Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры «Наурызнама» онкүндігі шеңберіндегі Шаңырақ күні балалар назарына «Ер Төстік» спектаклін ұсынды.
«Ер Төстік» ертегісінің театр төріне шығып, поэтикалық драма жанрында сахналанғанына бірер жылдың ғана жүзі болды. Жыл өткен сайын кішкентай көрермендері көбеймесе, азайған жоқ.
Бұл – тілі өте бай қиял-ғажайып ертегілердің бірі. Сегіз ағасын іздеп шыққан Төстік жолында кездескен барлық кедергіні ақыл-айласымен және Көлтауысар, Желаяқ, Шапшаң, Саққұлақ, Шалқұйрық сынды достарының көмегімен жеңіп шығады. Жаңашыл идея мен ұлттық құндылықтарды қабыстыра білген қойылым балаларға ұнағаны анық. Себебі, қуыршақтар бейнесіндегі кейіпкерлердің әр қимылын, әр сөзін балдырғандар ата-аналарымен бірге тапжылмай көріп, тыңдап отырды. Бізге керегі де сол. Балалар әлемі ең шынайы. Әрі олар не нәрсені де тез сіңіріп алады. Кішкентай жүректерге жол тапқан «Ер Төстік» батырлық, досқа адалдық, қайсарлық, қайырымдылық, адамгершілік, Отанды сүю сынды құндылықтарды насихаттайды.
– Біз «Ер Төстік» ертегісін кітаптан оқып өскен ұрпақпыз. Ал бүгін немерем спектакль түрінде көрді. Бұл – керемет! Қазақтың рухани қазынасын алақандай ұялы телефонға жіпсіз байланған қазіргі ұрпаққа осылай жеткізіп отыру ләзім. Бір мезгіл осылай ойын бөліп, көңілін сергітіп, театрға әкеліп тұруымыз керек. Қызықты әрі шым-шытырық оқиғаларды кеше отырып, арманына жететін Төстік батыр мен оның достарының ауызбіршілігі біздің балаларымызға оң әсер ететіні сөзсіз. Баламның әсерленіп шыққанын көріп өзім де қуанып тұрмын, – дейді алматылық Бағлан есімді кішкентай көрерменнің апасы, зейнеткер-ұстаз Сәбира Есенқызы.
Айта кетейік, «Ер Төстік» жанры – поэтикалық драма. Авторы – ақын Қасымхан Бегманов, ал режиссеры – Еркебұлан Қабдыл.
Нұржамал Әлішева
"Алматы ақшамы" газеті порталы
https://almaty-akshamy.kz/er-tostik-kishkentay-zhyrekterge-zhol-tapti