Сахна өнерін танытатын бүлдіршіндердің алғашқы өнер мектебі – Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры сүйікті көрермендерімен қайта қауышпақ. Ғажайыптар мен ертегілер әлемі тапқыр да ұтымды шешімдерге құрылған, жан сарайы тек жақсылық пен мейірімділікке толы кейіпкерлерімен ерекшеленіп, аяушылық пен бауырмалдыққа үндейтін әйгілі «Қызыл телпек» (реж.:С.Мақұлбеков) ертегісімен есігін қайта ашуды жоспарлауда. Осы орайда, қауіпті індеттің салдарына байланысты, театр көрермендерін «АSHYQ» мобильді қосымшасы арқылы денсаулық статустарына сәйкес кіргізетіндігін еске саламыз.
Бұған дейін театр ұжымы қуыршақ әлеміне ғана емес, көрермендерге, сонымен қатар, театр қызметкерлері үшін де қолайлы, өзіндік дара жұмыс бағытын қалыптастырып, әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану арқылы көрермендермен тығыз қарым- қатынаста болып, маңызды да пайдалы жобалар ұсынып, осы бағытта қызметкерлердің де уақытын тиімді пайдалану мақсатында үй жағдайында жұмыс жасаудың артықшылықтарын көпшілікке кеңінен ұсынып, өз деңгейінде дәріптеген болатын. Жаңа жобаларды талғаммен таңдап, оқиға желісімен еліктіретін үздік туындылармен бүлдіршіндердің ішкі сезіміне әсер ету арқылы жан дүниесіне қозғау салып, ізгі мінез қалыптастыруға бағытталған ақпараттық-
танымдық «Ертегілер апталығы», «Құпияға толы қуыршақтар әлемі», «Үйрен де жирен, балақай!», «Балаларға базарлық» сынды айдарларды, ересектерге арналған «Асыл қазына аясында», «Өлең, мен сені сүйіп өтем» жобаларын үздіксіз ұсыну арқылы көрермен сұранысын қанағаттандыруға барынша атсалысты.
Қазіргі таңда театр ұжымы жас жеткіншектердің рухы таза, санасы биік, білімді де білікті тұлға болып дамуына, құнды өнер қуыршақ театрының маңызын ұғындыруға, сахна өнерінің сырын танытып, театр қызметі мен шығармашылығына назар аудартуға, айналасын құрметтеуге бағытталған жаңа жобалар мен рухани-адамгершілік құндылықтар мен ұлттық рухты қалыптастыруға бағытталған қойылымдарды сахналауға дайындық үстінде.
Балдырғандарымыздың балдай күлкілері мен таңдай қағар таңданыстарын туғызатын қарапайым қуыршақ арқылы ғана бүкіл бір шексіз әлемді жасап шығарып, жан сарайыңа сәуле себетін қасиетті орда – Алматы мемлекеттік қуыршақ театры көрермендерімен әркез бірге!
Театрда жүздесейік!