Ән өнерінің әйгілі майталманы Шәмші Қалдаяқовтың әндер жинағына бағытталып қойылған Мемлекеттік қуыршақ театрындағы «Өмір-өзен» спектаклінің режиссері Еркебұлан Қабдыл халық жүрегінен орын алған сазгердің таңдаулы әндерінің топтамасын жинай отырып, ерекше сарындағы музыкалық спектакль жасаған. Актерлік ансамбльдің үйлесімділігімен ән шырқаулары көрермен құлағына жібектей батып, тіпті бірге қосылып шырқасып отырды. Қойылым басындағы Мақсат Камаловтың монологы біздің Шәмші әндерін бақытты сәттерімізде еске алып, шырқап жүргенімізді бір есімізге түсіртіп алады. Қойылым актер Алияр Нұрәділдің орындауында «Дүнген қызы» әнімен басталады. Құрылыста жұмыс жасап жүріп байқаусызда ғашық болған жігіт сахнада ешқандай сөз айтпай-ақ ғашықтығын ән арқылы жеткізеді. Және бұл қойылымның бір ерекшелігі әрбір сәттерді көрініспен көре отырып, мағынасын шырқалған әндердің сөзінен ұғынып, түсініп отыратындығыңызда. Қойылымда жігіттің қызға гүл бергісі келіп енді дайындалып жатқанында актер Бақытжан Каюов қыздың орнына тұра қалып, қолына гүлді алып жалғастыра кетеді, бұл тұста кейіпкерлердің басынан өткен оқиғаларының үзінділері екенін байқатады. Гүлді иіскеп бір сәт ой түбіне батып, «Сыған серанадасы» әнін шырқай жөнеледі. Артында сыған қызы билеп, онымен қоса қуыршақ кейіпінде иллюзия арқылы қыздармен шыға келуінің өзі шынайы көрініс сыйлай алды.
...Олар бір-біріне қанша қолдарын созғанмен аралары қосылмайды. Руслан Абу мен Ғалым Амангелдіұлы «Ақсұңқарым» әнін орындап бастаған сәтте қойылымдағы оқиға қыза түсіп, әннің мағынасын одан әрі аша түсті. Әнді жалғастыра «Сағыныш» әніне Мақсат Қамалов, Шоқан Құлназаров қосылып, бірге керемет хор шырқап өз ғашықтарына қосылып, сағыныштарын басып, гүл шоқтарын беріп, романтикалық көріністі көрсетті.
«Бәрінен де сен сұлуды» Шоқан Құлназаров пен Гүлназ Абсаттар дуэт болып шырқап, ал сахнадағы кейіпкерлер жеңіл билерімен ғана әнге дем беріп жағымды атмосфера сыйлап тұрды. Ерекше дауысыпен Гүлбаршын Өнімбай «Ақ маңдайлым» әнін шырқап отырғанда, қуыршақтар вальс билеп бөлек әлемге жетелегендей сезім қалдырды. Композитордың шоқтығы биік әндерінің бірі «Арыс жағасында» әнін Арай Сақтағанова сыңғырлаған әсем даусымен бірге қуыршақ бақалардың хормен қосыла шырқаулары адам жанын тебірентіп, су жағасында отырғандай сезімдерді бастан кешіртеді. «Ақ бантик», «Кешікпей келем деп ең», «Сырласу вальсі» әндерін М.Қамалов пен А.Сақтағанова дауыстарының үйлесімдіктерімен бірге орындап шықты.
Айрықша көзге түскен көрініспен «Қайықта» әнін Б.Каюов, Ә.Чаелғанова орындаған сәтте қуыршақтар көлеңке арқылы ойнатылып, қос ғашық бейнесін қайық үстінде әдемі көрініспен қоя білді. Дәл осындай көрініспен аққу бейнелері көлеңкелі қуыршақтар арқылы шығып, су бетінде бірге жүзіп жүргендей әсермен «Өмір-өзен» әнін М.Қамалов, А.Сақтағанов шырқайды. Екі аққу көлеңкеден сахнаға шыққанда көрініс одан да шынайы бола түсті. Қолдарына домбыра ұстаған қуыршақтар ойнатылып, қазақы нақыштағы көйлектерімен қуыршақтарды мұң бұралтып билетіп шығарғанда Ә.Чаелгенова «Отырардағы тойды» кең дауысымен орындайды. Қуыршақтардың билерін домбрасымен бірге оларды қозғалту арқылы жасалған көріністері кешті одан әрі қызықтырып, жандандыра түскендей. Қойылым соңында шырқалған «Жан аға» әні арқылы сазгердің әндері қай кезде болсада, қай туындысын алсақта, қайталанбас қолтаңбасымен жүрегімізде мәңгі екенін көрсетеді. Қазақ даласына еңбегі сіңіп, әндерімен елге бақыт сыйлаған Шәмші Қалдаяқов ағамызды сағынышпен еске алғанда көзге еріксіз жастың келетіні сөзсіз.
Қорытындылай келе, қойылымның ерекше тұсы бола білген қуыршақ театрынының орындаушылары қуыршаққа жан бітірткендерінен бөлек өздерінің де кереметтей ән шырқаған дауыстарымен жан-жақтылығын айқындатты. Көрерменге тек ән кешін емес, сонымен бірге қуыршақтармен көрініс қоюлары оларға ерекше сезім сыйламай қоймағаны анық екені белгілі. Театр ұжымының аталмышқойылымда жас өспірімдерге көрсетуі арқылы «Қазақ вальсінің королі» һәм «Ән аға» атанып, бар ғұмырын әнге арнаған композитордың әндерін еске салып, көрсету арқылы оның еңбегін ұмыттырмайтыны анық.
Алима НИСАНГАЛИЕВА,
«Театртану» мамандығының 1 курс студенті (Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА)
Сілтеме: https://standard.kz/kz/post/quyrsaq-teatrynyn-saxnasynda-samsi-anderi-qalyqtaidy