Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Қуыршақ театры халықаралық "Ортеке" фестиваліне жолдама алды

25 Сәуір 2023

Балдырғандардың өнермен танысатын алғашқы мәдениет ошағы, қазақ қуыршақ театрларының қара шаңырағы саналатын Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры елімізде өтетін әлемдік қуыршақ өнерінің таңдаулылары тарландары өнер көрсететін VI Халыкаралық "Ортеке" қуыршақ театрлар фестиваліне жолдама алды.

Кәсіби қуыршақ өнерін дамыту, дарынды артисттер мен режиссерлерді даралау, қуыршақ өнері актерлерінің кәсіби және орындаушылық шеберлік деңгейін арттыру сондай-ақ, отандық қуыршақ өнерінің әлемдік аренаға шығуына жағдай жасауды басты назарда ұстайтын аталмыш фестиваль биыл да өз мақсатынан танбақ емес. Түрлі елдердің қуыршақ өнерінің арасындағы мәдени көпірге айналған биылғы фестивальде Түркия, Грузия, Армения, Корей Респубикасының және отандық барша қуыршақ театрлары үздік туындыларын ұсынбақ.

87 жылдық тамыры терең тарихы мен тағылымы қатар ұштасқан Алматы Мемлекеттік театры  ұжымы қуыршақтар әлемі тек балдырғандарға ғана емес, жасөспірімдер мен ересектерге де арналған театр екендігін дәлелдеп келеді. Осы орайда театр ұжымы аталмыш фестивальге, театр ордасында қалыптасқан үрдістен ауытқыған жаңаша бағытта, заманауи форматтағы символикалық шешімдермен ерекшеленетін фантасмагория жанрындағы «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай» қойылымын ұсынбақ. Қойылым режиссері - Антон Зайцев, суретшісі - Юлия Чернова, инсценировка – авторы - Елена Локшина, балетмейстері - Гүлжан Дәулетқұлова. 

Ұлы ойшыл философиясының терең астарын өзгеше қырынан ашып, ақын образын классикалық тұрғыда көрсететін әдеттегі қойылымдардан өзгерек бұл туынды, қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбайұлының адамгершілік пен адами құндылықтарға негізделген ұлы мұрасы қара сөздері мен алғашқы шығармаларынан-ақ үлкен сурекерлік өнерпаздығын танытқан ірі қаламгер М.Әуезовтың "Абай жолы" романы желісі бойынша сахналанған. Қойылымда Абайдың дана тұлға ғана емес, сонымен қатар ұлы философ, ірі суреткер екендігі басым көрінеді. 

Шет елдік және отандық он үштен астам театр ұжымдары өнер көрсететін фестивальде Мемлекеттік қуыршақ театры тек бір қойылым көрсетілімімен ғана шектелмей, дарынды режиссер Антон Зайцевтің балаларға арналған - мейірімділік, бауырмалдық, жанашырлық, қайсарлық пен табандылық қасиеттерінің маңызын дәріптейтін көңілді де тәрбиелік мәні зор «Қаздар мен аққулар» және қазақ театр өнерінде өзіндік орны мен бағыты бөлек режиссер Дина Жұмабайдың шындық пен елес, амбиция мен күш, кінә мен өкініш сезімдерін бейнелейтін «Макбет. Иллюзия» қойылымдарын көпшілік назарына фестиваль бағдарламасынан тыс ұсынбақ. 

Фестиваль аясында көрсетілетін қойылымдар Республикалық мемлекеттік академиялық корей театры, Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры, Тотал театры сахналарында ұсынылатын болады. 

Тартысты бәйгеде өнер көрсететін театр ұжымдарына сәттілік тілейміз!

 

                                                                Жансая БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

Әдебиет порталы

Сілтеме: https://adebiportal.kz/kz/news/view/quyrsaq-teatry-xalyqaralyq-orteke-festivaline-zoldama-aldy__24549