Кішкентай көрермендердің өнермен танысатын алғашқы мектебі – Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры бүгінде онлайн форматта жүйелі жұмыс атқаруда. Ізденімпаз бүлдіршіндеріміздің қиялына қанат бітірер әлем халық ертегілері, үй жағдайында жасауға болатын түрлі қолөнер, қуыршақ бұйымдар жасау сабақтары ұсынылып, бала болашағы үшін ең маңызды кезеңдерді тиімді пайдалану жолдарын жан-жақты қарастыруда. Әсіресе, «Құпияға толы қуыршақтар әлемі» айдары екі тілде қатар ұсынылып, балалардың ерекше қызығушылығын тудырған театр қоймасындағы қуыршақтармен таныстырып, олардың қалай ойнатылатынын көрсету дәрістері көрермендеріміздің көңілінен айрықша орын алуда. Ұзақ жылдар театр репертуарынан түспей, бірнеше буын бүлдіршіндерімізді тәрбиелеп шығарған өнер ордасы ұсынар тағылымды дүниелер мұнымен толастамақ емес.
Балғын бүлдіршіндерімізден бөлек, театрдың шығармашылық келбетін қалыптастыруға оң ықпалын тигізген ересектерге арналған қойылымдар жайлы жаңа айдар да көрермендерге ұсынылды. «Театртанушылар талдауы» деп аталатын айдар «Халықаралық театр сыншылары бірлестігімен» ұйымдаса отырып жарыққа шығарған жоба. Тікелей эфирде өтетін сұхбат барысында театртанушылар спектакльге терең талдау жүргізіп, театр репертуарындағы спектакльдерге театртанушылық көзқарастарын ашық білдірді. Бірлестіктің мүшелері Сәния Қабдиева, Бақыт Нұрпейіс, Аманкелді Мұқан, Меруерт Жақсылықова, Анар Еркебай, Зухра Исламбаева сынды еліміздің беделді театр сыншылары спектакльдерге сараптамалық талдау жасап, артықшылықтар мен кемшіліктерге кәсіби баға берді. Сонымен қатар, жас театртанушылар да жобамыздан тысқары қалмай, ересектерге арналған «Медея» (реж.: А.Салбан), «Ана-Жер Ана» (реж.: Д.Жұмабаева), «Ромео мен Джульетта» (реж.:Д.Жұмабаева) қойылымдарына заманауи еркін ойларын білдірген Қарағанды облыстық С.Сейфуллин атындағы академиялық драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Қуанышбекова Алтынай, Павлодар облыстық Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының Әдеби-драма бөлімінің меңгерушісі Тұрлыбек Нұркен, сонымен қатар, Саяна Ринатқызы, Аружан Бердіқожа, Ұлбосын Тулақ сынды ізденісі жоғары театртанушыларды атап айтуға болады. Театр сыншыларының айтар өзекті ойы, терең талдауы театрдың бағытын анықтау үшін қашан да маңызды болмақ. Аталмыш жоба аясында театр репертуарындағы «Ана-Жер Ана» спектакліне сараптамалық талдау жасаған театртанушы, өнертану кандидаты Аманкелді Мұқанның пікірін назарларыңызға ұсынамыз:
«Қуыршақ театры сонау отызыншы жылдары қилы кезеңде дүниеге келген өнер ордасы. Еліміздегі драма театрларының кез-келгені өз көрерменін табу үшін алдымен қуыршақ театрын ашу қажет. Эстетикалық толысып, болашақ үлкен театрдың тұрақты көрерменін дайындау қуыршақ театрының үлесінде. М.Әуезов өзінің бір мақаласында қазақ театрлары тек бір бағытпен шектелмеу қажеттігін, драма, опера, жастар мен жасөспірімдер, қуыршақ театрларының болуы керектігін айтады. Сол арманы отыз бесінші жылдары орындалып, балалар репертуарын дайындаған ұжым өмірге келді. Міне, сексен бес жылдық тарихы бар қуыршақ театрының қазіргі бағыты, жұмыстары көңіл қуантарлық. Соның ішінде, театрдың ересек көрермендерге арнап сахналаған «Ана-Жер Ана» қойылымы жайлы көп дүние айтуға болады. Бүгінде барлық дерлік театртанушылардың назарын өзіне аудартып отырған театрдың репертуарына қосылған, дәстүрлі режиссураның қақпасын бұзған бірнеше қойылымдар бар. Олар тәуелсіздіктен кейін қалыптасқан режиссерлер, жаңа буын деуге болады. С ол жаңа тыныстың бірі Д.Жұмабаеваның жұмыстарымен жақсы таныспын.
Ш.Айтматов шығармаларын бірнеше театрда сахналаған режиссердің «Құс жолы» повесінің негізінде сахналаған спектаклі – қуыршақ артистерінің потенциалын көрсете алды. Ең алғаш Ә.Мәмбетов режиссурасымен 1964 жылы қазақ театрында сахналанған қойылым бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпады. Кез-келген қойылым «тәуекел». Ал, қуыршақ театрындағы осы бір тәуекел театрдың кәсіби шеберлігін шыңдап, бейбіт өмірдің қадірін жете түсінуге үндейді. Аралас форма қуыршақтардың да, артистердің мүмкіндігін кеңінен көрсетуге жол ашқан. Спектакльдің басынан соңына дейін Толғанай ана бейнесін бір актрисаның сомдауы артист үшін ауыр болар еді. Оның үстіне үш кезеңді, үш түрлі хәл-күйді бейнелеуде үш актрисаның характерін көрсету өте ұтымды шешім. Белін буып тұрып, бейбітшіліктен қайғыға ауысуы, алқа-қотан отыра қалып тамақтанулары, сап түзеген етіктер, сол арқылы көрсеткен ер-азаматтар болмысы нанымды. Кейіпкерлер болмысында эстетикалық көркемдік сақталған. Суретші жұмысы да, сабандардың, керзі етіктер мен ожаулардың түрлі тәсілде ойнатылуы сәтті шыққан. Музыкалық партитураға ерекше мән беретіндердің қатарынанмын. Спектакльдегі үш негізгі ән, «Эсимде», «Қырқыншы жылдардағы бесік жыры», «Сары бидай» қойылымның тереңіне бойлауға әсер етеді. Жалпы, қуыршақ театрының репертуарына өте дұрыс таңдалған, сәтті спектакль деп санаймын».
Елімізде ғана емес, бүкіл әлемде болып жатқан жан жабырқатар хәл-ахуал балалар психологиясына, олардың кіршіксіз ойларының, бала қиялдарының тоқырауына, жалпы көрермендерімізбен байланыс бәсеңдеуіне жол бермеуі тиіс. Бүгінде адамзаттың алдында тұрған зор міндет – болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру болса, қуыршақ театры мұны өзінің даму жолындағы басты кредосы деп санайды. Театр дүниеге келген уақыттан бері есептесек, алғашқы көрермендеріміздің жасы бұл күнде 70-тен асқан ақсақалдарымыз бен дана әжелеріміз болады. Демек, балдырған шақ пен бала күндеріне саяхат жасағысы келген әр көрерменіміз қызықты шараларды тамашалауына болады. Мұнда көрермен жасына шектеу жоқ. Қуыршақ театры ұсынар қызыққа толы думаннан қапы қалмаңыздар!
Бейбіт ӘЛКЕЕВА
QAMSHY.kz