Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Қуыршақ театрының анасы

11 Желтоқсан 2022

Еліміздің мәдениеті мен өнерінің дамуы жолында толассыз еңбек етіп, ұлт руханиятының қанат жаюына септігін тигізіп жүрген талантты жандар аз емес. Бүгін тамырлы тарихы 1935 жылдан бастау алған Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театрында жарты ғасырдан астам уақыт қажырлы қызмет етіп келе жатқан қазақ қуыршақ өнерінің «анасы», Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі, «Сахнагер-2018» Ұлттық театр сыйлығының «Сахналық ғұмыр» номинациясының иегері Абуева Сәбила Меңдіғалиқызының мерейтойлық бенефисі өтті.

Сәбила Абуеева салиқалы сахна майталмандарының шеберлігінен өтіп, өмір тәжірибесін жинақтап, маңдай терін тамыры терең театрға төгіп келе жатқан ардагер артист. Қуыршақ театры сахнасының патшайымына айналып, 75-ші бекетіне келсе де, бойындағы қуаты мен шабыты сарқылмаған актрисаның сахнада жүргеніне биыл 55 жыл.

СӘБИЛА АБУЕВА 1947 ЖЫЛЫ ТАМЫЗ АЙЫНЫҢ 9-ШЫ ЖҰЛДЫЗЫНДА АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДА ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН. АЛҒАШҚЫ ЕҢБЕК ЖОЛЫН 1967 ЖЫЛЫ МАХАМБЕТ ӨТЕМІСҰЛЫ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ДРАМА ТЕАТРЫНДА БАСТАП, ТЕАТР САХНАСЫНДА ҮЛКЕНДІ-КІШІЛІ РОЛЬДЕРДІ ОЙНАДЫ.

1969  жылдан Мемлекеттік қуыршақ театрында өзінің өнер жолын  асқан белсенділікпен бастаған дарын иесі бүгінде өзіндік сара жолын қалыптастырған шебер тұлғалардың бірі. Жарты ғасырдан астам киелі сахнада үздіксіз еңбек еткен театр ардагері балаларға арналған 200-ден астам әр  түрлі жанрдағы рольдерді сомдап келеді. Актрисаның әрбір кейіпкері кәсібилігімен, шынайылығымен ерекшеленіп, театр репертуарындағы спектакльдерді көркейтуде сүбелі үлес қосуда. Бүгінде өзінің ізін басып келе жатқан жастар үшін «өнердегі ұстазы» атанып та үлгерді.

Сахнадағы елу бес жылдық еңбек жолында қуыршақ театрының белді режиссерлары, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Павел Поторока, ҚазССР Халық артисі Әзірбайжан Мәмбетов, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Құралай Ешмұратова, Қазақстанның Халық артисі Сұлтанғали Шүкіров, ҚР Мәдениет қайраткері Серік Мақұлбеков, т.б. өнер иелерімен замандас бола жүріп, өмірлік сахналық мектептен өтті.

Көптеген халықаралық, республикалық фестивальдердің лауреаты.  Ұлттық қуыршақ театр өнерін дамыту жолындағы толассыз еңбегі үшін құрмет грамотасы, әр түрлі  алғыс хаттармен марапатталып келеді. Осы жылдар ішінде еліміздің барлық облыстарында, сондай-ақ, Вьетнам, Компучия, Өзбекстанның Ташкент, Бұқара, Самарқанд, Түркменстанның Хиуа, Науаи, Қытайдың Пекин, Гуанчжоу, Түркияның Бурса, Измир, Ресейдің Мәскеу, Курган, Қырғызстанның Ош, Бішкек, Жапонияның Иида т.б. қалаларында өткен халықаралық қуыршақ фестивальдеріне қатысып, қазақ өнеріне өлшеусіз үлесін қосып келеді. Көптеген қуыршақ фестивальдерінде қазылар алқасының тұрақты мүшесі.

Сәбила Абуева өзін тек театр саласында ғана емес, экран өнерінің дамуына да үлес қосуда. Мәселен, режиссер Болат Шәріповтың «Кінәратсыз күнә», Гүлшат Омарованың «Бақсы», Н.Игіліктің «Жаныңда жүр жақсы адам», Сәбит Құрманбековтың «Ауыл сақшысы», Ринат Қосайдың «Кеңесшілер», Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол», Нұртас Адамбаевтың «Келинка Сабина-2», Гүлбаршын Абуеваның «Іңкәр жүрек», Э.Әбдіжаппаровтың «Арман қала» фильмдерінде түсті.

Қуыршақ театры – ешқашан қартаймайтын, мәңгі жас өнер ордасы екенін, кішкентай көрермендердің шат-шадыман, ақжарма күлкісі театрға мәңгілік жас ғұмыр сыйлатынын білетін театрымыздың ардагер актрисасы Сәбила Абуеваның 87 жылдық театр тарихында сіңірген еңбегі орасан зор.

Мерейтой аясында «Сахна саңлағы Сәбила Абуева» кітабының тұсауы кесілді. Кітапта Сәбила Абуева ұлттық қуыршақ театры өнеріне қосқан зор үлесі турасында танымал тұлғалардың, отандық телевизия өкілдерінің өнер иесі жайындағы толғам-тұжырымдары жинақталған. Жинақ театр өнері, оның ішінде қуыршақ театры өнерінің даму жолына қызығушылық танытқан оқырманға арналған. Кітапты құрастырушы редактор – өнертану ғылымдарының магистрі, докторант, Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының Әкімшілік және ақпарат бөлімінің меңгерушісі Гүлім Көпбайқызы.

Салтанатты кешке ҚР Мәдениет министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Данияр Алиев, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлибаев, ҚР Театр қайраткерлері Одағының төрағасы, Қазақстанның халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов, бірқатар драма және қуыршақ театрының басшылары мен арнайы өкілдері қатысып, жүрекжарды лебіздерін білдірді.

 

"JanaNews.KZ" порталы

Сілтеме: https://jananews.kz/archives/7057