Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Қуыршақ театрындағы бір күн. Фоторепортаж

31 Наурыз 2023
 
Жуырда Алматыдағы мемлекеттік қуыршақ театры ата-аналар мен балаларға театр ұжымының бір күнін көрсетті. Қуыршақ театры көрермендерінің бірі қарапайым тазалықтан бастап өрт пен жол жүру ережесін алғаш спектакльден естіп-білсе, тағы біреуі қуыршақтардың қалай жасалатынын көрді.

Алматы тұрғыны, журналист Ақбота Мұсабекқызы екі жасар ұлы Дінмұхамедті Қуыршақ театрына алғаш рет әкеліп отыр. Дінмұхамедке мұндағы атмосфера ұнап қалыпты, өйткені театрға келгелі өзге балаларға қосылып билеп, қуанып жүр.

Өзі музыканы, биді жақсы көреді. Үйде де тынымсыз, Balapan телеарнасы эфиріндегі мультфильмнің бәрін билеп тұрып көреді. Концерттерге де жиі барамыз. Бүгін жолымыз түсіп, Қуыршақ театрына алғаш рет келдік. Қойылым басталғалы ерекше шаттанып, билеп жүрді. Өзі эмоциясын ашық көрсететін бала, — дейді ол.

Ақбота Мұсабекқызы Алматыда өскен, бірақ бала кезінде қаладағы театрларға жиі баруға мүмкіндігі болмапты. Өзі бүгін ұлымен бірге «Есте сақта, балақай!» қойылымын тамашалады, енді Қуыршақ театрына жиі келіп тұрмақшы.

Балам әлі кішкентай, қойылымдағы көп нәрсені, онда айтылған ақпаратты түсінбеуі мүмкін. Сұрақтарға жауап бере алмайды, бірақ оны қазірден осындай ортаға жиі әкеліп, үйрете бергім келеді. Бала кезімде ата-анамның мұндай мүмкіндігі болмады. Өйткені 90-жылдары баланы театрға әкелу емес, күнкөрістің қамы басты орында еді. Қазір мүмкіндік бар. Ал Қуыршақ театрының бүгінгі келбеті де, көрінісі де басқаша. Жаңашылдықтың иісі аңқиды. Біз тамашалаған «Есте сақта, балақай!» қойылымы әр бала білуге және ұстануға тиіс салауатты өмір салты, дұрыс тамақтану, өрт қауіпсіздігі және жолда жүру ережелерін балаға ұғынықты тілмен түсіндіреді. Қатты ұнады, — дейді Алматы тұрғыны.

Қуыршақ театры қоятын спектакльдердің көрермені — негізінен балалар. Оларды бір орында тапжылмай отырып көретін қойылымдар жалықтырып жіберуі мүмкін. Сол себепті мұндағы спектакльдерге көрермен залындағы балалардың да қатысқаны маңызды екен. Ал бүгінгі «Есте сақта, балақай!» спектаклі балалардың есінде көпке дейін қалады. Мұны театртанушы Айжан Ахмет айтты.

Бұл спектакль балаларға ұнағанын байқадым, көбіне мектеп оқушылары келген, арасында балабақшаға баратындары да бар. Олар күнделікті көріп жүрген мұғалім, тәрбиеші кейпіндегі актерларды көрді және оларға бұл ашық сабақ сияқты ұсынылды. Сонысымен де ұтты және көрерменді бірден баурап алды деп есептеймін. Балаға сұрақ қойылса, бұл оны қызықтыра алады, есінде қалады және балаға жаңа ақпарат пен білімді меңгеріп қана қоймай, оның бойында театрға деген махаббат та пайда болады, — дейді театртанушы.

Айжан Ахметтің айтуына қарағанда, спектакльдің тағы бір ерекшелігі — қарапайым декорациясы. Театр мұны тек өз сахнасында емес, кез келген өңірді, ауыл-аймақты аралаған кезде ондағы мектептердің кішкентай акт залында да қоя алады.

Ал кемшіліктеріне келсек, театрдың жас актерлары қуыршақтарды ұстаған кезде аздап олқылық жіберіп жатты. Бұл спектакльдің көркемдік тұтастығына әсер еткенімен, аса үлкен кемшілік деп айтуға келмейді. Өйткені бұл — үнемі жетіліп отыратын машық. Спектакль жиі қойылған сайын кемшіліктер де уақыт өте келе түзеледі, — дейді ол.

Спектакльге дейін ата-аналар балаларымен бірге театр қойылымдарында қолданылатын қуыршақтардың қалай жасалатынын көрді. Театрдың фойесінде қуыршақ жасау бойынша шеберлік сабақтары өтті. Шебер Жандос Сәрпеков бір жылдың ішінде 200-ден аса қуыршақ жасаған.

Оның айтуынша, бутафорлар қуыршақты дайындау үшін мультфильмді көбірек көреді. Өйткені онда түрлі кейіпкер мен образ бар. Идеяның көбі де мульфильм көргенде келеді екен.

Театр репертуарындағы қойылымдарда қазір көбіне планшетті қуыршақтар қолданылып жүр. Мұндай қуыршақтардың жасалуы аса қиын емес, ұстауға да ыңғайлы. Мұны актерлар да сахнада емін-еркін алып жүре алады. Жалпы қуыршақтың түрі көп, әрқайсы әртүрлі жасалады. Қуыршақ жасау үшін әуелі оның эскизі салынады, қағаз бетіне түсіреміз. Содан кейін ермексаздан қуыршақтың басын, денесін жасап аламыз. Одан әрі гипске аударып, формасын келтіреміз. Содан кейін цехқа береміз. Ондағылар қағазды жапсыру арқылы қуыршақтың соңғы формасын шығарады, әрі қарай оны бояумен аяқтаймыз, — дейді ол.

