Қазақ театр өнеріне жаңа толқынның келуі оған жаңа бір тыныс әкелері анық. Бүгінде төл сахнамыздағы жас буын ішінде де өзіндік даралығымен көзге түсетін жаңа есімдерді құлағымыз шалып келеді. Солардың бірі – Алматы мемлекеттік қуыршақ театрының актрисасы Салтанат Төребаймен әңгімелесу бұйырды.
Салтанат, бүгінде Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдап, кәсіби «драма театры артисі» атануыңызбен құттықтаймыз! Сахна саңлағы, дарабоз тұлға Тұңғышбай Жаманқұловтан дәріс алдыңыз. Әр ұстаздың шәкіртіне берері мол ғой, дегенмен, Тұңғышбай Қадырұлының шәкірті болудың артықшылығы қандай? Болашақ шығармашылық жолыңызға азық болатын нендей үлгі-өнеге алдыңыз?
Академиядағы басқа мастерлерден тәлім алып көрсем, салыстырып, артықшылығын айтар едім (күліп). Тұңғышбай ағайдың шәкірті болғанымды үлкен бақ деп білем. Ол кісінің тамаша актер, жақсы режиссер, мықты педагог екеніне ешкім күмән келтірмейтін шығар. Шығармашылық тұрғысынан ғана емес, ол кісінің әңгімелерінен өмірлік үлкен тәжірибе алдым десем болады. Жалпы, ол кісі ұстаз ғана емес, өнердегі әкем десем, артық айтқаным емес. Оның: «Өнерді есеппен емес, ессіз сүй!» деген сөзі – шәкірттері ту ететін ұстаным. Бұл жолмен жүріп өту екінің бірінің қолынан келе бермейтінін, келсең, кері тартынуға да хақың жоқ екенін жиі айтып отырады.
Иә, ұстаздың сөзі шәкірт жадында мәңгі жаңғырып тұратыныны рас. Осы айтылған сөздерден адаспай, бағдар етіп жүруіңізге тілектеспіз. Шыңға жетелеп, қанаттандырған ұстазыңыз сіздің оқу мен театрды қатар алып жүргеніңізге қалай қарады?
Әрине, қандай ұстаз болмасын, қай кезде де шәкіртінің жетістігіне шын қуанады. Біздің ұстазымыз да Алматы мемлекеттік қуыршақ театрының «Ромео мен Джульетта» спектакліне рольге бекітілгенімізді дәл солай қуана қабылдады. Алдымен, кастиңге бармас бұрын Тұңғышбай ағай мен Дәрия апайдың рұқсатын алған болатынбыз. Олар таразы басын тең ұстап, сабаққа да, жұмысқа да үлгеруімізді талап етті. Өйткені, толыққанды маман болып қалыптасу үшін, бірінші кезекте, білім керек. Сол себепті, Ғалым екеуміз де сабақты екінші орынға қалдырған емеспіз.
Сіз академия қабырғасында оқып жүріп, академиялық ұтқырлық арқылы Чехиядан жарты жыл білім алып қайттыңыз. Сол жақтағы актерлерді даярлау, оқу жүйесін біздің оқу жүйесімен салыстырғанда, қандай айырмашылық байқадыңыз?
Иә, екінші курста Чехия елінің Брно қаласында Яначек музыка және театр өнері академиясында білім алдым. Ол жақта өткен жарты жыл уақыт, расында да, менің өнерге ғана емес, жалпы, өмірге деген көзқарасымның өзгеруіне, көп дүниені басқаша қабылдауыма ықпал етті. Айырмашылығына келер болсақ, олар актерлерді трениң арқылы қалыптастыруға көбірек мән береді. Күнделікті сабақ, дайындық жүйесіне міндетті түрде түрлі трениңдер енгізіледі. Маған бір ұнағаны, ол жақтың пластикалық театрлары жоғары деңгейде. Дегенмен, олардың орындаушылық өнерінде біздің актерлік мектеппен салыстырғанда, өзгешеліктер анық байқалады. Біздің ұстаздар болашақ актерлерге барынша шынайылықты дәріптейтіні маған ұнайды. Жалпы, өзге елдермен салыстырғанда, біздің актерлік өнер халқымыздың болмысына тән темперамент, эмоциямен ерекше дараланып тұрады. Мен өзім болған, көрген елдердің театрларынан осыны байқадым. Тіпті, Мәскеуге барып, әлем мойындаған театрлардың спектаклін тамашалағанда да, мен үшін бәрібір Тұңғышбай ағай мен Дәрия апайдың мектебі, методикасы биік тұрды. Әлі де солай.
