Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

«Қуыршақ думан» өз көрермендерін асыға күтеді

1 Наурыз 2022

Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры Алғыс айту күніне орай  кішкентай бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарына рухани демалыс, шаттыққа толы көңіл-күй, таңғажайып сиқырлы сапар сыйлады. Театр репертуарындағы үздік қойылымдардың бірі де бірегейі – «Қуыршақ думан» қойылымын қайырымдылық мақсатта ұсынды.

Шынайы да тұнық болмысымен періште жүректі кішкентай көрермендерді ертегілердің тұңғиық әлеміне жетелейтін қуыршақ театрының ұжымы жыл сайын театр төріне әлеуметтік жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған отбасыларға арнап қайырымдылық қойылымдар көрсетуді игі дәстүрге айналдыруда. Биылғы жылы да театр сахнасында отыз сегіз жыл бойы үздіксіз көрсетіліп келе жатқан алпысқа жуық қуыршақ түрі өнер көрсететін  «Қуыршақ думан» қойылымы өз көрермендерін асыға күтеді.

Сүйікті бүлдіршіндеріне үзіліссіз қызмет жасайтын өнер ордасының репертуар қоржынындағы үздік қойылымдарды балалардың демалыс уақытын дұрыс бағытта ұйымдастыру мақсатында репертуар көкжиегі тәрбиелік, адамгершілік, эстетикалық құндылықтар мен аса бай мәдениетіміз бен асыл мұрамызды дәріптейді.

«Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалығы – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз», – деп атап өткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жарияланған Балалар жылы аясында театр ұжымы қаламыздағы жалпы білім беретін мектеп оқушылары мен мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілеріне арнап тәрбиелік және танымдық мағынасы зор достық пен көпшілдікке үндейтін «Үйшік», музыкалық сауаттылыққа шақыратын «Қасқыр мен жеті лақ», қорқынышты жеңуге үйрететін «Арыстанның үрейін қалай емдейміз?» сынды қойылымдарды ұсынып келеді.

Сонымен қатар, балаларды мәдениетке шақыру, қуыршақ өнерімен таныстыру және театр мәдениетін қалыптастыру мақсатында жалпы білім беретін мектеп оқушыларына театр әртістерімен қатысуымен «Қуыршақтар құпиясы» атты шеберлік сағаттарын өткізуде.  

 Қуыршақ театрының қазыналы қойылымдарынан қапы қалмаңыздар дейміз. Көктем шаттыққа толы болсын!

 

Айым НҰРМАН

"Almaty Aqshamy" газеті

https://almaty-akshamy.kz/kuirshak-duman-oz-korermenderin-asiga-kytedi