Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Еркебұлан ҚАБДЫЛ: Қуыршақ театры – бүлдіршіндердің дүниетанымын кеңейтудің басты құралы

3 Қазан 2019

Бүгінде жас режиссерлар толқыны театр өнерінде жаңа дүниелерді жиі ұсынып, көрермендерін қуантып келеді. Солардың бірі, жақын күндері Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрында балаларға арналған спектакльдің премьерасын өткізетін жас режиссер Еркебұлан Қабдылмен театр режиссурасы және қазақ өнеріндегі кейбір мәселелер жөнінде сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Қайырлы күн, Еркебұлан мырза. Алғашқы сауалымыз әдеттегідей, өнерге деген қызығушылығыңыз бен сізді соқпақты жолға әкелген нендей күш деген сұрақ болмақ...
– Қайырлы күн! Бала күнімнен өнерге деген   қызығушылығым болды. Ұйымдастырушылық   қабілетім мектеп кездерінде байқалатын. Барлық іс-   шаралардың басы-қасында жүріп,   ұйымдастыратынмын. Бірақ, оның режиссураның   бастамасы екенін ол кезде түсінген де жоқ   болатынбыз. Мектеп бітірген соң туризм саласына   оқуға тапсырып, білім алып жүргеніммен бойымда   да, ойымда да өнер болды. Сонан соң, бірінші   курсты  аяқтап, бірден театр режиссурасына   тапсырып, оқуымды өнер жолында жалғастырдым.   Міне, қазір осы салада қызмет етіп жүрмін.

– Міне, тәуекел! Өнер – оңай жол емес. Осы саладағы ұстаздарыңыз, бағыт-бағдар берген жанашырларыңыз кім болды?

– 2010 жылы Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясына Ж.Хаджиев шеберханасына қабылдандым. Театр тарихы, теориясы бойынша С.Қабдиева, М.Жақсылықова сынды ұстаздарымыз да көп білім беріп, көкжиегімізді кеңейтті. Ұстазым Ж.Хаджиев та жан-жақты қалыптасуымызға ықпал етті. Сол арқылы ақырын өз жолымызды іздей бастадық.

– "Драма театр режиссері" мамандығын бітірдіңіз. Бірақ, бүгінде Мемлекеттік қуыршақ театрының режиссерісіз. Балалар театрына жолыңыз қалай түсті?

– Иә, барлық режиссер бір сарында ойлануы, жұмыс жасауы мүмкін емес. Режиссура мамандығында оқығандардың барлығы бірдей бағытта жұмыс жасамайды. Ол заңды да. Студент кезімде қуыршақ театрында өтетін түрлі фестивальдер мен премьераларға келіп, қуыршақ өнерінің қыр-сырына қызыға түстім. Бұл театрға дейін екі облыстық театрда режиссер ретінде қызмет атқардым. Бірақ, түпкі санамда балаларға бір тәрбиелік мәні бар дүниені сахналасам деген ой жүрді. Драмадан гөрі қуыршақ театрының қызықтыруы басым болды. Содан осы театрға келдім және бұл театр мені одан әрі баурай түсіп, жаңа дүниелер жасауға деген ниетімді оятты. Бүгінде қуыршақ театры бағыт-бағдары айқын кәсіби жоғарғы деңгейдегеі театрлардың қатарында.

– Жақында жаңа премьера. Балаларға базарлық ұсынбақшы екенсіз. Қойылым жайында аз-кем әңгімелеп берсеңіз?

– Бұл пьеса татар жазушысы әрі драматург Т.Минилуннің шығармасы. ТМД мемлекеттерінің біразында сахналанған туынды.  Ал, біздің елімізде екінші рет ғана сахналанғалы отыр. Негізгі айтар ойы терең. Отанды сүю, туған жердің қадірін білу, бағалау деген ойларды балаларға жеткізуге тырыссақ деп ойлап отырмын. Шығармадағы кейбір ауыр ойларды балаларға ұғынықты етіп, режиссерлік көзқараспен өзгертуге тырыстым.
– Түсінікті. Қуыршақ театрының қоғамдағы ролі жайында сөз қозғайықшы? 

– Қоғам балалардан басталады. Балалар тікелей кейіпкерлердің әрекеті арқылы театрда көп нәрсені түсініп шыға алады. Жай ғана мысал, театр репертуарындағы "Қызыл телпек" қойылымындағы қасқырдың іс-әрекеті дұрыс емес екенін біледі. Олай жасауға болмайтынын, қайталамау керектігін түсінеді. Міне, балалар өздерінің тікелей көріп, қатысып отырған спектакльдерінен тек жақсы әсер алып қана қоймай, болашақта қалыптасуына да ықпалын тигізеді. Сондықтан, қуыршақ театрының қоғамдағы ролі өте зор деп ойлаймын. Теледидар, ұялы телефоннан көретін дүниелерден гөрі әлдеқайда шынайылық басым әрі дүниетанымына тигізетін жағымды әсері мол спектекльлдер сахналады.

