Театр – тазалық пен әсемдіктің ордасы. Театрдың сонау XI ғасырдан бергі қалыптасып, сан ғасырлар бойы өзгеріп, дамып жатқанымен өзгермеген бір ғана тұсы бар. Ол – оның адамзат алдындағы қызметі. Жылдар бойы қай елдің болмасын мәдениетін кемелдендіріп, өркениетін асқақтатып жатқан театр өнер саласы мәңгілік. Алматы қаласында еліміздің тұңғыш қуыршақ театрының 1935 жылы негізі қаланып, ұлы өнер жолында балаларға арнап тырнақ алды қойылымдарын көрсете бастады. Содан бері міне, үш ширек ғасырдан аса уақыт өтсе де, қуыршақ театры өзінің көрермендерін қуантып келеді.
Бүгінгі таңда 84 жылдық тарихы бар Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры – республикамыздағы ең ірі өнер ұжымдарының бірі. Өнер ошағы бүгінде талантты артистер мен қуыршақ шеберлерінің, режиссерлердің, суретшілердің бірнеше ұрпағын тәрбиелеп шығарды. Елімізде және шет елде өткен Халықаралық, республикалық театр фестивалдерінде биік белестерді бағындырған ұжымның алға қойған бағыты мен бағдары да айқын. Ол – қазақтың қуыршақ театры өнерін өркендету, кешегі мен бүгінгі өмір арасын өнердің биік шыңы арқылы шынайы көрсете білу.
Ағымдағы жылдың ақпан айының 26-шы жұлдызы мен 6 наурыз аралығында Ресей Федерациясы, Челябинск қаласында өтетін «СНЕLoВЕК ТЕАТРА» кіші формада сахналанатын спектакльдердің VII Халықаралық театр фестивалінде өнер көрсететінін хабарлаймыз.
Өнер ұжымы аталмыш фестивальге Ш. Айтматовтың «АНА–ЖЕР АНА» қойылымымен қатысады. Спектакльдің режиссері – Д. Жұмабаева, художник – Ю. Чернова.
«АНА–ЖЕР АНА» – заңғар жазушы Ш. Айтматовтың «Құс жолы» повестінің желісі бойынша сахналанған, тұтас халықтың қиян-кескі соғыс уақытында шеккен зардабын, жетімдік пен жесірліктің ауырлығын сезіндіретін туынды. Спектакль жүректілік пен батылдықты қатар ұстап елін қорғауға кеткен азаматтарды зарыға аңсау, тыл еңбегінің жай-күйін еш боямасыз көрерменнің көз алдында өрбітіп, бір отбасының өмірін тұтастай көрсетеді. Режиссерлік түйін, символизм, актерлік шеберлік, музыка бір үндестікте үйлескен қойылым тек бір ұлттың тағдырын ғана емес, дүниежүзілік соғыс қарсаңында азапты күн кешкен халықтардың ортақ қасіретін арқау етуі көрерменді бей-жай қалдырмайтыны хақ.
Аталмыш қойылым 2 наурыз күні, сағат 15:00-де Н. Орлов атындағы академиялық драма театрының сахнасында фестиваль қатысушылары мен қонақтарының, сарапшылардың назарына ұсынылады.
Сонымен қатар, өнер ұжымы Ресей Федерациясы Санкт-Петербург қаласында маусым айының 23 жұлдызы мен 26 шілде аралығында өтетін «КУКАRT» Халықаралық театр фестиваліне шақырту алып, бақ сынайтынын хабарлаймыз. Аталмыш фестивальге театр репертуарындағы «АНА ЖҮРЕГІ» (авт.: Е. Ионов, реж.: А. Зайцев) драмалық қойылымымен қатысады.
«АНА ЖҮРЕГІ» – бірнеше республикалық, халықаралық театр фестивальдерінен жүлделермен оралып жүрген заманауи театр стилистикасында сахналанған туындының бірі. Көркемдік идеясы анаға құрмет көрсету, қадірлеу болып табылатын қойылымның режиссерлік шешімі көрермендерді бей-жай қалдырмасы анық. Кәсіби театр мамандары еліміздің қуыршақ мәдениетін әлемге насихаттайтын туынды деп бағалаған қойылым фестивальде биік тұғырдан көрінеді деген сенімдеміз.
Театр фестивалінің басты мақсаты – қуыршақ театры өнерінің әлемдік кеңістікте даму жолын сақтай отырып, әр елдің репертуар саясатымен кеңінен танысу, өнер ошақтарының шығармашылық тынысын бағамдау.
zhas-zhanary.kz ақпараттық агенттігі