Сан ғасырдан сүрлеу салып, адам баласымен бірге жасасып, жанының рухани азығы болып келе жатқан мәдениет саласының бірі – сахна өнері. Жер бетіндегі әр-түрлі халықтардан өзіндік ерекшелігімен дүниеге келген сахна өнерінің басты мақсаты мен мүддесі – жалпы адамзаттың мәселесін көтеретін болғандықтан түрлі бағытта болса да әлемге ортақ өнер болып саналады. Сахна өнерінің ерекше түрі, қоғам мен адам өміріндегі орны бөлек саласы – қуыршақ театры өнері. Қайнар көзін жер шарының әр түкпірінде, өзінше дамыған халықтық өнерден алатын қуыршақ театрының тарихы, тағылымды талап ететін талай ғұмырды артына қалдырды. Бүгінгі таңда, көп жүйелі, көп түрлі, көп салалы қуыршақ театры өнерді үйренуді, тануды, саралауды қажет ететін үлкен мектеп. Жаңашылдыққа жаны құмар сахнаның бұл саласы, жалпы өнерге жүктелер қоғамдық салмақты тең тұрғыда көтеріп келе жатқандығы әлдеқашан дәлелденген. Қуыршақ ұғымының өзі бүгін ойлап табылған сөз емес екендігі айқын.
Республикамыздағы тұңғыш қуыршақ театры – Мемлекеттік қуыршақ театры да ғасырға жуық осы бір сезімтал өнер түрін дамыту жолында үздіксіз еңбек етіп келеді. Мемлекеттік қуыршақ театры – республика тарихындағы тұңғыш қуыршақ театры. Қазақ жерінде өткен ғасырдың басында пайда болған қарашаңырақ бірнеше буын жастарды тәрбиелеп, балдырғандардың жан-жақты азамат болып қалыптасуына өз үлесін қосып келеді. Өзінің 84-ші маусымында балаларға арналған «Сағыныш шөбі» (авт.: Р.Отарбаев, реж.: Р.Жаныаманов), «Арман әлемі» (реж.: Н.Көшербаев), «Батылдар уақыты» (реж.: А.Зайцев) сынды сантүрлі оқиғаларды сахналайтын, бірі балалардың логикалық ойлау қабілетін арттырса, енді бірі адалдық пен қайырымдылыққа үндейтін қойылымдар көрермен назарына ұсынылып, көпшіліктің зор қошеметіне бөленіп келеді. Қуыршақ өнерінің сан қырлылығы мен ерекшелігін көрсету жолында тынбай еңбектеніп келе жатқан ұжым әлемдік қуыршақ өнеріне қазақ қуыршақ өнерінің мүмкіндіктерін таныстыру үшін жұмыстар жасауда.
Әсіресе, театр ұжымының Халықаралық қуыршақтар театры күніне орай екінші жыл наурыз айларында «Қуыршақтар шақырады!» атты театрішілік фестивалін өткізіп келе жатқандығы ерекше атауға тұрарлық. Биылғы жылы Халықаралық дәрежеде өткізілуі жоспарланып отырған аталмыш фестиваль тек театрдың ғана емес, ұлт мәдениетінің жан-жақты дамуына зор ықпал етуде. Ересектерге арналған спектакльдер қоюмен ерекшеленіп жүрген өнер ордасы жаңа маусымда көрермендеріне кезекті тағылымды дүниесін ұсынбақшы. Ағымдағы жылда театр ұжымы мерейлі 85-ші маусымында ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай Абай Құнанбаевтың қара сөздеріне негізделген «АБАЙ» (реж.: А.Зайцев) қойылымын көрермен назарына ұсынбақ. Қазақтың ақыны, философ Абай Құнанбаевтың бейнесі алғаш рет қуыршақ бейнесінде сахналанбақ. Негізгі мақсат – дана Абайдың тағылымын жастардың санасына сіңіру, ұлы тұлғаның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу. Мұнда әр оқиға мен кейіпкерді символика арқылы жеткізеді. Режиссер театрда тек бір ұлттың мәселесін ғана көтерумен шектеліп қалып, жалпыадамзатқа ортақ мәселені қарастыра алмаса, құлдырауға алып келетінін жақсы түсінеді. Сондықтан, бұл қойылымда тек Абай бейнесі мен болмысы ғана емес, білімге, көкірегі ояу халыққа айналу үшін қажетті ұғымдарды біріктіре отырып, жалпыадамзаттық мәселені көтереді. Жаңа бағытқа қадам жасап келе жатқан қадірлі қуыршақ театрының көрермендерін 85-ші театр маусымының ашылуында асыға күтеміз!
"QAMSHY.KZ" ПОРТАЛЫНАН
Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!