Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

«Ана» тақырыбындағы қойылым – Қуыршақ театрының сахнасында

4 Шілде 2022

Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театрының репертуарындағы театр режиссері Антон Зайцевтің алғашқы туындыларының бірі «Ана жүрегі» қойылымы – бүгінгі қоғамда аса маңыздылыққа ие ана мен баланың ара-қатынасына арналған. Өте өзекті тақырып. Режиссер сахнада қарапайым қолданыстағы заттарға жан бітіруі арқылы спектакльдің өте әсерлі, көркемдік тұрғыдан сәтті шығуна оң ықпал жасаған. Мәселен, «алтын алма» арқылы бірнеше мазмұнды ұғамыз. Біріншіден, алма – тыйым салынған жеміс, қолың жеткенмен де соңы жақсы болмайтынын түсінсек, екіншіден, бүгінде сәнге айналған Iphone телефонының маркасын еске салады. Яғни, «сенің алтын алмаң жоқ па?» дегеннің негізінде «Iphone-ның бар ма?» деген сауалды сұрап тұрғанын аңғармау мүмкін емес.

Осы секілді спектакльдің мағынасын аша түскен келесі бір сахна – бөшкелермен арпалысқан ана сахнасы. Қара темір бөшкелер – тауқыметтер, ауыр еңбек, қиындықтардың белгісі ретінде тіл қатады. Бауырынан шыққан баласы елден қалмасын деп қара жұмысқа жегіліп, жаны шыққанша арпалысып «алтын алманы» әпермекке бел буған ананың күресін режиссер әдемі шешкен. 

Қарапайымдылығымен көз тартып, мол ұғымды сыйғызған бір шешім – арқандар. Арқан – өмір жолы. Бала есейген сайын, өмір жолымен жүре отырып, бөгде адамдарды көп кездестіреді. Оның адамдармен араласа бастағанда арқандар (жолдар) көбейіп шатасып бастайды. Бірі бітіп жатса, екіншісі көбейеді. Зуылдап өтіп жатқан өмір ағымын режиссер осылай көрсетеді. 

Сонымен қатар, спектакльде орын алған жайт ананың қолындағы сүттің төгілуі. Ырымға сәйкес ақтың төгілуі – жақсылықтың нышаны емес. Бұл жайт спектакльде драматизмді әсерлете түсті. Сол сияқты, ана қолына шырақ ұстап шығуы, сол шырақты баласының туған күніне сыйлап: «Менде бары осы ғана, алшы, құлыным» деген сөздің астарында «жанымды берейін» деген түсінік жатқаны белгілі.

Режиссер актерлерді екі планда, яғни тірі актерді және қуыршақты да қойылым тіліне еркін енгізген. Ашып айтар болсақ, ана бейнесі – драмалық кілтте, ал бала бейнесі қуыршақпен (драма үрдісінде) ойнатылады. Режиссер спектакльдің ең шешуші қайғылы сәтін сахналық 3D эффект арқылы жеткізеді. «Сен менің анам емессің, менің анам өліп қалған, ол менің анам емес...» деп баланың анасынан бас тарту көрінісін режиссер 3 рет қайталап көрсетеді. Осылайша, ана өліміне әкелген трагедиялық жағдайдың туындау оқиғасы өз орнын ақтап алады. Бір жағынан 3D эффект үш рет қайталағандықтан жадыңда сақталып, жатталып қалады.

Оқиғаның сюжеті баланың естелік хаттарын оқумен байланысып отырады. Спектакльге қатысушы барлық актерлер біртіндеп хат оқу арқылы анасына өз жан сырын арнап жатқанын, естеліктері бар екендігін режиссер жеткізгісі келді. Қойылымның көркемдік идеясы – анаға құрмет көрсетіп, қасыңда жүргенде аяла, сыйла... әйтпегенде, «қолда бардың қадірі жоқ» деген күрделі ойды жеткізеді.

«Ана жүрегі» спектаклінің – көтерген тақырыбы мен көрерменге берер тағылымы, мазмұны ерекше. Қаншама ғасыр өтіп жатса да, «Ана» мен «Бала» ұғымы ешқашан құндылығын жоғалтқан емес. Ана – балаға, бала анаға тәуелді. Қуыршақ бейнесінде қойылған сахналық туынды көрерменге ерекше әсер қалдырмауы мүмкін емес. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған қуыршақ өнерінің кәсіби білгірлері қазақстандық өнер ұжымының шеберлігін аталмыш қойылым арқлылы жоғары бағалап, халықаралық театр фестивальдерінде «Үздік спектакль» және «Үздік актерлік ансамбль» аталымындағы қос бірдей жүлдені сыйға тартқаны тегін емес.

 

Аяулым БЕКБАУ 

«Мәдениет» порталы

Сілтеме: http://madeniportal.kz/article/7134