Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Алматы қуыршақ театры алғаш рет канадалық көрерменге өз өнерін көрсетпек!

20 Маусым 2024

2024 жылдың 3-6 шілде аралығында Канада елінің Оттава қаласында І Халықаралық «Оттава» қуыршақ театрларының фестивалі өткізілмек және оған Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры отандық театрлар арасынан алғаш болып қатысқалы отыр. Канадалық көрермендер үшін қуыршақ театрының шығармашылық ұжымы әлемге әйгілі ағылшын драматургі Уильям Шекспирдің атақты пьесасына негізделген «Ромео мен Джульетта» қойылымын ойнайды.

«Ромео мен Джульетта» – бірін-бірі құлай сүйген, бірақ бақытты өмірге аяқ баса алмаған екі ғашық туралы сюжеті баршамызға белгілі трагедия. Алматы қуыршақ театрының осы бір әйгілі оқиға бойынша ұсынған интерпритациясы театр репертуарындағы ерекше орын алатын туындылардың біріне айналғанм және беделді халықаралық және республикалық фестивальдерде жүлделі орындарға лайықты деп танылған. Атап айтқанда, 2022 жылы бұл қойылым Болгариядағы «Алтын дельфин» халықаралық театр фестивалінде «Гран-При», «Үздік ер адам рөлі», «Үздік дебют» номинацияларын иеленді. Ал 2021 жылы бұл қойылым еліміздің драмалық театрлары қатысқан «Сын – шын болсын» республикалық театр фестивалінде «Гран-При» сыйлығына лайықты деп танылды. Ересектер аудиториясына арналған осы бір қойылымның режиссері – «Ана-жер ана», «Макбет. Иллюзия», «Шал мен теңіз», «Ақ кеме» сынды қойылымдарымен белгілі Дина Жұмабаева. Спектакль суретшісі – Юлия Чернова, хореографы – Анна Цой. Басты рөлдерде – Ұлан Асанбек, Ұлпан Серік, Мақсат Камалов, Арай Сақтағанова, Шохан Құлназаров және Арайлым Байырбекова.

 Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры І Халықаралық «Оттава» қуыршақ театрлар фестивалі аясында өз өнерін канадалық көрерменнің назарына ұсынатын ең алғашқы қазақстандық театр болмақ. «Ромео мен Джульетта» спектаклі Оттава қаласында көрермендерге екі рет көрсетіледі: 3-ші және 4-ші шілде күндері сағат 19.00-де Оттава Университетінің «Academic Hall» сахнасында. Осы бір фестивальге қатысу қуыршақ театры үшін халықаралық аренада қазақ мәдениеті мен қуыршақ өнерін насихаттауға үлкен мүмкіндік беріп, Қазақстан мен Канада арасындағы шығармашылық байланыстар мен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етерлік маңызды іс-шара болмақ.