Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры республикамыздағы 83 жылдық тарихы бар үлкен ұжымдардың бірі. Қазақ жерінде өткен ғасырдың басында пайда болған қара шаңырақ бірнеше буын жастарды тәрбиелеп, балдырғандардың жан-жақты азамат болып қалыптасуына өз үлесін қосып келеді. Биылғы маусымның өзінде «Ана жүрегі» (авт.Е.Ионов, реж.А.Зайцев), «Аква ертегі» (авт.А.Сергеев, реж.О.Ақжарқын-Сәрсенбек), «Ана-Жер ана» (авт.Ш.Айтматов, реж. Д.Жұмабаева), «Тоба» (авт.Е.Жуасбек, реж.Ж.Жұманбай), «Сағыныш шөбі» (авт.Р.Отарбаев, реж.Р.Жаныаманов) сынды сан түрлі оқиғаларды сахналайтын қойылымдар көрермен назарына ұсынылып, көпшіліктің зор қошеметіне бөленді. Өнер ордасы ұлттың рухани қажеттілігін өтеумен қатар, бірнеше республикалық, халықаралық фестивальдерде топ жарып, қазақтың қуыршақ өнерін өркендету жолында толассыз еңбек етуде. Осы ретте, Мемлекеттік қуыршақ театры 21наурыз – Халықаралық театр күніне орай алғаш рет 15-18 наурыз күндері аралығында «Қуыршақтар шақырады – 2018» фестивалін өткізді.
Осылайша, дәстүрлі қуыршақ өнерін жаңғыртып, жас ұрпақты ізгілік идеяларына тәрбиелеу жолында еңбек етіп жүрген қуыршақ театрының ұжымы биыл жыл басы, жаңару мен жасарудың, береке-бірліктің мейрамы – Әз-Наурызды ерекше тұрпатта атап өтпек. Бір ай көлемінде тойлату мақсатында ұйымдастырылып отырған ұлттық мерекеміздің аясында өнер ордасы 14 сәуір күні, сағат 20:00-де «Мың бір түн» ертегісінің желісі бойынша Антон Зайцевтің режиссерлігімен «НАУРЫЗДЫҢ СИҚЫРЛЫ ТҮНІ» атты мерекелік жаңа қойылымды көрермен назарына ұсынбақ.
Шараның басты ерекшелігі – күн батып, іңір басып, кеш қонғанда театр ауласына екі бірдей қазақ ауылдарының қоныс құрып, хайуанаттар бағы мен цирктен сиқырлы өнерпаздардың келуі болмақ. Кеште «Қазақ ауылы» мерекелік қойылым ұсынып, дастархан жайып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптесе, «Шеберлер» ауылының кейіпкерлері сан түрлі аспаптарда ойнап, олардың жасалу жолдарын көрсетіп, шеберлік сағаттарын өткізумен қатар, жәрмеңке де ұйымдастырмақ.
Мемлекеттік қуыршақ театры Алматы қаласынының тұрғындары мен қала қонақтарына сан ғасырлық дәстүрлі мейрамды кеңінен дәріптеп, әдеп-ғұрыпты ұлықтау мақсатында қадірлі өнер сүйер жандардың жанына рухани азық сыйлап, көңіл пердесін әдемі күйге бөлеу үшін аталмыш мерекені бірге тойлауға шақырады!