Татар мемлекеттік академиялық «Экият» қуыршақ театрының «Адәмнәр» спектаклі
Жанр: драма
Жас ерекшелігі: 18+
Ұзақтығы: 70 минут
Тілі: татар тілінде
Өтетін орны: Үлкен зал
Өтетін уақыты: 23-қазан, 12:00
Спектакльдің шығармашылық құрамы:
- Автор – Галимджан Ибрагимов
- Режиссер әрі инсценировка авторы – Ильгиз Зайниев
- Суретші – Сергей Рябинин
- Композитор – Эльмир Низамов
Спектакль туралы:
1921-1922 жылдар. Еділ бойы мен Орал өңірін алапат ашаршылық жайлап, тұтас ауылдар қырғынға ұшырап, өлім күнделікті тіршіліктің ажырамас бөлігіне айналған қасіретті кезең. Татар әдебиетінің көрнекті өкілі Ғалымжан Ибраһимовтың шығармасы негізінде сахналанған «Адәмнәр» спектаклі аштықты адам өмірін жалмаған нәубет қана емес, оның жан дүниесін күйретіп, адамдық болмысын өзгертетін алапат күш ретінде бейнелейді.
Бір отбасының тағдыры арқылы өрбитін қойылым ашаршылықтың адам бойындағы ар-ұятты, мейірім мен адамгершілік қасиеттерді қалай біртіндеп жойып жіберетінін суреттейді. Қуыршақ театрының сахнасында бұл трагедия терең символдық мәнге ие болады: бойындағы адамдық қасиетін жоғалтқан жан бірте-бірте сезімсіз, жансыз қуыршаққа айналғандай әсер қалдырады. Алайда қуыршаққа жан бітіру үшін оның артында қашанда тірі адам тұруы керек. Осы көркемдік қайшылық арқылы спектакль адам табиғаты, рухани азғындау және ең ауыр сынақ кезінде адам болып қалудың мәні туралы толғандырады.
Театр туралы:
Татар мемлекеттік академиялық «Әкият» қуыршақ театры – Ресейдің Татарстан Республикасындағы Қазан қаласында орналасқан, бай тарихы мен өзіндік шығармашылық дәстүрі бар өнер ордасы. Театрдың негізі 1932 жылы қаланып, 1934 жылы мемлекеттік театр мәртебесіне ие болды. Татар және орыс тілдерінде спектакльдер ұсынатын ұжым ұлттық мәдени мұраны дәріптеп, әлем халықтарының ертегілері мен классикалық және заманауи әдебиет туындыларын сахналап келеді. 2012 жылы театр ертегілер әлеміндегі ғажайып сарайды еске түсіретін, арнайы салынған жаңа ғимаратқа көшті. Балалармен қатар ересек көрермендерге де арналған қойылымдар арқылы қуыршақ өнерінің көркемдік мүмкіндіктерін кеңейтіп келе жатқан театрға 2024 жылы сахна өнерін дамытудағы айрықша жетістіктері үшін «Академиялық» мәртебесі берілді.