Иә, не дегенмен, өз балаларының шама-шарқын білетін ұстазға да, өз мастеріне үйренген студентке де бірге жұмыс істеу қиын болмасы анық. Ал, Мемлекеттік қуыршақ театрына келіп, салмақты спектакльдегі басты рольді сомдау барысында режиссер Дина Құнанбайқызымен тандемде бола алдыңыздар ма?
Алғашында Ғалым екеумізге де қиын болғаны рас. Себебі, үшінші курсқа енді қадам басқан кезіміз еді. Дина апайдың режиссерлік қиялы, спектакльді көруі басқаша, сол үшін де басында оның не қалайтынын, қалай қойғысы келетінін, «сверхзадачасын» түсіне алмадық. Академиядағы ұстаздармен тыңғылықты, әр детальмен жұмыс істеуге үйреніп қалған біз Дина Жұмабайдың бөлек стиліне, бағытына ойыса алмай жүрдік. «Мына микрофон неге керек, не үшін тұр?» деген сияқты бірнеше сұрақтарға жауап таппай, сәл қиналғанымыз рас. Кейін, бес минутсыз актер екенімізді түсініп, өмір бойы аузымызға шайнап бермейтініне көзіміз жетіп, өзімізді қолға ала бастадық. Екі аптадай уақыттан кейін, режиссерді түсініп, процесске толықтай ене бастадық. Дина Құнанбайқызы керемет режиссер, мүмкіндік болса, онымен тағы да жұмыс істегім келеді. Өйткені, оның классикалық спектакльдерді өзінің ерекше қолтаңбасында сахналайтыны ұнайды. «Ромео мен Джульеттаны» бұлай да қоюға болады екен деген ойға келіп, режиссер ойын түсініп, онымен шығармашылық тандем орната алдық деп айта аламын.
Расында, әлемнің барлық дерлік театрының репертуарынан орын алатын классикалық спектакль қанша режиссердің оқылымында небір формада дүниеге келді. Солардың ішінде Алматы мемлекеттік қуыршақ театрының «Ромео мен Джульеттасы» да өзіндік интерпретациясымен ерекше. Қазақ театрларының бірнешеуінде бұл шығарма өз «қаймағын бұзбай», дәстүрлі шешімдермен көрерменге жол тартты. Солардың кейбірінен бір байқайтынымыз, он төрт жасар Джульеттаның пәк, балғын болмысын 25-35 жастағы актрисалар бейнелей алмай жатады. Ал, сіздің жағдайыңызда мұндай кемшілік боламағаны белгілі. Не дегенмен, әр актер өз ролінің авторы, сондықтан, кейіпкерді мынадай етіп шығару керек деген де заң жоқ. Дина Жұмабай көргісі келген, сіз жасаған Джульетта қандай?
Кастиңде өнер көрсеткенде, мен Джульеттаны классикалық бағытта сомдадым. Сол кезде маған Дина апай бірден: «өзің бол!», – деді. Режиссер өзімнің дауысыммен, өзімнің болмысыммен жасалған Джульеттаны көргісі келді деп ойлаймын.
Демек, Джульеттаға, ең біріншіден, өзіңіздің табиғатыңызды, шынайылығыңызды арнадыңыз ғой?
Иә, солай.
Ромеоны сомдаған Ғалыммен бір шеберханада дәріс алып, бірінші курста осы пьесадан үзінді қойып, бұған дейін бірге ойнағандықтан, сахналық серіктестік орнату оңай болған шығар. Ал, қуыршақтармен қарым-қатынас жасау, әсіресе Күтушімен болатын сахналар сіздерге, қуыршақ емес, драма театр актері ретінде қандай міндеттерді жүктеді?
Әрине, Ғалыммен сахналық серіктес болу біршама жеңіл болды. Өйткені, бұдан бұрын да сахнада бір-бірімізге үйреніскен едік. Ал, қуыршақтармен, алғаш кездескенде, шынында да қиындау болды. Күтуші деп қуыршаққа емес, Арайдың (Байырбекова) өзіне қарап қоя беретінмін. Басқа қуыршақтармен де солай, өздеріне емес, оларды жүргізіп тұрған актерлерге қарап сөйлейтінмін. Кейін, бірте-бірте қуыршақтармен де қарым-қатынасым жақсарды (күліп). Қуыршаққа жан біткендей, оны расымен өзімнің күтушім секілді сезіндім.
