шығаруға бел байлаған Күн мен Түн байқау жариялап, жануарлардың ақылдылық, айлакерлік, шапшаңдық, тапқырлық қасиеттерін сарапқа салады. Олай болса, тартысты бәйгенің жеңімпазын бізбен бірге анықтауға шақырамыз! Спектакль кішкентай көрермендерді достыққа, адалдыққа, бірлікке, ұлтжандылыққа үндейді.