Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Айдын Жақыпбаев: «Қазіргі балаларды таңқалдыру қиын»

19 Қазан 2020

Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры – Республикамыздағы тұңғыш қуыршақ театры. Өнер ордасына өмірін арнап келе жатқан қуыршақ артистерінің қай-қайсысы болмасын зерттеуге тұрарлық. Бала көрермендерді қуантудан жалықпайтын өнер иелерінің өздері де – жайдарлы, балажан. Солардың бірі, 20 жылға жуық қызық та күрделі өнер түріне өлшеусіз еңбек етіп келе жатқан «ЕҢЛІКГҮЛ» кәсіби театр сыйлығының иегері - Жақыпбаев Айдын Кеңесқалиұлы. Демалыссыз жұмыс жасайтын театрдың талантты артисімен сұхбаттасып, сауалдарымызға жауап алудың сәті түскен еді. 

- Қайырлы күн, Айдын мырза! Әңгімемізді таптаурын сұрақтан емес, қызықты сауалдан бастасақ. Сіз достықтың махаббатқа ұласатынына сенесіз бе? 

Сәлеметсіз бе, бұл сауалға ойланбастан жауап бере аламын. Сенемін! (күлді.) 1997 жылы Ж.Елебеков атындағы Эстрада және цирк колледжінде оқып жүргенімізде бір досым болды. Тіпті, қыздармен танысуға да бірге ертіп шығатынмын. Сол досым, қазіргі жан-жарым – Эльвира Сүлейменова. Бүгінде көп балалы, көпшілік қызығатындай жанұямыз деп ойлаймын. Сондықтан, біз достықтың шынайы махаббатқа ұласатынын дәлелдеген бірден-бір отбасымыз. 

- Бала күніңізде күйші болуды армандаған екенсіз. Сол жеткізбей кеткен арман әлі де жүрегіңізде бар ма? 

Иә, мектеп оқып жүрген шағымызда домбыра үйірмесіне баратынмын. Ұстаздарым домбыраға деген махаббатымды оята білді. Арман қала Алматыға келіп шебер күйші болсам деген арманым болды. Бірақ, ол бақтан кішкене сүрініп өттік. Дегенмен, оған өкінбеймін. Тағдырымның театрмен тоғысқаны да мен үшін үлкен бақыт. 

- Қуыршақ театрының көрермендері қойылым ұнамаса қолын бір сілтейтін ерке, өз ойларын ірікпейтін еркін бүлдіршіндер. Талғампаз көрермендердің көңілінен шығу қаншалықты қиын?

Дұрыс айтасыз. Қазір гаджет заманы. Балаларды таңқалдру қиын. Бізде балаларға арналған шығармалар кемшін. Жас драматургтердің құлағына алтын сырға. Мүлдем жоқ демейміз. Дегенмен, сахнаға шығарып, балалардың сұранысын тудыратындай деңгейде емес. Балаларға деген ең үлкен сыйлығымыз – олардың танымын кеңейтуге атсалысқанымыз болмақ. Осы тұрғыдан алғанда біздің театрдың өз тұрақты көрермендері бар. Сол кішкентай көрермендеріміздің сүйікті қойылымдарының санын арттыру үшін тынбай жұмыс жасап жатырмыз. 

- Театр өнері - қайнап жатқан қарбалас өмір. Пандемия кезінде осындай процессті қаншалықты сағындыңыздар? 

Әрине, бұрын-соңды мұндай кезеңді бастан өткеріп көрмедік. Қай салада жұмыс жасайтын мамандар болмасын, ешкімге оңайға соққан жоқ. Театр – біздің екінші үйіміз. Бұрындары сахна, дайындық, спектакль – басты жұмысымыз болатын. Қазір қуыршақ жасау, ертегілер оқу, түрлі қолөнер бұйымдары, танымдық айдарларды түсіру арқылы тіпті, операторлардың да еңбегін түсініп, танысып жатырмыз. Онлайн жұмысымыз жалғасып жатқанымен, бірнәрсе жетіспейді. Ол әрине, киелі сахнадан алар ләззәтіміз. 

- Спектакльдердегі қандай рольдеріңізді сағындыңыз?

Театрдағы барлық ролім ыстық. Бөліп-жарып қарамаймын. Барлық кейіпкерлерімді сағындым. Себебі, мен сахнамды сағындым... 

- Театрда буын жалғастығы жарасымды орын алған. Ұжымның осындай бірлігі кімге немесе неге байланысты?

 Дұрыс айтасыз. Театрымызда кімге болсын үлгі боларлықтай ұрпақтар сабақтастығы қалыптасқан. Ең алғаш театрға қабылдағанда 20 жаста болатынмын. Сол кезеңнен орта буын мен жоғары буынның қолдауын көрдік. Қорғауында болдық десем артық айтқаным емес. Барынша білгендерін үйретіп, тәрбиеледі. Бүгінде біз де орта буынға айналып келеміз. Бар білгенімізді, түйгенімізді жастарға үйретуге дайынбыз. Үйретіп те жүрміз, қолымыздан келгенше. Бұл үрдіс жалғаса берсін деп тілеймін. 

- Сұхбатыңызға рахмет!

 www.MADENIETPORTAL.kz