Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Қуыршақ Театрының Патшайымы

26 Желтоқсан 2017

Жансызға жан бітіріп, кейіпкердің көңіл-күйін барынша халыққа жеткізуге  тырысатын мамандық иелері бар. Олар – қуыршақ театры­ның актерлері. Сахнада жүргеніне 50 жыл толған Сәбила Абуева – сондай жандардың бірі. Актриса 70 жас мерейтойын атап өтті. Мемлекеттік қуыршақ театрының сахнасында үлкен бенефис болды.

   Шара жаңа форматтағы, терең пәлсапалы қойылымнан бастау алды. Бүгінгі қоғамдағы қайшылықтар сипатталып, «бір-біріміздің аяғымызды шалмай, қолдау білдірейік» деген үндеу тасталды. Кейін кеш Сәбила Абуеваға ұл-қыздарының арнаған ән-шашуларына ұласты. Бенефистің басты рөлінде, әлбетте – өзі. Екі сағаттың ішінде бірнеше жанрдағы қойылымдарда ойнағанын көріп, актрисаның шеберлігіне таң қалмасқа шара жоқ. Бірде жауыз, бірде мейірімді, бірде аңқау, енді бірде қу кейіпкер боп шыға келеді.Сәбила Абуева алғашқы еңбек жолын 1967 жылы Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театрынан бастап, театр сахнасында үлкенді-кішілі рөлдерді ойнады.1969 жылдан Мемлекеттік қуыршақ театрында өзінің өнер жолын асқан белсенділікпен бастаған дарын иесі – бүгінде өзіндік сара жолын қалыптастырған шебер тұлғалардың бірі. Жарты ғасыр киелі сахнада үздіксіз еңбек еткен театр ардагері балаларға арналған 300-ден астам әртүрлі жанрдағы рөлдерді сомдап келеді. Актрисаның әрбір кейіпкері кәсібилігімен, шынайылығымен ерекшеленіп, театр репертуарындағы спектакльдерді көркейтуде сүбелі үлес қосуда. Бүгінде ізін басып келе жатқан жастар үшін өнердегі ұстазы атанып та үлгерді. Сахнадағы 50 жылдық еңбек жолында қуыршақ театрының белді режиссерлері Қазақстанның еңбек сіңірген артисі П.Поторока, ҚазКСР Халық артисі Ә.Мәмбетов, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Қ.Ешмұратова, Қазақ­станның Халық артисі С.Шүкіров, Мәдениет қайраткері С.Мақұлбеков, тағы басқа өнер иелерінің замандасы. Сәбила Меңдіғалиқызының тек театр саласында ғана емес, кино өнерінде де қолтаңбасы бар. Мәселен, режиссер Б.Шәріповтің «Кінәратсыз күнә», Г.Омарованың «Бақсы», Н.Игіліктің «Жаныңда жүр жақсы адам», С.Құрманбековтың «Ауыл сақшысы», Р.Қосайдың «Кеңесшілер», А.Сатаевтың «Анаға апарар жол», Н.Адамбаевтың «Келинка Сабина – 2», Г.Абуеваның «Іңкәр жүрек», Э.Әбдіжаппаровтың «Арман қала» фильмдеріне түсті.

Сахнадағы ойнаған рөлдері: «Мұңлық – Зарлық» – бәйбіше, мыстан; «Чемпион Қожа» – әже, жалқау; «Терісқақпай» – Тәпә, «Жомартпен болған оқиға» – Жомарт, «Аққу тура­лы аңыз» – мыстан, ақ құс; «Кербақ-бай» – оқушы; «Сәбираның әлегі» – кемпір және тағы басқалары.

Айша ЕРСҰЛТАН