Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Қуыршақ Театры Астананың Мерейлі Мерейтойын Бірге Атап Өтуге Шақырады!

4 Шілде 2018

Арқа төсінде ойып тұрып орын алып тұрған заманауи мегаполис, еліміздің бас қаласы – Астанаға 20 жыл! Тарих үшін бұл қасқағым сәт болса да, осы жиырма жыл ішінде болған өзгерістер мен мәдени ілгері жылжу айтарлықтай елімізге серпіліс әкелді. Бүгінде әлемнің мен деген бас қалаларынан кем түспейтін Астана өзінің әлемдік аренада орнын берік бекітті. Оған дәлел ІІ Халықаралық «Астана» театр фестивалі, Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі, «ЭКСПО – 2017» дүниежүзілік көрмесі және т.б.

Батыс пен Шығыс өркениетін жалғайтын алтын көпірге айналған ару Астананың бүгінде төрткүл дүниенің түйіндерін талқылайтын жаһандық орталыққа айналғаны да ақиқат. Экономика мен мәдениеттің, жауһар сәулет өнері мен заманауилықтың әдемі үйлесімділік тапқан нүктесі Астананың мерейтойын бүкіл ел болып тойлауға кірісіп кетті. Осы орайда Мемлекеттік қуыршақ театры шілде айының 7 күні сағат 11:00 (қазақ тілінде), 12:30 (орыс тілінде) көрермен назарына концерттік бағдарламадан тұратын және әлемдік жұлдыздардың қуыршақ кейіпінде өнерін паш ететін «Қуыршақ думан» (авторы әрі режиссері: С.Шүкіров, Қ.Ешмұратова) қойылымын ұсынбақ.

Қойылым алдында кішкентай көрермендер арасында театр ұжымының ұйымдастыруымен «АСТАНА – БАЛАЛАР КӨЗІМЕН» атты Астана қаласының 20 жылдығына орай бас қаланың заманауи сәулет өнерінің жауһарларын қағаз бетіне түсіруден, Астанаға арнап өлең айтып және әсем ән салудан сайыс өтетінін хабарлаймыз. Бүлдіршіндер бұл сайыста өзінің танымдық қасиеттерін ашып қана қоймай, мерейтойға өз үлесін қосады деген сенімдеміз. Шараның басты мақсаты – бүлдіршіндердің патриоттық сезімін оятып, оны шығармашылықпен ұштау болып табылады. Мемлекеттік қуыршақ театрының әкімшілігінің қолдауымен сайыс жеңімпаздары арнайы алғыс хаттар, сыйлықтармен марапатталатын болады.

Осы орайда Мемлекеттік қуыршақ театры сіздерді елордамыз Астана қаласының 20 жылдығына байланысты өтетін мерейлі мерекені бірге атап өтуге шақырады!