Балалық шақтың ең жарқын естеліктерінің бірі – ертегіге сену. Сол сенімді сақтап, баланың қиялын қанаттандыратын өнердің бірі – қуыршақ театры. Бұл – жай ғана балаларға арналған ойын-сауық емес, кішкентай көрерменнің дүниетанымын қалыптастырып, оның рухани әлеміне әсер ететін үлкен мәдени құбылыс. Қуыршақ театрының ерекшелігі – ол көрерменмен сөзден бұрын эмоция арқылы тілдеседі. Қуыршақтың қимылы, музыканың әуені, жарық пен сахналық атмосфера бала санасына ерекше әсер қалдырып, оның қиял кеңістігін аша түседі.

Қазақстандағы қуыршақ өнерінің қалыптасуында Алматы мемлекеттік қуыршақ театры айрықша орын алады. 1935 жылы құрылған бұл театр еліміздегі ең алғашқы қуыршақ театры саналады және бүгінге дейін ұлттық мәдениеттің маңызды ошағы ретінде өз жұмысын жалғастырып келеді. Бүгінде театрда қазақ және орыс тілдерінде ондаған қойылым сахналанып, әртүрлі жастағы көрерменге жол тартып отыр. Театрдың уақыт ағымына сай жаңарып, заманауи техникалық мүмкіндіктермен жабдықталуы оның көркемдік ізденістерінің тоқтамағанын көрсетеді.  

Театр репертуарының байлығы оның тәрбиелік әлеуетін айқындайды. «Алтын адам», «Ер Төстік», «Ұр, тоқпақ!», «Мама для мамонтенка», «Теремок», «Қаңбақ шал» сияқты қойылымдар балаларды достыққа, адалдыққа, батылдыққа тәрбиелейді. Ал ересек көрерменге арналған «Ромео мен Джульетта», «Ана – Жер Ана» секілді спектакльдер қуыршақ театрының тек балалар әлемімен шектелмейтінін дәлелдейді. Бұл – театр ұжымының көркемдік ауқымының кеңдігін көрсететін маңызды белгі. 

Маған ерекше әсер қалдырған қойылымдардың бірі – «Ортеке». Бұл спектакль қазақтың дәстүрлі өнерін жаңаша пайымдаумен ерекшеленеді. Домбыра ырғағымен қозғалысқа түсетін ағаш ешкі бейнесіндегі қуыршақ арқылы ұлттық мәдениетіміздің терең тамыры сахна тілімен сөйлейді. Қойылымдағы музыкалық ырғақ, актерлердің дәл пластикасы және сахналық шешімнің үйлесімі көрерменді бірден өзіне тартады. Мұнда ұлттық мұра құрғақ тарихи дерек ретінде емес, тірі өнер ретінде ұсынылады. Осындай сәттерде театрдың басты миссиясы – мәдени сабақтастықты сақтау екені анық сезіледі.  Қуыршақ театрының ең маңызды қыры – оның баланың ойлау жүйесіне әсер етуінде. Сахнадағы кейіпкерлердің әрекеті арқылы бала өздігінен қорытынды жасайды, мінездерді салыстырады, жақсы мен жаманды ажырата бастайды. Бұл – тәрбиенің аса нәзік әрі тиімді формасы. Себебі балаға ақыл айтудан гөрі, оған әсер қалдыру әлдеқайда нәтижелі.

Қазіргі таңда балалардың бос уақытының басым бөлігі телефон мен түрлі цифрлық платформаларға тәуелді болып барады. Осы жағдайда театрдың маңызы арта түседі. Театр баланы дайын ақпаратты қабылдауға емес, ойлануға, елестетуге, ішкі әлемімен жұмыс істеуге үйретеді. Бұл қасиет әсіресе шығармашылық ойлау қабілетін дамытуда өте маңызды.

Қуыршақ театрына деген көзқарасты өзгерту қажет. Көпшілік оны тек кішкентай балалардың ермегі деп қабылдайды. Шын мәнінде, бұл – ұлттың мәдени тәрбиесін қалыптастыратын маңызды институт. Егер бала жастайынан театр атмосферасын сезініп өссе, оның өнерге, әдебиетке, ұлттық құндылықтарға деген құрметі де ерте қалыптасады. Сондықтан қуыршақ театрына бару отбасылық мәдениеттің бір бөлігіне айналуы керек. Бұл тек бір кештік әсер емес, болашақ ұрпақтың рухани сапасына салынған инвестиция.                                          

                                                                                                          Нұрланұлы Ерасыл,

Темірбек Жүргенов атындағы 

Қазақ ұлттық өнер академиясының 

«Театртану» бөлімінің 2 курс студенті