Қуыршақ театры үшін жас көрерменнің көңілі маңызды. Шығармашылық ұжымға олардан ұлық ешкім жоқ. Сексен жылдық тарихы бар Алматы қуыршақ театрының осы жолдағы еңбегі де орасан. Баламен бала болу, баламен бірге қиял-ғажайыптарға самғау, кішкене көрерменімен бірге жақсылық пен жамандық әлемін кезу бұндағы әртістердің қалыпты шаруасына айналған. Бұл тұрғыда, аталмыш ұжым кішкентай бүлдіршіндердің жүрегінен орын тауып, халық арасында өз бағасын алып үлгерді. Осы жылдар ішінде қаншама асуларды асып, қаншама белестерді бағындырды. Өмір ағысы секілді театрда бір орында тұрмайды. Жаңа кезең жас ұжымға жаңа талаптар жүктеді. Театр тарихын шола отырып, жаңашыл ұжым ізденістеріне үңілдік. Көрермен санын былтырғы жылмен салыстырғанда 15 пайызға арттыруды мақсат ететін әртістер өзіндік форма, жаңа тәсілдер іздеуде. Әр ай сайын мүмкіндігі шектеулі балаларға, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тегін қойылымдар қойып, тәттілер мен қызықты кітаптар тарату да қуыршақ театрының құрметке лайық қадамдарының бірі. Театр жаңа жылдық кештерде, наурыз секілді әртүрлі мерекелерде кішкентай көремендеріне көтеріңкі көңіл күй сыйлаудан танған емес. Кешегі өткен қысқы дүниежүзілік 28-ші «Универсиада-2017» шарасының жоғарғы деңгейде өтуіне де театр әртістері белсене ат салысты. Халықаралық шарада белсене ат салысқаны үшін театр қызметкерлері қала әкімі Бауыржан Байбектің қолынан алғыс хат алды. Ұжымның марапаттары тек елімізбен шектеліп қоймайды, сонымен бірге алыс жақын шет елдерден де жеңіспен оралған кездері көп. Соның бірі Татарстан Республикасы Қазан қаласында 6-9 маусым аралығында өткен халықаралық «Наурыз» фестиваліне драматург «Алтын адам» эпикалық спектаклімен қатысып, «Түркі халықтарының ХІІІ «Наурыз» халықаралық театр фестиваліне» қатысқаны үшін арнайы дипломымен және Камал театрының арнайы дипломымен марапатталды. Театр ұжымы ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында өткен қоғамдық іс-шаралар үшін әртүрлі марапаттармен, алғыс хаттарға ие болды. «Сәби бақыты» қоғамдық қорының алғыс хаты, «Кеңпейіл» мүгедектер қоғамының алғыс хаты, «Руханият» кәсіподақ ұйымының алғыс хаты, Мүмкіндігі шектеулі балалар үйінің алғыс хаттарына ие болды. Молдава Республикасында өткен «Под шапкой Гугуце» Халықаралық қуыршақ театрларының фестивалінде «Қаңбақ шал» ертегісін Алматы Қуыршақ театрының үздік сахналап шығуы да ұжымның шеберлігін, жаңашылдығын көрсетті. Жиырма бес мемлекеттен келген өнер майталмандары театр мүмкіндігін жоғары бағалады. «Ұлттық дәстүрді насихаттағаны үшін» театр директоры Т.Есеналиев «Үздік менеджер» дипломымен марапатталды. Ұжымының марапаттары жылдан жылға саны артып келеді. Жаңашылдыққа ұмтылған театр көрерменінің көңілінен шығуға, өз қатарында үздік болуға ұмтылады. Бұл тұрғыда, Қуыршақ театрында ізденіс көп. Алдағы жетістіктер мен ізденістер шығармашылық ұжымның ортақ жұмысынан көрінеді. Ендеше, үздіктердің көшін бастауға ұмтылған тарихы тереңде жатқан жас театрдан жаңалық күтіңіз!
Динар Сұлтан.