Jas qazaq газеті мен Chevron компаниясының бірлескен жобасы Жобаның мақсаты – ерекше жандарды журналистика жанрларын меңгеріп, сауатты жазуға бейімдеу. Қазір журналистикаға құмар жандар компьютерлік сауаттылық, мерзімді баспасөз және тележурналистика бойынша дәрісте тәжірибесін шыңдап, шағын хабар, ақпарат, мақала жазуға, сұхбат алуға төселіп келеді. Кезекті дәрісте курсқа қатысушылар журналистиканың сұхбат жанрының қыр-сырына қанық болғаннан кейін Алматыдағы 90 жылға жуық тарихы бар қуыршақ театрына жол тартты. Захра Маханованың Мемлекеттік қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі Еркебұлан Қабдылмен сұхбатын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
− Еркебұлан Сәулебайұлы, театрдың балалар танымын қалыптастырып, қазіргі заман талабына сай ой-өрісін өсіру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.
– Театр ұжымы балаларды театр әлеміне қызықтыру, өнер арқылы өмірге үйрету мақсатында тынбай еңбектенуде. Қызметкерлер жаз мезгілінде де демалыссыз жұмыс істеп, Алматы қаласының мәдени орталықтарын, оның ішінде біздің театрға қызығушылық танытқан қала қонақтарын түрлі қойылымдармен, жағымды жаңалықтарымен қуантуда. Мұнда көрермендердің жасына қатысты шектеу болмағандықтан, келушілердің қойылым нәтижесінде іздеген жан тыныштығын табуына, ерекше көңіл күйге бөленуіне ықпал етеді. Өйткені театр әлемі, әсіресе, балалар әлемі — ең шынайы әлем!
— Жалпы қуыршақ театрына келуіңізге не себеп? Бұл салада жұмыс істеу үшін қандай арнайы мектептен өту керек?
— Менің ата-анам — театр сыншылары, театртанушылар. Мен де театрда өскен балалардың бірімін. Кішкентайымнан анаммен еріп М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры мен Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына жиі баратынмын. Осы себеп болған болу керек, әрі қуыршаққа тіл бітіру ерекше өнер деп есептедім. Өсе келе мектепті бітірген соң, Т. Жүргенов атындағы қазақ Ұлттық өнер академиясына түсіп, «Драма театрының режиссері» мамандығы бойынша тәмамдадым. Өнер мектебінде ұлы ұстазым Жанат Әубәкірұлы Қажиевті атап айтқым келеді. Сол кісіден алған тәрбиеммен шыңдалдым. Бакалавриаттан кейін Қазақ Ұлттық өнер академиясында режиссер саласы бойынша магистрлік білімімді жетілдірдім.
Магистрант болып жүріп Шымкент қаласы Қ. Жандарбеков атындағы драма театрында, кейін Б. Римова атындағы Алматы облыстық қазақ драма театрында қоюшы режиссер қызметін атқарып режиссерлік қабілетімді қалыптастырдым. 2018–ші жылдан бүгінгі күнге дейін осы Мемлекеттік қуыршақ театрында көркемдік жетекші, әрі, қоюшы режиссер ретінде қызмет атқарудамын.
— Мұнда қызмет етіп жатқаныңызға 5 жылдай болыпты. Осы уақыт аралығында атап айтатын жаңалықтарыңыз, жиі көрсетілетін не¬месе көрермендердің сұранысына ие болған қойылымдарыңызды атап өтсеңіз.
— Театрға алғаш келгенімде қазақ халық ауыз әдебиеті ішінде атадан балаға мұра болып беріліп келе жатқан қазақ халық ертегілерін сахналағым келді. Сөйтіп, бірінші болып көркемдік кеңестен «Ер Төстік», кейін «Ұр тоқпақ» қиял-ғажайып ертегілері өтті. Ертегі желісінде ұлттық на¬ным-сенімдер, салт-дәстүрлерден көрініс бе¬ріп батырлық, батылдық, достық ұғымдарына түсінік беретін бұл қойылымдар көрермен тара¬пынан аса үлкен сұранысқа ие болды.
Қуыршақ театры кеңістігінде қазақ вальсінің королі Ш. Қалдаяқовтың 90 жылдық мерейтойына орай, «Өмір — өзен» театрландырылған музыкалық қойылымын әртүрлі жастағы көрермендерге ұсындық. Актерлер қуыршақты жүргізіп билеткеннен бөлек, жанды дауыспен ән айтты. Қойылым барысында әннің шығу тарихы спектакль кейіпкерлерінің басынан өтіп жатқан маңызды оқиғалармен байланысып, көрермендердің қызығушылығын арттыра түсті. «Есте сақта, балақай!» атты ақпараттық-танымдық ертегіні сахналадық. Онда бүлдіршіндердің күнделікті өміріне қажет – тазалық сақтау, салауатты өмір салтын ұстану, өрт пен жол жүру ережелерін есте сақтау қажеттілігі жайлы мәселелерді көтердік. Қойылым балалар көңілінен шығып, жақсы қабылданды. Сонымен қатар, Т. Миннуллиннің «Ауыл иті Ақбай» атты қойылымым, көрермендер тарапынан жоғары баға алды. 2023 жылы «Еңлікгүл-2023» театр өнері кәсіби сыйлығына «Балаларға арналған спектакльдегі жылдың ең үздік шығармашылық жұмысы» номинациясына ие болдым.
— Қойылым кезінде қандай да бір көңіл қуантатын оқиғалар немесе қиындықтар болып тұратын шығар?