«Ромео мен Джульетта» спектаклімен фестивальдерге барып қайттыңыздар. Шетелдік театр мамандары қандай баға берді?
Татарстан мен Түркияда өткен екі фестивальде де «Ромео мен Джульетта» оң бағаға ие болды. Әрине, олардың ең бірінші атап өткен тұсы классикалық спектакльдің қуыршақ театрындағы заманауи шешімі болды. Сонымен қатар, қуыршақ актерлері мен драма актерлерінің сабақтасуы өте қызықты болды деген пікірлер айтылды.
Жоғарыда академия, актер-студенттер туралы сөз қозғаған екенбіз, осы тұрғыда бір айта кетерлігі, еліміздегі шығармашылық оқу орындарында дайындалатын актерлер саны көбейіп келе жатыр. Мәселен, біздің шаңырағымызда (өнер академиясы) әр курста кем дегенде төрт топ бар. Өкінішке орай, олардың сапасы санындай жоғары емес екенін білеміз. Жыл сайын «әртіс» деген дипломын құшақтаған мыңға жуық мамандардың жиырма-отыз пайызы ғана театрларға орналасар. Қалғанының жайы қиындау. Сіздің осыған қатысты ойыңыз қандай?
Иә, бұл сұрақты жақсы қойдыңыз. Мен де осы мәселеге, жағдайға қатты қынжыламын. Неге бізде актерлік мамандыққа жыл сайын топырлатып қабылдай бергенше, орыс, неміс топтары секілді белгілі бір уақыт сайын, бәлкім екі жылда бір, немесе, тіпті, төрт жыл сайын ғана қабылдап, бітіргендерін жұмыс орнымен қамтамасыз етпеске? Шынымен, біздің алдымызда қаншама студент аяқтады, оның барлығы театрда жүрмегені белгілі. Жалынып-жалбарынып, жарты ставкамен жұмысқа тұрды делік, оның жалақысы кімге жетеді? Актерлікке жылда қабылдамасқа болмайды десе, онда театрларды көбейтсін. Арман қуып Алматыға келген талапкердің басым бөлігі болашағын сол Әуезов, сол Мүсірепов, Лермонтов, Сац театрларынан көргісі келеді ғой. Бірақ, оларды қоя бергенде, ресми тіркелген алпыс театрдың ішінде, актерлерге аса мұқтажы жоқ. Сәті туып, жүздің оны ғана театрға жұмысқа тұрар, ал басқалары ше? Сондықтан, оқуға бала қабылдағанда, оның келешек тағдырын да ойлау керек.
Иә, жолы болып, білдей бір театрдың сапына қосылатындардың ішінде сіз де барсыз. Әйтсе де, осы айтып отырған театрларды сіз де армандап келдіңіз ғой? Болашақта сол театрлардың да сахнасынан бой көрсеткіңіз келетін шығар?
Иә, әрине, мен де осы аталған театрларды армандап келгендердің бірімін ғой. Бірақ, бағыма орай, Алматы мемлекеттік Қуыршақ театрына жұмысқа алындым. Бұл жер шығармашылық шыңдалуыма, өсуіме ықпал етіп, үлкен сахнаға жол ашқан театрым ретінде аса қымбат мен үшін. Дегенмен, алдағы уақытта өзге де театрларда жұмыс істеп, тәжірибемді молайтқым келеді.
Тұсауыңызды кесіп, жұлдызыңызды жаққан, Қуыршақ театры туралы, ұжымыңыз туралы айта кетсеңіз. Жұмыс барысы, шығармашылық процесстер, театрдың қазіргі онлайн режимдегі өмірі жайында дегендей...
Қуыршақ театры ұжымына аса ризамын. Директор, әріптестер, күзетші ағай, бәрі-бәрі өте тамаша адамдар. Театрдағы жас буын мен аға буын арасында ерекше сыйластық пен қамқорлық бары ұнайды. Кеше келдің, жассың, ештеңе білмейсің деп кеудеңнен итермей, керісінше, бар білгендерімен бөлісіп отырады. Театр ұжымының осындай бірлігі, жұдырықтай жұмылуының арқасында бірнеше белесті бағындырамыз деп ойлаймын. Қазіргі таңда театр жұмысы қарқынды жүруде. Антон Зайцевпен бірге «Золушка» спектаклінің дайындығына кірістік. Одан бөлек, күнделікті би, хор, вокал, барлығы өз ретімен жүріп жатыр.
