Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

«КУКАRT» Халықаралық театр фестивалі

25 Сәуір 2019

Өнер ордасы қараша айының 23-26 күндері аралығында Ресей Федерациясы Санкт-Петербург қаласында  «Е.Деммени атындағы Қуыршақ театрының» 100 жылдық және аталмыш фестивальдің 25 жылдық мерейтойының құрметіне ұйымдастырылған «КУКАRT» Халықаралық театр фестиваліне А.Зайцев режиссерлігімен сахналанған «АНА ЖҮРЕГІ» спектаклімен қатысады. 

        «Ана жүрегі» -  анаға деген құрмет, ананың қадірі жайында күрделі ойды баяндайтын, заманауи театр стилистикасының негізінде сахналанған спектакль. Қойылым бірнеше халықаралық театр фестивальдерінен жүлдемен оралып, көрермен көзайымына айналған. Қаншама ғасыр өтсе де, өмірдің кілтін ұстап тұрған «ана» мен «бала» ұғымы ешқашан құндылығын жоғалтқан емес. Ана балаға, бала анаға тәуелді. Бірақ, бүгінгі заманда біз бұл түсінікті қалай қабылдаймыз?! Міне, осы сауалға жауап іздейтін қойылым қуыршақтар бейнесінде тіл қатады. Хореография, пантомима, сатира элементтерін сабақтастыра отырып сахналанған туынды өз кезегінде көрермендердің эстетикалық талғамының өсуіне ықпал ете отырып, ерекше әсерге бөлейтіні анық. 

        Сондай-ақ, 24-30 қыркүйек күндері аралығында Ресей Федерациясы, Омск қаласында өтетін «В ГОСТЯХ У «АРЛЕКИНА» атты  VI Халықаралық театр фестиваліне де «АНА ЖҮРЕГІ» қойылымымен қатысады. Спектакль режиссері – А.Зайцев. Ана тақырыбы қай кезеңде де қасиетті, ол ұлтқа, уақытқа бөлінбейді. Ана болмысын, кеше мен бүгіннің өзара үндестігін, анаға көрсетілер құрмет пен шексіз махаббаттың үлгісін әр режиссер өзінше жеткізгісі келеді. Қуыршақ театры сахнасына шыққан ана бейнесі, режиссердің өзіндік көзқарасы мен психологиялық-пластикалық шешімге құрылған спектаклі шетелдік сарапшылар мен көремендерден өз бағасын алатынына сеніміміз мол.

        Сонымен қатар, ағымдағы жылдың қазан айының 19-26 күндері аралығында театр ұжымы кезекті рет Түркия мемлекеті, Анкара қаласында өтетін  V Халықаралық  «АНКАРА» қуыршақ театрлары фестивалінде өнер көрсететін болады. Аталмыш фестивальге «РОМЕО МЕН ДЖУЛЬЕТТА» (авт.: У.Шекспир, реж.: Д.Жұмабаева) және «АНА ЖҮРЕГІ» (авт.: Е.Ионов, реж.: А.Зайцев) қойылымдары шақырту алғанын хабарлаймыз.