— Өнер ордасында қуыршақтың 20-дан астам түрі бар. Олар бейнесіне, көлеміне қарай, қолға киіп ойнайтын, сым және сырық арқылы қозғалатын, жіп арқылы жүретін, көлеңке арқылы көрсетілетін болып бөлінеді. Бүгінде театр сахнасы ең соңғы үлгідегі техникалық-лазерлық құрылғылармен жабдықталған. Біздің театр Қазақстан аумағындағы 8 театрдың көшбасшысы деп айтсам, артық болмайды.
Әрине, барлық жұмыстың өзіндік күрделілігі бар. Оны қиындық деп айта алмаймын. Өйткені туындаған мәселелер жұмыс барысында өз шешімін тауып жатады. Оның үстіне барлық пьесалар біздің театрдың сахнасына келе бермейді. Пьесаны таңдаймыз, автормен келісіп бекітеміз, суретшімен жұмыс істейміз. Сахнаның декорациясы, қандай реквизиттер керек, кейіпкеріміз қандай болады деген сияқты. Режиссер мен суретшінің эскиздері көркемдік кеңесте бекітіліп болғаннан кейін, режиссердің қиялына байланысты әрбір қуыршақтың өзіндік ерекшелігіне көңіл бөлінеді. Суретшінің жұмысы қуыршақты жасағанда образына қарай сүйкімді, сүйкімсіз, денесінің қай бөлігі қимылға келуі керек деген сияқты мәселелерді қамтиды. Суретшілер эскизін салып, кейін қуыршақ жасау мамандарына ұсынады. Мамандар бәрін қарап, есептеп, керек-жарақтарын алып болған соң ғана қуыршақ жасауға кіріседі. Оның да өзіндік қиындықтары бар. Одан кейін композитормен жұмыс. Пьесаның желісіне байланысты әуенді дұрыс таңдау және тағы басқалар…
Кейіпкердің мінезін таңдаймыз. Әрбір кейіпкер өз мінезімен балаларға бір пайдалы нәрсені үйретуді басты мақсат етіп аламыз. Кейіпкерді дөрекі етіп көрсету арқылы ол сияқты болмау керектігін балаға жеткізу. Бір оқиғаға байланысты баланың өзгергенін, оқиғаға дейінгі және кейінгі кейіпкерді көрсете білу. Қойылым кезінде балаларға сұрақ қоя отырып, олардан жауап алып, қызықтыру, ойларын айтқызу.
Әр істің өз қиындықтары бар ғой. Театр қызметкерлері бір ойға қызмет етеміз. Оның өзіндік жағымды жағы да жеткілікті. Алдыдан шыққан қиындықты еңсерген сайын адам өседі, өрлейді.
— Бізде қуыршақ театры тек балалар үшін деген түсінік қалыптасқан. Жоғарыдағы айтқандарыңызға назар аударсақ, ересектерге де арналған қойылымдарыңыз жеткілікті. Бала, ересек деп бөлмесек, бүгінгі күні театрға келушілер көп пе?
— Қуыршақ театры балаларға арналған мекеме деп ойлау жаңсақ пікір. Қуыршақ театры ежелгі Рим мен Грекияда пайда болған. Үлкен аудиторияға арналған болатын. Қуыршақ пен петрушкалар дейміз (қолқапты қуыршақтар) қоғамдағы болып жатқан оқиғаларға байланысты базарларда, көшеде ойнатылатын. Біздің театрымызда онға жуық ересектерге арналған қойылым бар. Режиссеріміз Антон Зайцевтің – «Мен бір жұмбақ адаммын» атты Абай қойылымын алайық. Оған Абайдың қара сөздері енген. Одан басқа Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасы», Мұқағалидың «Мен деп ойла», Ш. Айтматовтың «Ана жер Ана» және т.б классикалық қойылымдар бар. театрдың барлық жұмысы әлеуметтік желі мен ақпарат құралдарында, телевизия мен радио арқылы жаранамаланып отырады. Ғаламтор желілері арқылы көрермендерді көптеп тартуға тырысамыз. Жаз мезгілінде көрермен легі аздап толастайды. Театрымызға келушілердің көбі орыс тілді, қазақ тілді көрермендеріміз 10 есеге аз. Бұл мәселемен арнайы бөлімдеріміз жұмыс жүргізіп жатыр. Қыркүйектен бастап келушілер көбейіп, аншлаг болатын кездер жетерлік.
— Қойылымды қалай жоспарлайсыздар?
— Конституция күніне байланысты «Алтын адам» деген қойылым дайындап жатырмыз. Жаңа жыл, Наурыз мерекесіне орай қайырымдылық мақсатында тегін, мектеп басталған кезде, мемлекеттік мерекелерге орайластырып қоямыз. Бааббақшаларға барып сахналайтын жылжымалы қойылымдар бар. Әрбір мерекеге пьеса дайындау ауыр тиеді. Өйткені бір қойылымды шығару 2-3 ай уақыт алады. Театрдың көркемдік кеңесінде бір жылға көптеген пьесалар ортаға салынады. Оның бәрін оқып шығамыз, үлкен жиналыс ашып, репертуарымызға қандай қойылымды енгізетіміз жөнінде келісеміз. Сол сұрақ бойынша 4-5-ін қарастырамыз. Сосын ақырын ақырын режиссерлерге бөліп, бір жыл көлемінде іске асырамыз. Одан бөлек, тәжірибе алмасу мақсатында шетелдік режиссерлерді шақырамыз. Өйткені олар бөлек бағытта жұмыс істейді. Бізге олардың бағыттары өте қызық. Білмегенімізді үйренеміз. Олар бізден үйренеді.
— Әңгімеңізге рахмет!
Захра Әнуарқызы
«ЗНКААРК» РММ қызметкері
«Jas Qazaq» газеті порталы
Мәлімет көзі: https://jasqazaq.kz/erkebylan-khabdyl-teatr-alemi-en-shynajy-alem/