Бір жарым жылға жуық осы театрдың өміріне араласып, жүрісіне ілесіп келесіз. Осы уақытта қуыршақ жүргізу ісін үйрендіңіз бе? Оның өз алдына үлкен шеберлік, ептілікті қажет ететіні белгілі. Сіз қаншалықты меңгеріп жатырсыз?
Расында да, сырттай қараған адамға оңай көрінгенімен, қуыршақ жүргізудің қиындығы, қыр-сыры жетерлік. Оған іштей жан бітіру бір бөлек, сыртқы қимылдарын тудырудың өзі үлкен еңбек. Өзіме келер болсам, қуыршақтың қимылының барлық механизмін түгел меңгере қоймадым. Мен үшін қиын екен, шынымды айтсам.
Бүкіл әлемді жаулаған пандемияның салдарынан болған карантиндік режим сіздің шығармашылығыңызға, тұлғалық дамуыңызға қалай әсер етті?
Бұл жағдай барлық саланың адамдары үшін оңай болған жоқ, әрине. Оның ішінде бізге, шығармашылық адамдарына тіпті қиынға соқты. Әсіресе, театр өнері тірі организм болғандықтан, оның тікелей қарым-қатынассыз жүзеге асуы мүмкін емес. Сахнаға шықпай, одан алыстап кетсек, кәдімгідей суып қалуымыз мүмкін. Оның үстіне, дипломдық спектакльдеріміздің репетициялары тоқтағаны қынжылтады.
Көрермен ретінде отандық, әлемдік театрлардан қай театрдың шығармашылығын бақылап отырасыз?
Карантин уақытында атақты режиссер Роберт Уилсонның шығармашылығына зер салып, спектакльдерін қарап шықтым. Бұрын уақыт болмады ма, әлде онша мән бермедім бе, білмеймін, әйтеуір осы карантинде сәті түскен екен. Бұл режиссердің өзіндік стилі мені қайран қалдырды. Әсіресе, «Страсти по адаму», «Сонеты Шекспира» ерекше әсер сыйлады. Өйткені, Уилсонның спектакльдері көрерменнің ойлау, көру мүмкіндіктерін кеңейтіп, қиял әлеміне айқара жол ашады екен.
Бүгінгі қазақ театрына, даму тенденциясына көңіліңіз тола ма? Сіздің ойыңызша, төл сахнамыз арылуға тиісті немесе керісінше, жаңадан бой үйретуге тиісті құбылыстар бар ма?
Мүлде көңілім толмайды деп айта алмаймын. Өйткені, қай театрды алып қарасаңыз да, өзіндік даму әдістерін қарастырып жатыр. Мәселен, біздің Қуыршақ театрының алға жылжу процессі айтарлықтай қарқынды жүріп жатыр. Ересектерге арналған қойылымдарының көркемдік дәрежесі драма театрларының спектакльдерімен қатар қоюға болатын деңгейде. Театрлар сырттан режиссер шақыртып, жан-жақты дамуды қолға алуда. Жалпы, бүгінгі қазақ театрының даму тенденциясына көңілім толады. Дегенмен, театрлардың арылуға тиіс тұсы да жоқ емес. Сын көтермейтін спектакльдердің репертуардан түспеуі, актерлердің қайдан, кімнен бітіргені, шығармашылықтан бұрын жеке қарым-қатынас факторлары маңызды болып кететін тұстар бар. Одан кейін, жастарға көбірек мүмкіндік берілсе екен деймін. Театрдың белгілі бір «жұлдыздары» ғана елене бермей, талаптанған, еңбектенген жастарға да көңіл бөлінсе ғой.
Рахмет, Салтанат! Расында, қазақ театрының бүгіні мен ертеңін жалғаушы буын – сіз бен біз секілді жастар. Сондықтан, оның бары мен жоғына алаң білдіруіміз де орынды. Өз ойыңызбен бөліскеніңіз үшін сізге үлкен алғыс айта отырып, киелі сахнада небір дара бейнелерді кейіптеп, төл өнерімізден өз орныңызды айшықтауыңызға шын жүректен тілектеспіз!
www.oner.kz