Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов бейнесі Қуыршақ театрында сахналанады

24 Қаңтар 2022

Еліміздің болашағы – балғын бүлдіршіндер мен жалынды жастар. Ұлт болашағын тәрбиелеуде белсенді қызмет жасап, адамгершілік қасиеттер мен ұлттық құндылықтарымызды жас буынның бойына сіңіріп келе жатқан қара шаңырақтың бірі – Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры. Республикамыздағы тұңғыш қуыршақ театры бүгінде  тарих қойнауынан сыр шертетін  ұжым. Қазақ жерінде өткен ғасырдың басында пайда болған өнер ордасы бірнеше буын жастарды тәрбиелеп, балдырғандардың жан-жақты азамат болып қалыптасуына өз үлесін қосып келеді. 

Театр репертуары соңғы уақытта балаларға және ересектерге арналған әлемнің үздік классикалық шығармалары мен отандық туындыларды сахналап, көрермен ықыласына бөленіп жүр. Дәл қазіргі қоғамдағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты театр ұжымы онлайн форматта жұмыс жасап, көрермен назарына әлеуемттік желідегі ресми парақшалары арқылы театр репертуарындағы қойылымдардың көрерменге бейхабар тұстарынан қызықты деректер ұсынатын «Сіз білесіз бе?», театрдың шығармашылық тынысынан хабар беретін үздік қойылымдар, артистер, қуыршақтар, т.б. тақырыптар қамтылған «Puppet TOP», сахна сыртындағы көрермен біле бермейтін қызықты оқиғалар мен дайындық сәттерін қамтитын «Құпиялы қуыршақ театры» айдарларын және қуыршақ театры өнерін көпшілікке насихаттау, балалар арасындағы болашақ қуыршақ жүргізу шеберлерімен тығыз қарым-қатынас орнату мақсатындағы театр артистерінің қатысуымен «Қуыршақтар әлемінде» атты қуыршақ жүргізу шеберлігінен онлайн мастер-класстар өткізуде. 

Сондай-ақ, өнер ордасы Балалар жылы аясында Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Сиднейде өткен XXVII Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов туралы «Бекзат чемпион» қойылымын сахналамақ. Қазіргі уақытта спектакльдің дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Авторы – танымал драматург Әлібек Байбол, қоюшы режиссері – Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Суретшісі – Алтынай Жүсіпәлі. 

Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек, қоюшы режиссер: «Қойылымда Бекзаттың бейнесін тірі планда көрсетеміз. Сонау 80-ші жылдары Сиднейде таспаға басылып алынған көріністерді де спектакльде қолдансақ деген шешім бар. Жалпы, қойылым олимпиада алаңында жиырма жастағы даланың баласы қалай жеңіске жетті, жеңіске жетуінің ар жағында қандай күш тұрды, басынан қандай психологиялық, эмоционалдық сезімдерді өткерді деген сауалдарға жауап беруге тырысады. Сахна өнері үлкен зерттеу лабораториясы болғандықтан біз адамның психологиясы арқылы адам деген болмыстың кім екендігін, оның логикасы, психологиясы, санасы, түйсігі, ойы, парасаты, ар жағында жатқан тегіне баруға тырыстық. Театр – музейге айналып барады. Кілең тарихи спектакльдер сахналанып жатыр. Тарихты іздесеңіз кітапхнаға немесе музейге бару керек. Ал сахнада біз көрерменге ой тастап, сауал қоюуымыз керек». 

Әлемді мойындатқан қазақ боксшысы Бекзат Саттарханов 1980 жылы 4 сәуірде Түркістан қаласындағы қарапайым отбасында дүниеге келген. Алғашында өзін-өзі қорғап үйренсін деген оймен ата-анасы Бекзатты күрес үйірмесіне қатыстырады. Алайда күреске ынтасы болмай, екінші жағынан күреспен айналысу бойдың өсуін тежейтінін ұғып үйірмеге бармай, бірден боксқа бет бұрады. 1986-1996 жылдар аралығында Абай атындағы мектеп-интернатта, кейін Жұмабек Еділбаев атындағы №18 орта мектепте оқиды. 1995 жылы алғаш рет бокс үйрімесіне жазылып, балалар бапкері Нұрлан Жұмабаевтан тәлім ала бастайды. Ата-анасы мен туыстары Бекзаттың боксқа деген ынтасын байқағанымен, мұны жай, өтпелі кезең деп ойлаған. Бірақ ол бокспен шұғылданғанына бір жыл толмастан республикалық сайыстың жеңімпазы атанып, былғары қолғапты бекер кимегенін дәлелдейді. Бекзаттың бойында бала күнінен бері байқалатын бір қасиет болған. Ол өзін жеңген боксшыдан міндетті түрде есе қайтаруды мақсат тұтады екен. 

Бекзаттың қысқа ғұмырында 2000 жыл тек Сидней Олимпиадасындағы жеңісімен ерекшеленбейді. Ол мұхиттың арғы бетіндегі додаға аттанғанға дейін Қырғызстанда өткен Орта Азия ойындарында, Испанияда жалауы желбірген халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырына көтеріледі. Астана қаласындағы «Қазақстан-Куба» кездесуінде қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, Чехияда өткен «Гран Приде» жеңімпазға берілер Кубокті қанжығасына байлайды. Мәскеудегі ТМД елдерінің біріншілігінде 4 жүлдемен қатар, сайыстың үздік боксшысы деген атақты еншілейді.

Бекзат Сейілханұлы Саттарханов 20 жылдық ғұмырында шаршы алаңда 143 жекпе-жек өткізіп, оның 132-сінде жеңіске жеткен.

Қуыршақ театрының қала тұрғындары мен қонақтарына бұнымен ұсынар қызығы таусылар емес. Алдағы уақытта да өнер сүйер жандардың жанына рухани азық сыйлап, көңіл пердесін әсем күйге бөлейтін жаңа қойылымдар өз көрерменін асыға күтеді. 

Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ

MADENIET Portaly

Сілтеме: http://www.madeniportal.kz/article/6900