Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі режиссер, халықаралық және республикалық театр фестивальдерінің лауреаты Жұмабаева Дина сахналаған «Қорқыт әфсаналары» қойылымы «Халық қазылар алқасы» мүшелерінің сараптауымен Түркия Республикасының жиырма қаласынан таңдалған жүзге жуық өнер туындысының ішінен «Үздік режиссер» номинациясын жеңіп алып, Түркия еліне қазіргі заманауи қазақ режиссурасының келбетін танытып, бағдарын айқындатты.
Ағымдағы жылдың 13-ші маусымында Түркия Республикасының дербес театр көрермендерінен құралған тәуелсіз «Халық қазылар алқасы» мүшелері 2021-2022 жылдардағы театр маусымында ұсынылған өнер туындыларын «Перформанс», «Дизайн» және «Қойылым» бағыттары бойынша іріктеп, көрермендердің сұранысы мен қызығушылықтарына сай үздік туындылар тізімін жариялады. Түркия елінің жоғары кәсіби өнер ұжымдарының ішінен Анкара қаласы «Tempo» қуыршақ театрында режиссер Дина Жұмабаева сахналаған «Қорқыт әфсаналары» қойылымы «Үздік режиссер» номинациясын иеленді.
Режиссер Дина Жұмабаева соңғы жылдары репертуарлық қоржынын заманауи бағыттағы тенденцияларды қамтыған түпкі салмағы басым, форматы өзге, күрделі де тың туындылармен толықтырып, дәстүрлі үрдістен алшақ философиялық және идеялық мазмұны кең, экспериментальды шығармаларды жарыққа шығаруда кеңінен қолға алуда.
Қазіргі таңда өзіндік өзгеше режиссерлік қолтаңбасымен, терең астарлы да шынайы образдарымен, күрделі де көркем шешімдерімен көптің көзайымына айналып, театр майталмандары мен сыншыларының жоғары бағасына ие болып жүрген жас та талантты режиссер Дина Жұмабай Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрында 2018 жылы Ш.Айтматовтың «Құс жолы» повесінің желісі бойынша сұм соғыстың зардабын көрсеткен «Ана-Жер Ана», 2019 жылы У.Шекспирдің шырғалаңға толы махаббат оқиғасын арқау еткен «Ромео мен Джульетта», адамның ішкі арпалыс сезімдерін, нәзік те тылсым психологиялық күштерді, философиялық ойлар мен бүгінгі күнде де маңызын жоғалтпаған мәселелерді шебер бейнелеген «Макбет. Иллюзия» қойылымдарын сахналаған болатын. Аталмыш туындылар халықаралық, республикалық театр фестивальдерінде жүлделі орындарға ие болып, қуыршақ театрының жаңа қырын ашқан үздік қойылымдар қатарында.
Жуырда, мамыр айында Түркия Республикасының Конья қаласында өткізілген XIV Халықаралық «Мың тыныс – бір дауыс» Түркітілдес елдердің театр фестивалінде «Макбет. Иллюзия» спектаклі арнайы дипломға ие болғандығын еске саламыз.
Алдағы уақытта Мемлекеттік қуыршақ театрының сахнасында Дина Жұмабаеваның ересектерге арналған Э.Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» атты кезекті туындысы сахналанбақ.
Мадина ТӨЛЕ
Мәдениет порталы
Сілтеме: http://madeniportal.kz/article/7148