– Болашақта қандай тақырыпта спектакльдер сахналағыңыз келеді?

– Қазақ халқының классикалық ертегілерін сахналау ойымда жүр. Әсіресе, ұлттық құндылықтарымызға айналған ауыз әдебиетіндегі қаншама жақсы дүниелерді сахнаға шығарып, қазақ ертегілерін көрермендер назарына ұсынсақ. Мәселен, "Ер Төстік", "Ұр тоқпағым, ұр" секілді ел аузында ескіден келе жатқан туындыларды сахналап, классиканы дәріптегім келеді. Көбіне аударма шығармалардың орынын басатындай ертегіге бай халқымыздың кейіпкерлерін сахналау ойда.
– Бүгінгі қазақ драматургиясындағы балаларға арналған пьесалар қаншалықты қанағаттандырады және қызықтырады?

– Осы "Ауыл иті Ақбай" спектаклін дайындау алдында көп ізденген болатынмын. Әрине, қазақ драматургиясын да қарадым. Бірақ, көбіне драматургия заңдылықтарына бағынбайтын шығармалар болды. Айтар ойы, менің көзқарасыммен сәйкес келетіндерін кездестірмедім. Сондықтан, аталмыш шығармаға ден қойдым. Балаларға арналған шығармалар өте аз. Аздың өзінің сапасы көңіл қуантарлық деп айта алмаймын. Сондықтан ертегілердің сахналық нұсқасын жасап сахналау туралы ойлап жүрмін.

– Жақсы. Негізі не нәрсені болмасын балаларға түсіндіру өте қиын. Заманауи театр балалардың қызығушылықтарын арттырудың қандай жолын таба алады?

– Жалпы театр балаларға түсінікті қойылымдар саханалау керек. Ол бұрынғы театрлар болсын, заманауи театрлар болсын миссиясы әлі өзгерген жоқ. Ең бастысы балаларды сендіре білу керек. Сонда оларға болып жатқан оқиғаларды өз ойында саралауына ықпал етіп, жақсы бағытқа жетелей аламыз. – Шығармашылығыңызды тек театр режиссурасымен байланыстырасыз ба, әлде кино саласында да көруіміз мүмкін бе?

– Дәл қазір өзімді тек театрға арнап жүрмін. Бірақ, болашақтың қай бағытқа бұрып жіберетінін білмеймін. Егер бұйыртып жатса, кино саласында да көрінуім мүмкін.

– Бүгінгі қазақ театр өнерінің деңгейі жайында не айтасыз?

– Қазақ театр өнері әлем елдерімен салыстырғанда кенже пайда болған өнер түрі. Соған қарамастан деңгейі жоғары деп айтар едім. Көптеген шетелдік театр фестивальдерінде өнер көрсетіп, жүлдегер атанып жүруіміз осының айқын бір дәлелі.

– Жас буын режиссерлар қатарындасыз. Замандас әріптестеріңіздің арасынан кімнің жұмыстарын жоғары бағалайсыз және еңбектерімен қаншалықты таныссыз?

– Театрымыздағы жас режиссер Антон Зайцевті өте ізденімпаз режиссерлардың қатарына қосар едім. Жұмыстарымен де жақсы таныспын. Бірнеше театр фестивальдерінен жеңіспен оралып жатыр. Сонымен қатар, Фархат Молдағали сахналаған спектакльдерді де жақсы бағалаймын. Жанат Хаджиев шеберханасынан бірге бітірген Ә.Ақанов атты әріптесім де облыстық театрда жаңа дүниелерді сахналап, еңбектеніп жүр.

– Педагогика саласы жайлы ой қылаң береді ме? Ұстаз ретінде қазір болмаса да, кейінірек шәкірт тәрбиелеу ойыңызда бар ма?

– Негізі ұстаз болу кез келгеннің қолынан келетін оңай дүние емес. Өз ісінің кәсіби шебері болғанымен, кейбір мамандар педагог ретінде қалыптаса алмайды. Болашақта өзімді ұстаз ретінде көргім келеді. Оған қарым-қабілетім, икемім бар секілді. Себебі, балалармен жұмыс жасаған ұнайды.

– Сұқбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін рақмет. Сөз соңына нүктені өзіңіз қойып, жақында сахналанатын жаңа спектакль режиссері ретінде көрермендерді шақырсаңыз...

– Сізге де рақмет. Құрметті балалар және олардың ата-аналары! Сіздерді Мемлекеттік қуыршақ театрының жаңа 85-ші маусымының ашылуына және сол күні премьерасы өтетін "Ауыл иті Ақбай" қойылымына шақырамын. Жеті қазынаның бірі иттің оқиғасын негізге ала отырып, тәрбиелік мәні бар спектакль жасап шығаруға тырыстық. Келіңіздер, көріңіздер және бағасын беріңіздер. Асыға күтеміз!

Сұқбаттасқан,  Бейбіт АЗАМБЕКҚЫЗЫ


 

"QAMSHY.KZ" порталы