Әр қуыршақты дайындауға бес-алты күн уақыт кетеді. Оның көзін немесе аузын қимылдату керек болса, онда 10 күнге дейін уақыт жұмсалады. Алайда көпшілік қойылымдардан тек дайын қуыршақты және актерларды көреді, ал мұның қалай жасалғанын біле бермейді. Жандос Сәрпековті де осы нәрсе ренжітеді. Ол бутафорлардың еңбегі еленбей жүр дейді.

Бұл салаға қызығатындар әлі де бар. Балалар да, ересектер де жан-жақтан «Қуыршақ жасауды үйретіңіздерші» деп хабарласып жатады. Өкінішке қарай, жоғары оқу орындарда мұны үйрететін мамандық жоқ. Болашақта жеке мамандық ашылса екен дейміз. Бұған қоса көп жағдайда қуыршақ жасау шеберлерінің еңбегі еленбей жатады, тіпті атымыз да атала бермейді, тек сырттан келген шеберлерді дәріптеп жатады. Қуыршақ жасауға жаныңды салуың керек. Өйткені әр қуыршақ бір-біріне ұқсамайды. Кейде кейіпкердің образын, бет-бейнесін іздеу ғана жұмысымызға шабыт беретін сияқты, — дейді ол.

Қуыршақ театрының биыл да көрерменге ұсынатын сыйы аз емес. Мемлекеттік қуыршақ театры директорының орынбасары Бақыт Тушаевтың айтуынша, ұжым Қазақстанның ішінде, сонымен бірге шетелдерге де гастрольдік сапарға шығуды жоспарлап отыр.

Биыл балаларға арналған әлемдік және отандық «Етік киген мысық», «Бізбен бірге көңілді», «Анашымды іздеймін», «Гном мұрын», «Қорқыт» сияқты шығармалар сахналанады. Сонымен қатар жаңа форматтағы онлайн және офлайн іс-шараларды өткізуді қолға алып жатырмыз. Қуыршақ театры Алматы, Жетісу, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарына және Грузия, Болгария мемлекеттеріне гастрольдік сапар жоспарлап отыр. Бұған қоса Ресейдегі, Татарстандағы, Грузиядағы, Болгариядағы фестивальдерге барамыз. 21-28 сәуір аралығында өтетін VI Халықаралық «Ортеке» қуыршақ театрлар фестиваліне Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына негізделген «Мен бір жұмбақ адаммын… Абай» қойылымымен қатысамыз. Бұл спектакль қаламыздағы «Тотал» театрының ұйымдастыруымен 10-16 сәуірде өтетін Total fest фестивалінде де сахналанады. Сонымен қатар ұжым 30 шілде мен 5 тамыз күндері Болгарияның Бургас қаласындағы «Қуыршақ күндері» фестиваль-карнавалына шақырту алды. Бұл фестивальде театрдың төлқұжатына айналған «Қуыршақ думан» бақ сынайды, — дейді Бақыт Тушаев.

Ұжым жуырда боксшы, Сидней Олимпидасының чемпионы, марқұм  Бекзат Сәттарханов туралы «Бекзат чемпион» қойылымын дайындап жатыр. Театр директоры Алмат Әбдірахмановтың сөзіне қарағанда, спектакль кезінде қуыршақтар да қолданылады.

Қуыршақ театрының негізгі мақсаты — балалардың арманшыл, батыл болып өсуіне баулу. Сол себепті «Бекзат чемпион» қойылымын көрермен назарына ұсынбақшымыз. Спектакльдің режиссеры — ҚР еңбек сіңірген қайраткері, театрымыздың бас режиссеры Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек. Пьеса авторы — жазушы, драматург Әлібек Байбол. Қойылым Бекзат Сәттархановтың өмірі мен спорттағы алғашқы қадамы, қажырлы еңбегі, табандылығы мен жеңістері туралы болады. Әрине, біздің негізгі бағытымыз қуыршақ жанры болғандықтан, спектакль кейіпкерлері қуыршақ бейнесінде де ұсынылады, — дейді театр басшысы.

Бұған қоса теардың өзі де халықаралық фестиваль өткізуді жоспарлап отыр. Бұл шара бірнеше елдегі Қуыршақ театры артистерінің басын қосады.

Алматы күні қарсаңында халықаралық Almaty puppet festival-ін өткізуді жоспарлап отырмыз. Оған қазақстандық әріптестерімізбен қоса, Болгария, Түркия, Ресей, Татарстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің үздік қуыршақ театры ұжымдары қатысады. Фестиваль аясында артистердің кәсіби білігін арттыру үшін әр театр арнайы шеберлік сабақтарын, кездесулер өткізеді, жиындарда өзекті тақырыптар талқыланады, — дейді Алмат Әбдірахманов.

Алматы әкімдігі театрдың балаларға арнап заман талабына сай технологияларды қолданып спектакль қою туралы ұсынысын қолдаған, театрға биыл күрделі жөндеу жасалып, бірнеше жаңа жабдықпен толығады.

Алматы әкімі Ерболат Досаев өнер ордамызға жұмыс сапарымен келіп, театрдың өндірістік және шығармашылық жұмысымен танысты. Жуырда театрымыздың үлкен залын және сахнасын модернизациялауды, жарық пен дыбыс жабдықтарын кейінгі форматтағы техникалық, лазерлік құрылғылармен жаңартуды жоспарлап отырмыз. Осыдан кейін театрымыздың репертуары ерекше форматтағы қойылымдармен толығатынына сенімдіміз, — дейді театр директоры Алмат Әбдірахманов.

 

Мейірман ЛЕС

"Baribar.KZ" порталы

Сілтеме:  https://baribar.kz/207240/uyrsha-teatrynda-y-bir-k-n-fotoreportazh/