Туған жерге деген махаббат тарихты терең білуден басталады.
Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қуыршақ театры – кішкентай бүлдіршіндерге таным-түсінік қалыптастырып қана қоймай ересектерге де тәлім-тәрбие беріп, ішкі патриоттық сезімін оятып, елі мен жеріне деген махаббатын арттыратын тағылымды туындыларға толы рухани мекен.
Бүгінде театрдың репертуар қоржыны бүлдіршіндердің патриоттық сезімін арттыратын «Ер Төстік», «Чемпион», бірлік пен тұрақтылыққа шақыратын «Үйшік», «Үш торай», әділдік пен ынтымақты көрсетер «Күлше қыз», «Аяз», сенім мен жауапкершілік құндылықтарын насихаттайтын «Анасын іздеген Мамонт», еліміздің Мемлекеттік рәміздерімізге ұқыпты және құрметпен қарауды дәріптейтін «Алтын адам» сынды қойылымдарға бай.
Туған жерге деген махаббат тарихты терең білуден басталады. Сол себепті жаңашыл идея мен патриоттық мінезді көрсетер халық ертегісінің негізінде сахналанған «Ер Төстік» қойылымы жас ұрпақты отансүйгіштікке баулыса, кинематография элементтерін ұтымды пайдалана отырып, әр дәуірдегі қазақ халқының жеңісі мен жеңілісін түрлі символикалық образдар арқылы тарихи фактілермен байланыстыра қабыстырылған «Чемпион» қойылымы күллі ұлт тарихын насихаттайды.
Қазақ халық даналығындағы «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген сөзіне жан бітірер «Үш торай», «Үйшік» қойылымыдары балаларды қонақжай, қайырымды, тату болуға және бір-бірімізге көмектесіп, қиын кездерде қолдау көрсетіп, біріксе ғана жаудан қорғана алатындығын көрсетеді.
Өмірде қандай ғажайып оқиғалар орын алса да жақсылық жамандықты озып, әділдік пен ынтымақ орнап, балаларды жаман әдеттен сақтауға баулитын «Күлше қыз» бен «Аяз» қойылымдары да көрермен көзайымына айналған тағылымды туынды.
Күнделікті өмір қиындықтарынан бір сәт өзгеше әлемге жетелейтін, әсем ән әуенімен балалық шаққа ұмытылмас саяхат жасайтын «Анасын іздеген Мамонт» қойылымындағы кішкентай ғана мамонттың өзіне деген сенімділігі өзге де жан-жануарларға сенім беріп, ата-ананың жауапкершілік құндылықтарын дәріптеп, бүлдіршіндерге ғана емес ересектер жан дүниесін де сәуле себер сәттерімен баурайды.
Жетісу жерін мекендеген сақтардың көрнекті жас көсемі, Қазақстанның азаттық символына айналған тұлға көрініс табатын «Алтын адам» қойылымы жастарды азамат болып қалыптасу жолында түзу жолдан таймай, рухы биік, ержүрек батырға тән қасиеттерді дәріптеп, еліміздің Мемлекеттік рәміздерімізге ұқыпты және құрметпен қарауды насихаттайды.
Отанға деген сүйіспеншілікті, еліне деген адалдықты, рәміздерге деген құрметті көрсетер, көрермен жүрегіне патриоттық сезім ұялатар Қуыршақ театрының қойылымдарынан қапы қалмаңыздар!
"Qaz365.kz" порталы
https://qaz365.kz/society/7190-kuyrshak-teatry-t-rbie-besigi/