Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Қуыршақ думаны театр мәртебесін асқақтатсын

1 Тамыз 2017

Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығы аясында екіжақты бірлескен мәдени шаралар өтіп жатқаны белгілі. Алматы Қуыршақ театры бұған дейін Қазақстан Республикасының Түркиядағы елшілігінен арнайы Алғыс хат алғанын да айтып, сүйіншілеген болатынбыз. Қуыршақ театрының өзге театрлардан артықшылығы бар. Бұл театр бала боп сөйлейді, бала боп күледі, бала боп қайғырады. Ал, бұндай үлкен өнер екінің бірінің қолынан келе бермейді. Театрды қалыптасқан түсінік бойынша тірі ағза десек, оның ұдайы ізденісте, ұдайы ағза жаңарту процесінде жүретінін айта кету керек. Ол дегеніміз, тарихы тереңдегі, ізденісі бүгіншіл театрдың тынымсыз еңбек үстінде екендігін айтқанымыз. Түркия сапары да сондай үлкен ізденістердің дәлелі. Қуыршақ театры ұжымы жаңашылдыққа құмар. Олардың мұндай халықаралық іссапарларға шығуы бала көңіліне жол табудың жаңа қырларын  іздеу. Жақсыны көрмекке деген сөз бар. Өзге елдерден келген әріптестермен пікір алмасу, ортақ шығармашылықтағы үздік үлгілерді өз елімізге әкелу Қуыршақ театрының ұстанатын кредосы. Шілде айының 29-ы мен тамыз айының 6-сы аралығын қамтитын  Халықаралық фестивалінде фестивальге қатысушылар  Алматы Қуыршақ театрының «Қуыршақ думан» қойылымын тамашалайды. Бірнеше ұлттың әнін, биін сонымен бірге қазіргі жастарға беймәлім болып бара жатқан халық әртістеріміздің үнімен бір шығармада тоғыстыратын қойылым абыройымызды асқақтатады деп сенеміз. Алматылықтардың аманатын арқалап кеткен театр ұжымына сәттілік тілейміз. Биік өнер көрсетіп, үздік бағаға ие болатынына сенеміз. «Қуыршақ думаны» фестиваль думанының көрігін қыздырсын!

 

Динара Сұлтан