Спектакльден кейін жұдырықтай жүректердегі әлдебір аяулы сезім қозғалғандай. Олар аналарын тыңдамауға, оған шолжаңдауға, қалағанын орындатуға болатынын біледі. Бірақ өзі үшін небір жанкештілікке баратын ең мейірбан, ең жақын адамынан жеріп, оған жатқа айналудың мүмкін екендігін қабылдаулары қиын. Олардың «қойылымнан бәріміз жылап шықтық» деуінің де сыры осында шығар. Алматыдағы Қуыршақ театрында сахналанған «Ана жүрегі» қойылымының бұл үде тұрғысындағы мақсаты орындалғандай.
«Бала бер, бала берсең сана бер! Сана бермесең ала бер» -дейтін мағынасы ауыр мәтелдің өзектілігі ешқашан төмендеген емес. Айналамызда ата-анасына масыл боп отырған перзент көп. Перзенттік парызын өтеу былай тұрсын, олардың өмірін өкінішке толтырумен жүр. Қол аяғы сау, ақыл есі бүтін, апталдай жігіттің ата-анасына алақан жаюуы, арамтамақтықты ар санамауы бүгін ешкімге таңсық емес. Біз сеніп өскен парыз бен қарыз құндылықтары неге өзгерді? Кінәмшіл қоғам үшін масылдықтың төркінін ата-анаға, өскен орта, үйдегі тәрбиеге аудара салу оңай. Алайда, бізді аузына тістеп, арқасына көтеріп баққан ата-ананың бейнеті масыл ұрпақ, санасыз ұлды жеткізу, соны өмір бойы асырауға түзілмесе керек-ті. Сол баланың өмірге келген сәтінен басталған зейнетке жету мұраты сағымданып, елеске айналуы – ата-ана үшін дерттің ауыры шығар. Бірақ олардың үміті ешқашан сөнбек емес. Өздері сексенге, ұлдары қырыққа келсе де санасына сәуле ұяламаған баласын сүйреуден шаршамауы да осы үміттен алыстағысы келмейтіндігінен болар. Қуыршақ театрында сахналанған Е. Ионовтың «Ана жүрегі» спектаклінің айтар ойын осыдан аңғарасың. Бүлдіршіндердің кіршіксіз көңілінің осындай ауыр ахуалды қаншалықты өздеріне сіңіре алғаны белгісіз, әрине. («жыладық» десіп жатса да) Бірақ спектакльді тамашалай отырып, біз жоғарыда айтқан сана төңірегіндегі мағынасы ауыр мәтелді Ана жүрегінің ешқашан қабылдай алмайтынын түсіндік. Анасы перзентінен күдерін үзбейді, соның тілеуін тілейді, жолында – құрбан.
Режиссер Антон Зайцевтың режиссуралық тапқырлықтары бала кезеңінің өсу баспалдақтарынан көрінеді. Бірақ сахнаның екі жағынан Ананы ұлықтайтын өлең жолдарынан үзінділер оқылуы сюжет шеңберінен тыс тұрған, оқиғаға кіріге алмайтын артық дүниелердей әсер қалдырады. «Ана жүрегінің» аудиториясы бәрібір «Сұғанақ ешкі», «Үш торайдың» көрермендері. Бірақ бұны біз жаңа ізденістер жолындағы қуыршақ театрының аудиторияны кеңейту (жасөспірімдер мен жастар есебінен) мақсатынан туындаған үлкен бастамасы деп қабылдадық. Бұл театрдың бір ізбен емес, жаңа ізденіс, жаңа көкжиектерге бет бұрғанының дәлелі. Қоюшы суретші Сергей Мельцер, сахналық би қойған Гүлжан Дәулетқұлованың тынымсыз еңбегі ақталғандай. Қойылым картинасы, сахналық би шығармашылық топтың кәсібилігінен хабар береді.
Қазіргі шығармашылық бір еңбекке қостілді араластыруды заман ағымы, алдыңғы буын мен кейінгі буынның бүгінгі бейнесі есебінде көрсетеді. Рас, шынайы өмірде осындай аралас тілмен қарым-қатынастар қалыпты жағдай секілді қабылданар. Мен кәсіби сыншы немесе театртанушы емеспін, бірақ қарапайым көрерменнің көзқарасы тұрғысынан алғанда, спектакльдегі бала мен ананың орыс және қазақ тілдерінде құрылатын диалогтарын қалыпты жағдай ретінде қабылдай алмадым. Киноға бұдан біраз уақыт бұрын еніп кеткен бұндай тілдік қолданыстың театрда, қазақ тілінде сахналанып жатқан еңбекте (орыс тіліндегі шығарма болса да) практикаға енуі маған түсініксіздеу болды…
Спектакль кейіпкерлері – сіз бен біз. Өйткені, біріміз – ана, енді біріміз – перзентпіз. Бұл біздің айналамыздағы ақиқат. Баланы жамандыққа қию, оған лағынет айту былай тұрсын, ол туралы әдемі армандарға күмән келтіру қиын. Жалғыз ұлы тастап кеткен кейіпкерді сондықтан да біз өзімізге жақындатқымыз келмейді, оның проблемасы соншалықты таныс болса да, оған алыстан қараймыз. Бұл менің ана есебіндегі пайымым, бала көңілдердің не түйіп, қандай ойда кеткені – жұмбақ. Дегенмен, олардың да ізгілік, имандылық, парыз бен қарыз жайлы ойлап кететініне сенейік. Және өзіміз де дәл бүгін жүрегіміздегі аяулы есімдерді түгендейікші. Аппақ қардай, тап-таза бала көңілдерден ертең өшпес үшін…
Шолпан Рақымқызы